Алаш көсемі тұғырда
Алаш көсемі тұғырда
235
оқылды

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында Ақсораң тауының ба­уырында ұлт-азаттық қозғалысы­ның көшбасында тұрып, Алашорда үкіметінің негізін салып, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, басын бәйгеге тіккен, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның ескерткіш-бюсті бой көтер­ді. Сонымен қатар Алаш кө­се­мінің 155, Қазақстан Тәуелсіз­ді­гінің 30 жылдығы аясында ұйым­дастырылған «Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан» атты ғы­лыми конференция өтті.

Өзге халықтарды ұлтсыздандыруға бағытталған кеңестік сұрқия саясат, тарихты қанша бұрмалап, санамыздан қанша өшіруге тырысса да, халықтың жады керемет. Өз арыстары мен алыптарын еш ұмытпайды. Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылғы аралықта біз оған талай куә болып, көз жеткізіп келеміз. Алаш қозға­лысы мен Алашорда тақырыбында мың­даған ғылыми еңбек жарық көрді. Сол еңбектердің дені Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханды тануға арналған. 25 қыркүйек күні Әлекеңнің туған жері Шабанбай би ауылында тағы бір ескерткіш-бюст ашылды. Бұған дейін Ақтоғай ауданының орталығында Әлихан Бөкейхан есімімен аталатын мектеп ал­дында Әлекеңнің тамаша мүсіні орын теп­кен болатын. Жалпы, Қазақстан бо­йын­ша Алаштың үш арысы Әлихан Бө­кейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбайға арналып тұңғыш ескерткіш-монументте Ақтоғай топырағында бой көтерген. Әле­кеңнің екінші ескерткіш-бюстін Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылының 1973 жы­лы туған мектеп түлектері өз қаража­тына орнатқан екен. (Бюст авторы – белгілі суретші, мүсінші Бейбіт Мұстафин). Шынын айту керек, үлкен қаражатты қажет ететін мұндай үлкен іске қалталы деген азаматтардың өзі бара қоймайтыны белгілі. Жалпы, Шабанбай би ауылы ын­ты­мақты ту еткен, телі-тентектен ада, адам­дары қонақжай, кең қолтық, жара­тылыстары бөлек ауыл. Ана бір жылы елі­міздің бас басылымы «Егемен Қазақ­стан» газетінің 90 жылдығы қарсаңында да ел аралап шыққан ұжымын Жалғасбай Шамбеков есімді азамат ақ пейіл, ақ дастарқанын жайып қарсы алып, ат мінгізіп жіберген мәрттігін білеміз. Белгілі кәсіпкер Азамат Төребеков те жыл сайын ауылдың үлкендеріне құрметтің жөн-жоралғысын жасап, алғыс арқалап жүр. Шабанбай би ауылындағы ұлт көсеміне арналған ескерткіш-мүсіннің ресми ашы­луына Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Балқаш қалаларынан есімдері елімізге танымал бір топ ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Аруаққа бағыштап, ауыл имамы Айдаржан Балтабайұлы Құран хатым түсірді. Белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов арнау айтып, елімізге белгілі әлихантанушылар Тұрсын Жұртбай, Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Парламент мәжілі­сінің депутаты, ақын Қазбек Иса және аудан әкімі Салтанат Әбеуовалар ескерт­кіш-мүсіннің лентасын қиды. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің: «Туған жерге туыңды тік» дегендей ауыл азаматтарының Ала­ш­орда көсемінің ескерткіш бюстін туған жеріне, өздері оқыған мектебіне орнатуы тағылымы мол, ұрпаққа үлгі боларлық үлкен еңбек» деп ауыл азаматтарының игілікті ісіне ризашылығын білдірген құттықтау хатын оқып берді. Бекзат Алтынбеков облыстық мәсли­хат­тың хатшысы Серік Өтешевтің құттық­тауын жеткізді. Сондай-ақ салтанатты шара барысында ҚР Президентінің көмекшісі Е.Қариннің, ҚарУ-дің ректоры Н.Дулатбеков мырзалардың да құттықтау хаттары оқылып, аты аңызға айналған «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздары жергілікті әнші-сазгерлер А.Жұмаш, Д.Әркенов­тердің туған жерге арнаған әндерін шыр­қап, мәртебелі меймандар мен жергілікті жамағатты бір желпіндіріп тастады. Одан әрі ауылдық клуб үйінде Алаш көсемінің 155, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан» атты ғылыми конференция өтті. Мазмұны зор, тағылымы мол конфе­рен­цияны Қарағанды индустриялық уни­верситетінің аға оқытушысы, философия ғылымының докторы Жәния Қапашева жүргізді. Конференция шеңберінде ҚР мәдениет қайраткері, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Қ.Садуақасов, жазушы, белгілі алаштанушы Т.Жұртбай, филолог ғалым, академик Ж.Смағұлов, облыстық мәслихат депутаты, «Білім меценаты» Б.Алтынбеков, Saryarqa aqparat ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Қ.Ахметов, «Азаттық» радиосының тілшісі Асылхан Мамаш, Еуразия университетінің жас ғалымдары С.Жұмағұлов, Қ.Кемеңгер (Алашорда үкіметін құруға зор үлес қосқан белгілі қайраткер Көшке Кемеңгердің ұрпағы) Әлекеңнің тұлғалық сипатын, қайраткерлік қырын жан-жақты ашып, баяндама жасап, сөз сөйледі. Конференция барысында «Әлихан – Алаш Ақсораңы» жинағының тұсауын Жандос Қожахметов пен Әлихан Қабылсаятұлы кесті. Онда ғалымдар мен алаштанушылардың мақа­лалары топтастырылған. Іс-шара қонақ­тарының қатарында Парламент Мәжі­лі­сінің бөлім меңгерушісі Марат Әділбаев, белгілі қоғам белсендісі Майра Әбдірах­манова, белгілі ғалым Азат Бабашев, ақын Бақытжан Әріновпен Ақтоғайдың тағы бір аяулы перзенті Ернат Қашқыновтардың болуы шараның мән-маңызын артыра түскендей болды. Сұлтан-Хан Аққұлұлы мен «Ақжол» партиясы Қарағанды филиа­лының жетекшісі Ермек Әбілдин ҚР мәдениет қайраткері Қ.Садуақасовты, Шабанбай би ауылы мектебінің 1973 жылы туған түлектерінің сынып жетекшісі Б.Сатыбалдинді, Бөкейхановтар әулетінің ұрпағы, аудандық жануарлар әлемі және орман шаруашылығы мекемесінің бас­тығы Қ.Ғалихановты, Е.Бегетаевты, аудан әкімі С.Әбеуованы, аудан әкімінің орын­басары А.Аманжоловтарды «Алаш қоз­ғалысының 100 жылдығы» төсбелгісі­мен марапаттады. Өз кезегінде аудан әкімі С.Әбеуова азаматтық танытып, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш-бюст қоюға үлестерін қосқан ауылдың 1973 жылы туған мектеп түлектеріне Құрмет грамо­тасы мен Алғысхаттар тапсырды. Мектеп оқушылары Әлихан Бөкейханның қанатты сөздерін жатқа айтып, бейне сұрақтарға жауап берді. Шараны ұйымдастырушылар алыстан арнайы ат арылтып келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына арнайы ас беріп, сый-сияпаттар жасады. Ұлт көсемін ұлықтауға арналған шара Шабанбай би ауылының ақсақалы Жұма­ғали Ахметов пен Ақтоғайдың және бір абызы Қайырбек Садуақасовтардың берген ақ баталарымен қорытындыланды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы