Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында Ақсораң тауының бауырында ұлт-азаттық қозғалысының көшбасында тұрып, Алашорда үкіметінің негізін салып, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, басын бәйгеге тіккен, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның ескерткіш-бюсті бой көтерді. Сонымен қатар Алаш көсемінің 155, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан» атты ғылыми конференция өтті.
Өзге халықтарды ұлтсыздандыруға бағытталған кеңестік сұрқия саясат, тарихты қанша бұрмалап, санамыздан қанша өшіруге тырысса да, халықтың жады керемет. Өз арыстары мен алыптарын еш ұмытпайды. Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылғы аралықта біз оған талай куә болып, көз жеткізіп келеміз. Алаш қозғалысы мен Алашорда тақырыбында мыңдаған ғылыми еңбек жарық көрді. Сол еңбектердің дені Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханды тануға арналған. 25 қыркүйек күні Әлекеңнің туған жері Шабанбай би ауылында тағы бір ескерткіш-бюст ашылды. Бұған дейін Ақтоғай ауданының орталығында Әлихан Бөкейхан есімімен аталатын мектеп алдында Әлекеңнің тамаша мүсіні орын тепкен болатын. Жалпы, Қазақстан бойынша Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбайға арналып тұңғыш ескерткіш-монументте Ақтоғай топырағында бой көтерген. Әлекеңнің екінші ескерткіш-бюстін Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылының 1973 жылы туған мектеп түлектері өз қаражатына орнатқан екен. (Бюст авторы – белгілі суретші, мүсінші Бейбіт Мұстафин). Шынын айту керек, үлкен қаражатты қажет ететін мұндай үлкен іске қалталы деген азаматтардың өзі бара қоймайтыны белгілі. Жалпы, Шабанбай би ауылы ынтымақты ту еткен, телі-тентектен ада, адамдары қонақжай, кең қолтық, жаратылыстары бөлек ауыл. Ана бір жылы еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығы қарсаңында да ел аралап шыққан ұжымын Жалғасбай Шамбеков есімді азамат ақ пейіл, ақ дастарқанын жайып қарсы алып, ат мінгізіп жіберген мәрттігін білеміз. Белгілі кәсіпкер Азамат Төребеков те жыл сайын ауылдың үлкендеріне құрметтің жөн-жоралғысын жасап, алғыс арқалап жүр. Шабанбай би ауылындағы ұлт көсеміне арналған ескерткіш-мүсіннің ресми ашылуына Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Балқаш қалаларынан есімдері елімізге танымал бір топ ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Аруаққа бағыштап, ауыл имамы Айдаржан Балтабайұлы Құран хатым түсірді. Белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов арнау айтып, елімізге белгілі әлихантанушылар Тұрсын Жұртбай, Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Парламент мәжілісінің депутаты, ақын Қазбек Иса және аудан әкімі Салтанат Әбеуовалар ескерткіш-мүсіннің лентасын қиды. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің: «Туған жерге туыңды тік» дегендей ауыл азаматтарының Алашорда көсемінің ескерткіш бюстін туған жеріне, өздері оқыған мектебіне орнатуы тағылымы мол, ұрпаққа үлгі боларлық үлкен еңбек» деп ауыл азаматтарының игілікті ісіне ризашылығын білдірген құттықтау хатын оқып берді. Бекзат Алтынбеков облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешевтің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ салтанатты шара барысында ҚР Президентінің көмекшісі Е.Қариннің, ҚарУ-дің ректоры Н.Дулатбеков мырзалардың да құттықтау хаттары оқылып, аты аңызға айналған «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздары жергілікті әнші-сазгерлер А.Жұмаш, Д.Әркеновтердің туған жерге арнаған әндерін шырқап, мәртебелі меймандар мен жергілікті жамағатты бір желпіндіріп тастады. Одан әрі ауылдық клуб үйінде Алаш көсемінің 155, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан» атты ғылыми конференция өтті. Мазмұны зор, тағылымы мол конференцияны Қарағанды индустриялық университетінің аға оқытушысы, философия ғылымының докторы Жәния Қапашева жүргізді. Конференция шеңберінде ҚР мәдениет қайраткері, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Қ.Садуақасов, жазушы, белгілі алаштанушы Т.Жұртбай, филолог ғалым, академик Ж.Смағұлов, облыстық мәслихат депутаты, «Білім меценаты» Б.Алтынбеков, Saryarqa aqparat ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Қ.Ахметов, «Азаттық» радиосының тілшісі Асылхан Мамаш, Еуразия университетінің жас ғалымдары С.Жұмағұлов, Қ.Кемеңгер (Алашорда үкіметін құруға зор үлес қосқан белгілі қайраткер Көшке Кемеңгердің ұрпағы) Әлекеңнің тұлғалық сипатын, қайраткерлік қырын жан-жақты ашып, баяндама жасап, сөз сөйледі. Конференция барысында «Әлихан – Алаш Ақсораңы» жинағының тұсауын Жандос Қожахметов пен Әлихан Қабылсаятұлы кесті. Онда ғалымдар мен алаштанушылардың мақалалары топтастырылған. Іс-шара қонақтарының қатарында Парламент Мәжілісінің бөлім меңгерушісі Марат Әділбаев, белгілі қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова, белгілі ғалым Азат Бабашев, ақын Бақытжан Әріновпен Ақтоғайдың тағы бір аяулы перзенті Ернат Қашқыновтардың болуы шараның мән-маңызын артыра түскендей болды. Сұлтан-Хан Аққұлұлы мен «Ақжол» партиясы Қарағанды филиалының жетекшісі Ермек Әбілдин ҚР мәдениет қайраткері Қ.Садуақасовты, Шабанбай би ауылы мектебінің 1973 жылы туған түлектерінің сынып жетекшісі Б.Сатыбалдинді, Бөкейхановтар әулетінің ұрпағы, аудандық жануарлар әлемі және орман шаруашылығы мекемесінің бастығы Қ.Ғалихановты, Е.Бегетаевты, аудан әкімі С.Әбеуованы, аудан әкімінің орынбасары А.Аманжоловтарды «Алаш қозғалысының 100 жылдығы» төсбелгісімен марапаттады. Өз кезегінде аудан әкімі С.Әбеуова азаматтық танытып, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш-бюст қоюға үлестерін қосқан ауылдың 1973 жылы туған мектеп түлектеріне Құрмет грамотасы мен Алғысхаттар тапсырды. Мектеп оқушылары Әлихан Бөкейханның қанатты сөздерін жатқа айтып, бейне сұрақтарға жауап берді. Шараны ұйымдастырушылар алыстан арнайы ат арылтып келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына арнайы ас беріп, сый-сияпаттар жасады. Ұлт көсемін ұлықтауға арналған шара Шабанбай би ауылының ақсақалы Жұмағали Ахметов пен Ақтоғайдың және бір абызы Қайырбек Садуақасовтардың берген ақ баталарымен қорытындыланды.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы