– Рио Олимпиадасының күміс медалін еншілеген, қазақ қыздарының арасында тұңғыш жүлдегер атанған Жазира Жаппарқұл қазір қайда жүр? – Бірі білер, бірі білмес, үлкен спорттан 2019 жылғы мамыр айында кеттім. Оған белімнен алған жарақат себеп болды. Анығын айтқанда, 2016 жылы Рио Олимпиадасының алдында жарақатым сыр бере бастады. Яғни, белімдегі «грыжа» еркін жаттығуыма кедергі келтірді. Соған қарамастан төртжылдықтың басты додасына дайындығымды жалғастыра бердім. Салдарынан аяққа көп күш түсіріп алдым. Ең өкініштісі, Ауыр атлетика федерациясының тарапынан емделуге ешқандай жағдай жасалмады. Сондықтан жарақаттан тезірек айығып кете алмадым. Сол жылы мен Олимпиадаға аттандым. Күміс жүлдегер атандым. Бразилиядан келгеннен кейін үш-төрт ай көлемінде сый-құрметке бөлендім. Елбасымен кездесіп, ол кісінің қолынан «Парасат» орденін алдым. Арқадан үлкен жүк түсіп, елге жүлделі оралғаннан кейін қайтадан жарақатымды емдеуге кірістім. Сол уақытта федерациядағылардан, облыстық Спорт басқармасынан жәрдем сұрадым. Өтінішіме ешкім құлақ аспаған соң, кейін тағы да қалтамнан ақша шығарып, емделу керек болды. 2019 жылы мамыр айында федерациядағылар мені құрама сапынан шығарып, айлығымды тоқтату үшін арнайы хат жіберді. Негізі басшылық мұндай хабарларды бір ай бұрын айтып, ескертулері керек. Бірақ олар олай жасамады. Мені құрамадан жаттығу базасынан жиі кетіп қалатынымды айтып аластатты. Мен ол жақтан бостан-босқа кеткен жоқпын. Жарақатым сыр берген соң емделу үшін бірер күнге сұранатынмын. Бірақ олар маған түсіністікпен қарамады. Керісінше, «базадан қашып кетті» деген сылтаумен құрамадан шеттетті. Менің спорттан бұлайша кеткім келмеді. Бірақ сондай шешім қабылдауға мәжбүр болдым. Сол уақыттарда мен үлкен күйзелісті бастан кештім. Ата-анам жұбатып, аяққа тұрып кетуіме себепші болды. Кейін спорттан кеткенімді анық сезінген соң, жұмыс іздей бастадым. Басшылықтан бірнеше рет қызмет сұрадым. Жарытып жұмыс та таба алмадым. Осы ретте айта кетейін, мен құрамада жүрген кезде ауыр атлеттерге ешқандай жағдай жасалмады. Сборда жаттығу кезінде бір жерімізді жарақаттап алсақ жалғыз массажист қана көмекке келетін. Қан қысымын тексеретін де, витамині бар дәруменімізді беретін де, психологіміз де сол кісі болды. Басшылықтан спортшыларға лайықты деңгейде жағдай жасауын сұрайтынбыз. Оған да құлақ аспады. Ал жарақат алсаң ешкімге керексіз болып қаласың. Осылардың барлығы менің үлкен спорттан кетуіме себепкер болды. Өздері де кетуге мәжбүрледі. Одан бері бастан түрлі қиындық өтті. Қайсыбірін айтайын. Аллаға шүкір, қазан айынан бастап Шымкент қаласындағы ауыр атлетика мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналастым. Әзірге қуанышты жаңалығым – осы. – Құтты қызмет болғай! Жуырда белгілі ауыр атлет Альберт Линдердің қазасынан соң ауыр атлетикадағы бірқатар былықтың беті ашылып жатыр. Көптеген зілтеміршілер басшылықтағыларға наразылықтарын білдіруде. Жалпы, Линдердің қазасына қатысты, құрамадағы былық туралы не айтасыз? – Құрамадағы үздік ауыр атлеттердің бірі Альберт Линдерді жоғалтып алғанымыз өкінішті. Альберт көп қиындықты басынан өткерді. Қажет кезде оған ешкім қолдау көрсетпеді. Оқу-жаттығу уақытында ауыр атлеттердің айлығын алып қойған сәттер көп болған. Жиі қысым көрсетілген. Тіпті, кейбір зілтеміршілер таяқ жеген. Ол туралы кейін Линдермен бірге жаттыққан спортшылардың өздері айтты. Осының бәрі ауыр атлеттерге психологиялық соққы болып тиері анық. Негізінде федерациядағы басшылықты, жаттықтырушылық құрамды да қайта жасақтаған жөн деп ойлаймын. Линдердің өлімі жабулы қазан күйінде қалар болса, мұндай жағдай алдағы уақытта тағы да қайталануы мүмкін. Сондықтан бұл іске бейжай қарамаған дұрыс. – Құрамада атлеттерге қысым көрсетіледі деп отырсыз. Спортшылардың жеке өміріне қатысты шектеу қойыла ма? – Жоқ, спортшының жеке басына қатысты шектеу жоқ. Егер олай жасайтын болса, ауыр атлетикада ешкім қалмайтын еді. Ауыр атлеттер бір жыл сайын келісімшарт жасасып отырады. Келісімшартта да адамның жеке басына қатысты ешқандай шектеу болмайды. – 2016 жылы сізбен бірге жаттыққан атлеттер қазір қайда? Айталық, Анна Нұрмахамбетова. – Ол кездегі спортшылардың көпшілігі спорттан кетіп қалды. Танымалдарынан Карина Горичева ғана жүр. Ал Анна қазір басқа салада нәпақасын тауып жүр. Жалпы, федерациядағылар ауыр атлетикаға еңбегі сіңген, 5-10 жылдай спортпен айналысқан атлеттерді жаттықтырушылыққа шақырса дейсің. Өйткені олар осы спорт түрінен түрлі қиындықтан өткен, еңбегі сіңген адамдар. Жастарды тәрбиелеуде көп көмегі тиер еді. Бірақ бізде олай емес. Спорттан кеткен соң көпшілігі елеусіз қалып қояды. Мысалы, қазір кезіндегі болашағынан зор үміт күттірген атлеттер фитнес залдарда жаттықтырушы болып жүр. Мысалы, өмірін спортқа арнаған ауыр атлет Татьяна Хромова ешқандай жерде қызметте емес. Ол кісі туралы сұрастырып білгенімде, оның спорттық дәрумендерді сатып жүргенін естідім. Міне, біздегі белгілі спортшылардың жағдайы осындай күйге түскен. – Бір сұхбатыңызда ауыр атлетика және басқа да спорт үйірмелерін ашқым келеді депсіз. Сол ойыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба? – Қазір осы жұмыстарды ақырындап қолға алып жатырмын. Ол үшін алдымен үлкен қаражат керек. Өйткені жаттығуға арналған жабдықтар арзан емес. Ал оларсыз жаттығу жасай алмайсың. Сондықтан біртіндеп іске асыруға кірісіп кеттім. Алдымен мектептерде түрлі үйірме ашу ісін қола алдым. Үйірмелерге пауэрли́фтинг, армрестлинг секілді спорт түрлерін енгізудемін. 2021 жылдың басында федерацияға хат жолдадым. Онда спорттық үйірмелер ашып жатқанымды айтып, жабдықтар сатып алуға ақшалай қолдау көрсетуін сұрадым. Федерациядан келесі жылы көмек көрсете аламыз деген жауап алдым. Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы әкімдігінің қолдауымен 129 мектепте спорттық үйірме ашуды жоспарлап отырмын. – Оң болсын дейміз. Сонда ендігі кезекте жаттықтырушылыққа бет бұрып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алмақшысыз ба? – Иә, алдағы мақсат-жоспарым – кейінгі өсіп келе жатқан жастарды спортқа баулу, оларға қолдау көрсету. Елімізде спортқа бейім небір талантты жастар бар. Соларға дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсете алсам, спорттағы ендігі жеңісім, жетістігім сол болмақ. – Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ