«Шығыс Ақпараттағы» шу: журналистер жалақысын неге алмай жүр?
«Шығыс Ақпараттағы» шу: журналистер жалақысын неге алмай жүр?
©Тілеубек Шаяхмет
481
оқылды

«Шығыс Ақпаратта» тағы да шу шықты. Тағы да деп отырғанымыз, соңғы жылдары облыстағы екі бірдей облыстық және бірнеше аудан­дық газеттердің, бір сайт, баспахана мен баспаның, SMM департаменттің басын біріктіріп отырған медиа­холдингтің басы даудан арылмай келеді. «Бітпейтін дау-дамай мен түсініксіз интригалардан шаршадық. Жыл сайын басшы ауысып, әбден берекеміз кетті», – дейді ашынған журналистер.

 «90-жылдарға бір-ақ секірдік»

Бұл жолы «Шығыс Ақпараттың» қыз­мет­керлері жалақының уақытылы берілмегеніне наразылық білдірді. «Шығыста журналистердің еңбекақы алмағанына үшінші айға кетті. Артқа, 90-жылдарға бір-ақ секірдік. Жыл сайын креслоталас, тақталас, бақталас интрига, тендер, ақшаның әңгімесі. 150 мыңның ар жақ, бер жағында сараң байдың садақасы сияқты жалақы алып, күн-түні аттан түс­пей шап­қылаған тілшілердің жағдайы қиын. Тамызда балаларын оқуға дайындай алмай қал­ған. Одан бері қыркүйек бітіп, қазан келді. Ал енді осыған кім кінәлі? Жауап бере­тін біреу бар ма?», – деп жазды медиахолдингке қарайтын «Алтайнюс» сайты­ның редакторы Дарын Нұрсапаров Facebook-тегі парақшасында. «Мәселенің мән-жайын өз аузынан естиік» деп «Шығыс Ақпарат» ЖШС басқарма төрағасы Ерлан Смағұловқа арнайы барып, пікірін тыңдадық. «Үш ай емес, тек тамыз айының жалақысының 30 пайызы төленбей тұрғаны рас. Басты себеп – облыстық Ішкі саясат басқармасы тарапынан жыл сайын жүйелі түрде берілетін мемлекеттік тапсырыстың уақытылы берілмегені. Олар Мемлекеттік сатып алу порталына байқауды тым кеш жариялайды. Бірінші жартыжылдыққа арналған байқауды мамыр айында өткізсе, екінші жартыжылдықтікін енді өткізгелі жатыр» деген басқарма төрағасы «Шығыс Ақпарат» мемлекеттік тапсырыс арқылы 2019 жылы 410, 2020 жылы 375, ал биыл тек 182 миллион теңге алғанын, мұның қызметкерлер­дің жалақысын төлеуге жетпейтінін жеткізді. Медиахолдинг қызметкерлері құрыл­тай­шылардың мемлекеттік тапсырысты соншалықты күрделендіріп отырғанын түсінбей дал. «Бұрын Ішкі саясат бас­қар­масы мемлекеттік тапсырыстың ақшасын бір жылға бір-ақ беретін еді. Қазір бірінші және екінші жартыжылдық деп екіге бөліп тастаған. Неге бұлай жасап отырғанын түсінбедік?», – дейді облыстық «Рудный Алтай» газетінің жауапты хатшысы Виктор Гуркин.
Ал тамыз айында бір айдың жалақысын екі рет бөліп алған медиахолдинг журналистері қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаулы. «Шығыстағы бір ғасырға жуық тарихы бар мекеме. Талай журналистер, қаламгерлер осы қабырғадан ұшып шыққан. Қайдағы бір тендер, қаржы, креслоталас секілді интригалардың кесірінен қызметкерлер аш отыр. Оған бас ауыртып отырған ешкім жоқ», – дейді медиахолдинг қызметкері Мәдина Қайнарова. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» дегеннің кері болды. Бұған біздің не қатысымыз бар?», – дейді облыстық «Дидар» газетінің журналисі Айна Бәкімбаева. «Жыртың-жыртың әбден мезі етті. Бәрінен бұрын Шығыс Қазақстан облысының  әкімі Даниал Ахметов бұл интригаларды, солардың кесірінен 200 қызметкер зардабын тартып отырғанын біле ме екен?», – дейді медиахолдингтің тағы бір қызметкері Назерке Сәлімбекқызы. «Еуропаның төрінде, Лондонда «Ұлы даланың алтыны» атты көрме өтіп жатыр. Ал мұнда жергілікті журналистер бір-бірінен ақша сұрап, қайыр тілеп жүр. Еее, бір кем дүние..», – деп жазыпты «Дидар» газетінің тағы бір қызметкері Мейрамтай Иманғали.
Жүз жылдан астам тарихы бар облыстық «Рудный Алтай» газетінің бас редакторы Ольга Шабалина: «Қазір ешқайсымызға оңай болып тұрған жоқ. Бәрінің отбасы бар, бәрінде несие бар. Бізге керегі не? Жалақының уақытында берілгені. Ең бастысы, ұжымдағы тұрақтылық, береке-бірлік. Біз шығармашылық адамдарымыз, журналистерміз. Басқа мәселеде шаруамыз жоқ», – деп өз пікірін білдірді.

«Облыстағы кадр саясатының мүлде сын көтермейтінінің тағы бір дәлелі»

 «Шығыс Ақпараттағы» жағдай өңірдегі журналистер мен зиялы қауым өкілдерін де алаңдатып отыр. «Жылда өткізілетін конкурс деген болады. Сол үнемі кеш өткізіледі. Бірінші жартыжылдықтікі мамыр айында өткізіліпті, екінші жарты­жылдыққа әлі өткізілмеген. Жылдың аяқ­талуына аз уақыт қалды. Сонда қаржы қайдан келеді? Нені күтеді? Мұның нақты бір берілетін уақыты болмай ма? Осының барлығына Ішкі саясат басқармасы жауапты ғой. Солар неге уақытында өткізбейді? Өзім «Дидар» газетінде жұмыс істегенде мұндай жағдайлар болмаушы еді. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – мекемедегі басшылардың жиі ауысуы. «Шығыс Ақпаратты» бұған дейін басқарған басшы­лардың бірі дәл осылай конкурс уақытында өткізілмей, ақша берілмеген соң жұмыстан кеткен дейді. Ішкі саясат басқармасы құрған бақылау кеңесі деген бар. Бұл кеңес медиахолдингтің бұған дейінгі басшысын тағайындағанда болған, келісімін берген. Бірақ ол басшы жұмыстан кетіп, қазіргі басшы келгенде бұл кеңес жоқ болып кетті. Ешкім пікірін сұраған жоқ. Қазіргі жағдайдың шиеленісуіне екі басшының арасындағы текетірес себеп болып отыр ма деп ойлаймын. Бірақ ұжымның не кінәсі бар? Мәселе болса басшылардың арасында өзара шешілуі керек. Жағдайдың бұлай шиеленіскені дұрыс емес», – дейді облыстық «Дидар» газетінің бұрынғы бас редакторы, бақылау кеңесінің мүшесі Айтмұхамбет Қасымов.
Облыстың идеология саласында бас­шы­лық қызмет атқарған, қоғам қайраткері, бақылау кеңесінің мүшесі Түсіпхан Түсіп­беков журналистер қызмет атқаратын мекемені тек журналистер ғана басқаруы керек деп санайды. «Бұл «Шығыс Ақпарат­қа» басшы құтаймағалы қашан!? Етікті етік­ші тігуі керегі сияқты, «Шығыс Ақпа­рат­қа» істің қыр-сырын білетін, осы салада тер төгіп жүрген азамат басшы болып келуі керек. Бүгінгі медиахолдингтегі жағдай облыстағы кадр саясатының мүлде сын көтермейтінінің тағы бір дәлелі деп білемін», – дейді ол. «Шығыс Ақпараттағы» жағдай әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Журналистика саласында жүрген медиаменеджерлердің кейбірі «Мемлекеттік тапсырыс журналистерді билікке тәуелді қылады. Мұның заманы өтті» деген пікірде. «БАҚ-тың міндеті – халыққа шынайы ақпарат беру, қоғамды шұғыл түрде шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Жергілікті биліктің бюджетімен шығатын басылымның немесе БАҚ-тың билік туралы шынайы ақпарат беретініне күмәніміз көп екені рас. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір ең үлкен мәселе – билікке халықтың сенімінің азайып кеткендігі. Дәл осы тұрғыдан қарағанда менің ойымша, үлкен ұжымды, бұқаралық ақпарат құралдарын тәуелді етіп қою, қаттырақ айтқанда, миға қонымсыз» деп пікірін білдіріпті белгілі тележурналист Бибігүл Жексенбай «Ulysmedia.kz» порталына. Белгілі журналист, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы БАҚ өкілдерін мемлекеттік тапсырысқа тәуелді ету сөз бостандығын, ой еркіндігін, пікір алуандығын шектейтіндігін айтады.   «Халықаралық тәжірибеде журналистерге мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржы бөлу деген мүлде жоқ. БАҚ-қа ықпал етуге тырысу, қысым жасау қылмыс саналады. Рас, кейбір елде ресми ақпараттар үшін шығынды мемлекеттік бюджеттен төлеу жолы қарастырылған. Түркияда ресми хабарландырулар жариялау үшін арнайы құрылған құрылым халықаралық және аймақтық БАҚ-қа қаржы бөледі. Бірақ ол редакцияның ішкі шаруасына, саясатына араласа алмайды. Мысалы, Түркия Әділет министрлігі заңды түрде тәркіленген бір ғимараттың сатылымға шығатынын хабарлайды. Қаржы бөлінген ақпарат құралдары осы ақпаратты халыққа жеткізеді, бітті. Хабарландыру берген ресми құрылым журналистерге басқа талап пен шарт қоя алмайды. Билікке, лоббистік топтарға, саяси партияларға тәуелді болмас үшін БАҚ медиаменеджментті дамытуы тиіс. Нарықтағы бос нишаны табу, тұрақты аудиторияны анықтау, клиенттердің (оқырмен мен тыңдарман, көрермен) сұранысын қанағаттандыру үшін жобалар ойлап тауып, оларды бизнеске, негізгі кіріс көзіне айналдырған жөн» дейді журналист.

ТҮЙІН:

Жоғарыда «Шығыс Ақпарат» басшы­сының, медиахолдинг қызметкерлерінің, өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің, медиа­менеджерлердің пікірін келтірдік. Ал сол «Шығыс Ақпаратқа» мемлекеттік тапсырыс аясында қаржы бөлетін Ішкі саясат басқар­масы қызметкерлерінің өзі не дейді? Олар бұл жағдайдан хабардар ма? Бұл сұрақ­тары­мызға облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Азамат Мұхамедчинов жауап берді. «Облыстың Ішкі саясат басқармасы 2021 жылы 9 шілдеде 89 миллион теңгеге мемлекеттік салып алуға конкурс жариялады. Оған екі мердігер («Шығыс Ақпарат», «Регион» баспа үйі) қатысты. Конкурс хаттамасының қорытын­ды­сына сәйкес атал­ған мемлекеттік сатып алу өткізілмеген болып шықты. 2021 жылы 18 тамызда «Регион» баспа үйі мердігері атынан уәкілетті органға мемлекеттік сатып алу конкурсы дұрыс өткізілмегені туралы шағым түсті. Тексеріс қорытындысы бойынша 2 қыркүйек күні уәкілетті орган – Ішкі саясат басқармасы аталған конкурсты заң талаптарына сәйкес өткізетіні туралы шешім шығарды. Аталған конкурстың құжаттары қайта дайындалып, 22 қыркүйекте мемлекеттік сатып алу қайта жарияланды. Өтінім­дерді қабылдау 4 қазан күні аяқталады», – дейді А.Мұхамедчинов. Алайда «Шығыс Ақпарат» ЖШС бас­қарма төрағасы Ерлан Смағұлов журналист Дарын Нұрсапардың Facebook-тегі парақ­шасына облыстың Ішкі саясат басқармасы шілде айында конкурс өткізгені, конкурстық комиссия мүшелері шешіміне сәйкес «Шығыс Ақпарат» ЖШС ұсынған құжаттар біліктілік талаптарына сәйкес келетінін айтып, пікір қалдырыпты. «Фотодан конкурс­тық комиссияның хаттамасын көруге болады. Конкурстық комиссия «Шығыс Ақпарат» ЖШС құжаттары талапқа сай деген шешім шығарған. Екінші қатысушы «Регион» баспа үйі» ЖШС-ның құжаттары талапқа сай болмаған», – деп жазады Е.Смағұлов. «Тартады аққу көкке, шортан кейін...» деп әйгілі мысалда айтылатындай, дәл қазір «Шығыс Ақпарат» қызметкерлерінің жалақы мәселесі әлі ашық күйінде қалып отыр. Ал журналистердің жалақы алмағанына үшінші айға кетіп барады...

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы