Жуырда әлеуметтік желілерде «Шымкентте есірткінің жарнамасы жарып тұр» деген ақпарат тарады. Шымкент қаласының тұрғыны, адвокат Евгений Яво қала көшелерінде «жоғары жалақы береміз, аптасына 300 мың табасың» деген жарнамаларды оқып, хабарласып көрген. Сонда жұмыс ұсынушы есірткі тасымалдаумен айналысатыны туралы ашық айтады. Белгіленген жерден бумаға оралған есірткіні алып, оны айтылған орындарға жеткізіп отыру керек екен. Есесіне жоғары көлемде табыс табатынын айтып, қызықтырып та қояды. Адвокат мұндай көлемдегі табысқа оң-солын танып үлгермеген, енді жетіліп келе жатқан жасөскіннің тез арбалып қалатынын айтып дабыл қақты. Себебі «Шымкентте мұндай жоғары жалақыны жастар жарты жылдап зорға табады», – деді ол.
Адвокаттың айтуынша, әлгі жарнамада берілетін ақша теңгемен емес, рубльмен көрсетілгені және телефон нөмірі шетелдік болғаны бірден күдік туғызған. Одан бөлек, табыс көзі де тіптен көп көрінген. Сондықтан әдейі сынамақ ниетпен хабарласыпты. Есесіне осындай күмәнді ақпаратқа кезіккен. Евгений Яво осындай жәйттерге жол беріп отырған құқық қорғаушылардың жұмысына наразы.Олар үйлерге, ғимараттарға белгі қояды
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев қазір синтетикалық есірткі заттарын жарнамалау мен интернет арқылы сату жағдайы алаңдаушылық туғызып отырғанын жасырмады. «Бүгінде қылмыскерлер есірткіні жарнамалап сатудың түрлі амалдарын қолданады. Оның ішінде, әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен интернет сайттарын кеңінен пайдаланады. Полиция тарапынан есірткі құралдары насихатталған 49 интернет сайттар мен каналдар, әлеуметтік желі парақшалары анықталды. Қазір оларды бұғаттау мақсатында мәліметтер Ішкі істер министрлігіне жолданды. Одан бөлек, есірткі сайттарын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына граффити-сурет салу арқылы жарнамалау деректері де кезігіп жатыр», – дейді полиция полковнигі. Бүгінде учаскелік полицейлер күн сайын өздерінің әкімшілік аумақтарында үйлер мен аула араларын қарап, граффити-суреттерді анықтап, жою жұмыстарын жүргізіп жатқан. Бұл жұмыстарға тәртіп сақшыларынан бөлек, қала әкімдігіне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен волонтерлық ұйым өкілдері жұмылдырылыпты. 8 айда 724 есірткі сайттары жарнамаланған мекенжайлар анықталған. Шымкент қаласында жыл басынан бері есірткіге қатысты 276 құқықбұзушылық табылған. Бұл дерек өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда бірнеше есеге көбейіпті. Былтыр есірткі бизнесіне қатысты 167 дерек тіркелген болатын. Арман Бейсенбаев құқықбұзушылықтың басым бөлігі есірткіні өткізу мақсатысыз пайдалану екенін айтады. Бұл жағдай бойынша былтыр 133 дерек анықталса, биыл оның саны 208-ге жеткен. «Республика көлемінде есірткіге қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау мақсатында «Дәрмек» және «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп тұрады. «Дәрмек» іс-шарасы құрамында есірткі заты бар дәрілерді рецептсіз сату деректерін анықтау мақсатында жүргізіліп, нәтижесінде есірткі заттарымен жұмыс істеу қағидаларын бұзудың 5 дерегі белгілі болды. Ал құрамында психотропты белсенділігі бар дәрілерді сатқан 10 дәріхана қызметкеріне заң аясында шара көру үшін жинақталған іс-құжаттар Шымкент қаласы Дәрілердің сапасын бақылап-қадағалау департаментіне жолданды. Сонымен қатар дәл қазір 1 маусымнан бері 30 қазанға дейін «Қарасора» профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Операция барысында есірткі өсірудің 14 дерегі тіркеліп, заңсыз айналымнан жалпы 265 келі «қарасора» есірткі өсімдігі тәркіленді», – дейді полиция полковнигі.Синтетикалық есірткі дерегі көбейген
Жалпы, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 342 келі 192 гр есірткі заттары тәркіленген. Оның басым бөлігі 265 келі болатын «қарасора» өсімдігі, былтыр дәл осы уақытта 6 келі «қарасора» тәркіленген екен. Сонымен бірге, биыл марихуана 74 келі 87 грамм табылса, өткен жылы 13 келі марихуана тәркіленген екен. Синтетикалық есірткі заттарының да биыл көлемі көбейіп тұр. Өткен жылы бар-жоғы 78,90 грамм табылған осынау есірткі заты биыл 2 келі 350 грамға көбейіп отыр. Осынау цифрлардан көріп тұрғанымыздай, биыл өңірімізде есірткі бизнесі шектен тыс көбейген бе, әлде тәртіп сақшылары жұмысын ширатқан ба, деген ой келеді екен. Әрине, бұл жағы бізге бұлыңғыр, дегенмен анықталған деректердің бір жылдың ішінде бірнеше есеге көбейгені күмән туғызатыны рас. Департамент берген мәліметтерге сүйенсек, есірткі бизнесі бойынша ең көп кезігетіні жоғарыда айтып өткендей есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз пайдалану болса, одан кейінгі орында 39 дерекпен есірткі саудасы қызып тұр. Сонымен қатар Шымкентте жыл басынан бері есірткі өсімдігін өсірген 14 дерек белгілі болса, заңсыз жарнамалап, насихаттаған 8 қылмыстық іс тіркелген. Жарнамалау бойынша өткен жылы бірде-бір дерек анықталмапты. Соған қарағанда ашық жарнамалау енді белең алып келе жатқанға ұқсайды. Демек, мұның ертерек алдын алмасақ, адвокат дабыл қағып отырғандай, жастарымызды оңай улап алуымыз мүмкін.Сотты болғандардың 80 пайызы – жастар
Адвокат жарнамаға сеніп есірткі тасығандарды ғана емес, оны кім және қандай көлемде әкеліп жатыр, осыған мән беріп, ұйымдастырушыларды құрықтау керек деп дабыл қағады. Еске сала кетейік, жыл басында Шымкентте бұрын-соңды болмаған сот процесі өтіп, елдің жағасын ұстатқан-ды. 17 жасқа қадам басқан қыз 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бойжеткен дәл осындай әлеуметтік желі арқылы тапқан жұмысы есірткі тасымалы үшін сотталды. Ол тауарды жұмыс беруші қалдырған орыннан алып, тағы бір жерге тығып кететін. Ал тапсырыс беруші белгі бойынша алып кетеді. Қолма-қол жасалмайтын, оңай жұмыс үшін үш күнде 50 мың теңге тауып, оңай олжаға батып қалған қыз жұмысқа белсене кіріседі. Кейін біртіндеп тауарды таразымен өлшеп, бөлшектеп тиісті орынға қалдыруды дағдыға айналдырды. Қалтасы қомпиып көлік аламын деп отырғанда ол құқық қорғаушылардың құрығына ілінді. Мұндай қылмыстың жазасы 10 жылдан 15 жылға дейін екенін естіген бойжеткен қатты өкініп, полицейлерге жұмыс берушіні ұстап беруге көмектеседі. Әрине, қаншама жанды есірткімен улағаны үшін бойжеткен жазасыз қалған жоқ, бәрібір 7 жылға түрмеге қамалды. Өкінішті-ақ... Соңғы кездері есірткі тасымалымен айналысып жүрген студенттердің ұсталып жатқанын жиі еститін болдық. Тіпті, Шымкент қаласы прокуратурасының өкілдері таратқан ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы есірткі бизнесіне қатысты сотты болғандардың 80 пайызы 17 жастан 25 жасқа дейінгі жас буын өкілдері екен. Ендеше дабыл қағатындай-ақ мәселе!Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы