Биыл қуаңшылықтан Маңғыстау облысында шөп шықпай, шаруаларға қиын болғанын білеміз. Осыдан кейін жасанды жаңбыр жаудыру туралы бастама көтерілген.
Жаңа жоба тамыз айында қолға алынған. Осы мақсатта «Грант Қазақстан» корпоративтік қорының Central Asian Center of Climate Change Technologies серіктестігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында 3 жақты келісім жасалыпты. Жоба жетекшісі Алтай Айнабектің айтуынша, облыс аумағында қазір үш құрылғы орнатылған. «Құрылғылар Шетпе, Жетібай, Құрық елді мекендеріне қойылды. Қалған екеуін орнататын жерді анықтаймыз. 28 қыркүйекте Құрықтағы құрылғыны қосқаннан кейін бір күн өткенде Ақтауда жауын жауды. Бұл сынақ ретінде қолданылды. Аспанда бұлт болмады. Дегенмен ауа ылғалдығы жоғары болды», – дейді ол. Жасанды жаңбыр жаудыруға арналған құрылғы 29 қыркүйекте тағы іске қосылған. Оның нәтижесі алдағы аптада белгілі болмақ. Әзірге мамандар қанша мөлшерде жауын болатынын айта алмады.Мадияр ТӨЛЕУ