Кәсіпқой бокс әлемінде Qazaq лақап атымен танымал боксшы Қанат Ислам шаршы алаңға қайта оралмақ. Бұл жайында боксшының өзі мәлімдеді.
– Құрметті менің жанкүйерлерім! Біз жекпе-жек жаттығуларына қызу дайындықтамыз. Жақында жақсы жаңалықтармен бөлісеміз. Сіздерге Түрік елінен жалынды сәлем! – деп жазды Қанат Ислам Instagram-дағы жеке парақшасында. Естеріңізге сала кетсек, Қанат Ислам (28-0, 22 КО) осы жылдың 20 ақпанында АҚШ-тың Флорида штатының Майами қаласында өткен айқаста эквадорлық Джейсон Миндуны (14-4-1, 8 КО) жетінші раундта нокаутқа түсірген болатын. Сол кезде қазақстандық боксшының промоутері Нельсон Лопес The Ring-ке берген сұхбатында Қанат Исламның келесі екі жекпе-жегі осы жылдың маусым мен қыркүйек айларына жоспарланғанын айтқан еді. Ал наурыз айында кәсіпқой бокс әлемінің инсайдтары мен жаңалықтарын жариялап жүрген Boxing Media UK Twitter аккаунтында WBC нұсқасы бойынша дивизиондағы әлем чемпионы, америкалық боксшы Джермалл Чарлоның (31-0, 22 КО) әлеуетті қарсыласы ретінде Қанат Исламның да қарастырылып жатқаны жазылды.Абылайхан ЖҰМАШ