Теріскейдегі дизель дағдарысы
Теріскейдегі дизель дағдарысы
216
оқылды

Солтүстік Қазақстан об­лысында дизель оты­ны тап­шы әрі қымбат. Санау­лы күн­дердің ішін­де дизель оты­ны­ның бағасы шарық­тап шыға келді. Соның сал­да­ры­нан қоғамдық кө­ліктің жұ­мысы саябыр­сыды. Пет­ро­павл авто­вокзалы жабы­лудың сәл-ақ алдында. Күз­­гі орақ әлі аяқталған жоқ.

Петропавлда дизель отынының бағасы 280 теңгеге жетті. Оның өзі қат. Кейбір жанар-жағармай стан­саларында бар болғанымен, бір көлікке талон бойынша 50 литрден артық құйылмайды. Бұл тым аз. Сондықтан дизель отынымен жү­ретін қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Күздің қара суы­ғында тұрғындар аялдамада то­ңып-жаурап ұзақ тұратын болды. Пет­ро­павл тұрғыны Мәдина Ры­с­құлова автобусты ұзақ күткен­дік­тен, жұ­мысқа кешігетінін айтады. «Авто­бустардың жұмысы мүлдем сын көтермейді. Күнде жұмысқа кешігіп баратын болдым. Аялда­мада 40-50 минут көлік күтемін. Бұ­рын 10-15 минутта келетін авто­бус қазір жоқ. Таңғы сағат 8-де жұ­мыста болуым үшін үйден не­шеде шығуым керек? Бұл қашанға дейін жалғасады?» – деп наразы­лығын бідірді. Дизель отынының тапшылы­ғынан зардап шегіп жүрген жалғыз ол емес. Балаларын мектепке, ба­ла­бақшаға, түрлі үйірмелер мен секцияларға апаратын ата-аналар да қоғамдық көлік жұмысына сын айта бастады. Бұған қала ішінде жү­ретін қоғамдық көлік жүргізу­шілерінің жұмысқа шықпауы се­беп. Күн сайын облыс орталығында 26 бағытта жүретін 160 автобустың барлығы бірдей бұрынғыдай жүріп жүрген жоқ. Жүргізушілер дизель отынының қымбаттауына байла­нысты жұмысқа шығудан бас тарт­ты. Жол жүру ақысы олардың күн­делікті шығынын жаппайды. Айта кету керек, Петропавлда жол жүру ақысы бес жылдан бері өзгерген жоқ – 80 теңге. Биыл та­мыз айынан бастап дифферен­циал­ды тариф енгізілді. Соған сәй­кес қолма-қол есеп айыры­са­тын жолаушылар жолақыға 130 тең­ге, карта қолданушылар 80 тең­ге шығындайды. Сондай-ақ биыл жазда Петропавлдағы авто­бус паркі жаңартылып, «Ютонг» маркалы жаңа көліктер жолға шық­қан болатын. Автобус жүр­гізушісі Николай Афанасьевтің айтуынша, ескі көліктерге 35-40 литр сұйық отын жететін болса, жаңаларына 70 литр керек екен. «Дизель отыны қымбаттағалы шы­ғын ақталмай отыр. Сондықтан кей­бір автобустар жұмысқа шық­қан жоқ», – дейді жүргізуші. Ол жалдамалы жұмысшы бол­ғандықтан, оған дизель отынын тауып беру – жұмыс берушінің «бас ауруы». «Солтүстік Қазақстан об­­лыстық автокөлік қауымдас­тығы» тасымалдаушылар қоғамы­ның жетекшісі Галина Семенова болса, әзірге бұрыннан жинаған қордың арқасында ғана күн көріп отыр­­ғанын айтады. «Жағдай мүл­дем қиын­дап кетті. Қор аяқталған соң қалай жұмыс істейтінімізді біл­мейміз. Қалай күн көреміз? Қазір 4-5 күнге ғана жететін қо­рымыз қалды. Бүгін жүргізушілер дизель­дің 1 литрін 265 теңгеден са­тып ал­ды. Әрине, тығырықтан шығар жол іздеп жатырмыз. Бар үмітіміз – мемлекет субси­дия­сында. Қазір жер­гілікті әкімдікпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Билік уәдесінде тұрады деген үміттеміз. Онсыз көп­теген тасымалдаушылар жабылып тынбақ», – деді Галина Петровна. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жо­лаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімінің ресми мәліметінше, жанар-жағармай құю стансаларында дизель отыны­ның қоры жеткілікті, жолаушы тасымалдаушыларға 225 теңгеден сатылып жатыр.

АВТОВОКЗАЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ МҮШКІЛ

Ал Петропавл автовокзалы жабылуға жақын. Былтыр панде­мияға байланысты мұнда ресейлік бағыттар тоқтатылған болатын. Бү­гінде дизель отынының қымбат­тауына байланысты қалааралық автобустар да қаңтарылып тұр. Он­сыз да шығынға батқан авто­вокзал үшін бұл қым­батшылық жығылғанға жұдырық болды. Вокзал директоры Алек­сандра Сысоеваның айтуынша, бірнеше автобустың жұмысы тоқ­татылмақ. «Билет бағасының ар­зан­дығы, сұйық отынға қатысты дағ­дарыс, субсидияның жоқтығы, әрі же­кеменшік тасымалдау­шы­лардың бәсекесі вокзалдың түбіне жете­йін деп тұр. Новоишимкаға қа­тынайтын 7 автобус дизель оты­нымен жүреді. Бүгін жүргізушілер литріне 255 теңгеден төледі. Осы­лай жалғаса беретін болса, сегіз бағытқа қатынайтын автобусты тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұрын­ғыдай Қарағанды, Қостанай, Нұр-Сұл­тан, Көкшетау, Щучинск қа­ла­ларына жүретін автобустар қазір жоқ. Былтырғы жылды 10 миллион теңге шығынмен жаптық. Биыл­ғы шығынымыз – 4,5 миллион тең­ге», – дейді Александра Александровна. дизель Тасымалдаушылар ел Прези­ден­тіне шағымдануға мәжбүр бол­ды. Өз хатында олар дизель дағ­да­рысы жалғаса берсе, жұмысын тоқ­­­тататынын жазыпты. «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігіне Ресей мен Өзбекстанға қатынауға рұқсат етуді сұрап жүгінгенімізбен, мә­селе шешілмеді. Теміржол арқылы және әуе көлігімен, тіпті DIDI және InDriver таксилерімен шек­араны ке­сіп өтуге болады. Ал авто­буспен жү­руге рұқсат жоқ. Жолау­шылар тасымалы саласын рента­бельсіз және шығыны көп сала ретінде жа­бу керек. Жұмысшылар жалақысыз, бюджет салықсыз қа­лады», – де­лін­ген ел Президентіне жазылған хатта. Бүгінде Петропавл вокзалы 400 миллион теңгеге сатылымға шы­ға­рылды. Мұндағы орташа жа­лақы мөлшері – 47 мың теңге. Өмір бақи осы кәсіпорында жұмыс іс­теп, зей­нет демалысына жа­қын­да­ған­­дар ғана ешқайда кетпей отыр. Вок­­­зал жабылса, жолау­шы­ларға так­­си­­мен жүргеннен басқа амал жоқ.

ДИҚАНДАР ДА ДИЗЕЛЬГЕ ЗӘРУ

Бәрінен бұрын күзгі орақ нау­қаны қызған шақта шаруаларға ауыр тиді. «Көп­шілігі жаз бойы бел жазбай күтіп-баптап өсірген астығы қар астында қала ма?» деп алаңдаулы. Бұрынғы жыл­дардың тәжірибесінен сабақ ал­ғандары жаз мезгілінде Үкімет бел­гілеген бағамен, яғни литріне 185 теңгеден сұйық отынның қо­рын жасап алған екен. Бірақ ондай­лардың саны саусақпен санарлық. Солардың бірі – «Токуши Grain» ЖШС директоры Жомарт Омаровтың да жанына бұл жағдай қатты батып отыр. «Өте қиын жағ­дайда отырмыз. Кәдімгі кол­­лапс деуге болады. Диқан қа­уы­мы­ның жұмысына тигізген кесірі зор. Түптеп келгенде, көктемгі дала жұ­мыстары күзде басталады. Қа­­зірден бастап егістік алқаптарын көктемгі егіске дайын­дауымыз керек. Солярка болмаса, шаруа қа­лай жер жыртып, оны қалай ты­ңайтпақ? Кейін қар еріген кезде тиісінше дайын­дал­маған ал­қапқа дән сіңіруге мәжбүр болады. Он­дай астықтың шы­ғым­дылығы қандай болары бесенеден белгілі. Сондықтан бұл мәселені стра­те­гиялық тұрғыдан шешу ке­рек», – дейді Жомарт Жақсылық­ұлы. Күзгі жиын-терім кезінде мұ­най өндіру зауыттары жабылып, қолдан тапшылық жасалатыны – жылдан-жылға қайталанып келе жатқан жағдай. Осы мәселені рет­теудің бір амалы табылмағанына таңғалғаннан басқа амал жоқ.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы