Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысы өтті. Оған әлемнің 20 елінен діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алғаш рет 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған съезд бүгінде заманауи өзекті мәселерді талқылайтын маңызды халықаралық алаңға айналды. Ол дінаралық толеранттылықты арттыруға үлкен септігін тигізуде. Сондай-ақ форум жұмысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса үлкен мән беріп отыр.Бейбітшілік пен конфессияаралық диалог алаңы
Хатшылық отырысын ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XIX отырысына келген әлемдік, дәстүрлі діндер лидерлеріне конфессияаралық диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мүмкіндігі мен әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор екенін атап өтті. «Қазақстанда барлық ұлт пен ұлыстың этностық және конфессияаралық ынтымақтастықта өмір сүруі қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы мемлекеттік модель бірнеше қағидатқа негізделген. Ең алдымен, әртүрліліктегі бірлік. Сонымен қатар әртүрлілік феномені – түрлі этникалық топтардың, мәдениеттер мен конфессиялардың жақындасу факторы. Этностың діни тиесілігіне қарамастан, барлық азаматтардың құқығын құрметтеу және қамтамасыз ету маңызды қағидат. Сондай-ақ елімізде тұратын барлық этникалық топтың тілдік, мәдени және діни сұраныстары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін институционалды және өзге де жағдай жалғасуда»,– дей келе Мәулен Әшімбаев түрлі этностық топтардың өкілдері мемлекеттік тілді құрметтеуі тиіс екенін атап өтті. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің тағы бір маңызды қағидаты – жүйелі диалог және ел болашағы үшін бірлескен жауапкершілік. Бұл бағытта этномәдени орталықтар, достық үйлері, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі сияқты бірегей институттар жұмыс істейді. БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос Қазақстан өз ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалог орнатуға баса мән беріп отырғанын айта келіп, осы бірегей алаң әлемдегі дінаралық диалог пен тұрақты дамуға қатысты проблемаларды бірлесіп талқылауға жақсы мүмкіндік беретінін жеткізді.Исламофобияға жол жоқ!
Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Әли Эрбаштың айтуынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы осындай кездесулердің ұйымдастырылып тұруы фанатизмге, радикализмге, исламофобияға төтеп беру үшін маңызды. «Бүгінде адамзат күрделі жағдайдан өтуде. Сол себепті адамзат бейбітшілікке, келісімге зәру. Ислам – бұл әділдіктің, мейірімділіктің діні және барлық адам Алланың алдында тең. Қасиетті Құран Кәрімде әділ, мейірімді болу мәселелері айтылған. Бұл әлемде бейбітшілікті сақтауға мүмкіндік береді. Ислам адамзатты бейбіт болуға, бір-бірімен жауласпауға шақырады», – деді Әли Эрбаш. Ол қазір исламды сынау, қаралау, яғни «исламофобия» термині бар екеніне қынжылыс білдірді. «Исламофобия – жасанды, жалған сөз. Өйткені бірде-бір жағымсыз сөз ислам дінінің жанында тұра алмайды. Ислам тек қана бейбітшілік пен келісімге үндейді. Өкінішке қарай, бүгінде қоғамда нәсілшілдікті, кемсітушілікті байқаймыз. Оның салдары мұсылмандарға қарсылықтың көбейгенін көрсетеді. Сенім мен ынтымақтастық бұзатын, терроризмге шақыратындар исламға сүйене алмайды»,– деп сөзін толықтырды Әли Эрбаш. Ватиканның Дінаралық диалог бойынша Папа Кеңесінің ислам жөніндегі бюро басшысы Монсеньор Халед Акаше қазіргі күрделі кезеңде дәстүрлі діндер съезінің өтуіне күш сала білген Қазақстан басшылығына алғысын айтты. «Біз VII съезді асыға және үмітпен күтеміз, жоғары мәртебелі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға съезге бастамашылық жасағаны және батыл қолдау көрсеткені үшін зор ризашылығымызды білдіреміз. Қазіргі Президент, жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы хатшылықты басқарып, өзінің даналығы мен дарынын дінаралық және мәдениетаралық үнқатысудың игі ісіне жұмсады», – деді ол.Дін лидерлерінің жауапкершілігі зор
Хатшылық отырысы кезінде Кавказ Мұсылмандары басқармасының төрағасы Гаджи Аллахшукюр Паша-заде (Әзербайжан) діни лидерлердің мойнына жүктелуі тиіс негізгі міндетті атады. Оның сөзінше, 2018 жылы қазанда өткен VI съезде әлем діндерінің негізгі рөлі, қауіпсіздігі, өзара түсіністігі мен ынтымақтастығы туралы айтылған. Жаһандық қақтығыстар мен климаттың өзгеруі үдеп, қазіргі пандемияға байланысты қиын кезеңдер туындаған шақта бұл жауапкершілік тіпті еселене түсуі тиіс. Өйткені бүгінде ксенофобия, сомофобия, агрессия, кемсітушілік шынайы саяси және әлеуметтік қатерге айналған. «Идеологиялық теріс ықпалдар әртүрлі кері жайттарға, қақтығыстар мен адамдар арасындағы өшпенділікке, геноцидтерге, шиеленістерге соқтыруда. Осы ретте діни лидерлердің міндеті – осындай қылмыстардың алдын алу. Яғни, демократия, сөз еркіндігі деген желеумен қайшылықты туындатып жатқан адамдардың пиғылдарын өзгертіп, мұндай қасіреттерді болғызбаудың, қақтығыстарды алдын алу шараларын жүргізуі керек»,– деді Шейх-уль-ислам, Кавказ Мұсылмандары басқармасының төрағасы Гаджи Аллахшукюр Паша-заде. Ол осы тұрғыдан алғанда, әлемдік діндер арасындағы диалогтің ұйымдастырылуының маңызы зор екенін атап өтті. Баяндамашы әлем жұртшылығының ксенофобияға, экстремизмге және дәстүрлі діндерге қарсы жасалып жатқан кемсітушіліктерге, кері пікірлерге қарсы тұру керегін жеткізді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан бейбітшілікті сүйетін ел және әлем халқын бейбіт өмір сүруге үндейтінін атай келіп, елде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі соның айғағы екенін мысалға алды. «Адамзат баласы сан ғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешіп келеді. Әлемді үрейлендірген қазіргі сын сәтте де Адам мен Хауаның ұрпақтары қабырғамызды қайыстырмай, үмітсіздікке бой алдырмай, бір-бірімізге қамқор әрі тірекші бола білуіміз қажет. Бүгінде үрей құшағына еніп, елең-алаң күй кешкен әр адам үшін жылы сөздің өзі жанға дауа, көңілге медеу болып тұр. Бұл тұста діндарлар мен дін лидерлерінің рөлі орасан зор», – деді ҚМДБ төрағасы. Бас мүфти қазақ халқында «Бетеге кетсе – бел қалар, берекең кетсе – нең қалар?» деген аталы сөз бар екенін еске салды. Адамзат баласы үрейге емес, үмітке қанат бітірсе ғана әлемдегі барлық кеселдерді, оның ішінде қазіргі пандемияны да жеңетінімізге сенімді екенін жеткізді.Сөз соңы
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XIX отырысында келесі VII съезд 2022 жылғы 14-15 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін болып бекітілді. Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев VІІ съезінің жалпы және секциялық отырысының тақырыбы бойынша 49 ұсыныс жинақталғанын және съезге шақырылатын өкілдердің тізімін қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. «Сондай-ақ дінаралық диалогке қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығымен және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Құрметті медалімен марапаттау өлшемшарттары талқыланды, – деді съезд хатшылығы басшысының орынбасары Серік Егізбаев. Съезд хатшылығының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл қазақстандық сыйлық болғандықтан, съезд кезінде кандидаттар бойынша шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды.Дәулет АСАУ