«Отандық» автоөнеркәсіп: әлемдік рейтингте Қа­зақстан соңынан санағанда «төртінші орын» алды
«Отандық» автоөнеркәсіп: әлемдік рейтингте Қа­зақстан соңынан санағанда «төртінші орын» алды
©А.Ахметқазы
679
оқылды

Жеңіл автокөлік жасайтын елдердің рейтингінде Қа­зақстан соңынан санағанда «төртінші орын» алды. Еліміз Ресей ғана емес, Өзбекстанға да жол берді. Ал сарап­шылар ел Үкіметі «отандық көлік» деген бүркеншік атпен Ресей, Корея, Қытай автоөнеркәсібін бюджеттен қар­жы­ландырып жатқанын айтып, дабыл қағып келеді.

Ішкі автонарықтың үш дерті

Ресми статистика көңіл қобал­жытарлық бірнеше жайтты аңғар­тады. Біріншіден, елдегі автопарк тоқтаусыз тозып барады. Ал ескі-құсқы көлік санының шектен тыс артуы экологиялық ахуалды на­шарлатады, жол қауіпсіздігіне үл­кен қатер төндіреді. ІІМ дерегінше, биылғы 8 айда жол апатының саны (8 307) былтырдан 10,2%-ға, ал зар­дап шеккендер саны 11,2%-ға өс­кен. ЖКО салдарынан 10 947 адам дене жарақатын алды және 1 258 адам қайтыс болды. 2020 жылдың қорытындысында Қазақстанда автопарктің орташа жасы 20,7 жылға дейін ұлғайды. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автомобиль саласы кәсіпорындары одағының сарапшылары ішкі істер органы­ның мәліметіне сүйеніп, елдегі автокөлік құрылымына талдау жүргізді. «Жеңіл автокөліктер паркінің құрылымы елде көнерген техни­каның басым екенін куәлан­ды­рады: автопарктің жартысына жуығының (1,88 миллионының не 49,9%-ының) жасы 20 жылдан асып кеткен. 11 жылдан 20 жылға дейінгісі – 801,3 мың (21,3%), 8-10 жыл толғаны – 447,2 мыңдай (11,9%), 6-7 жылдығы – 312,3 мың (8,3%). Нәтижесінде, елдегі жаңа автомобильдер саны тым аз қалды: 3-тен 5 жыл аралығындағысы – 154,7 мың немесе бар-жоғы 4,1%. Ал 0-ден 2 жылғысы – 166,9 мың бірлік немесе 4,4% ғана», – деп хабарлады «ҚазАвтоӨнеркәсіп» ұйымы. Екіншіден, Қазақстандағы «темір тұлпардың» көбі «мәстек­тер», яғни арзанқол, сапасы нашар өнімдер. І орында ресейлік Lada тұр: барлық жеңіл көліктің 720 мыңдайы, бестен бірі (20%) соның еншісінде! ІІ орында Toyota: үлесі 13,8% не 518,8 мың. Содан кейін Volkswagen (7,7%, 290,5 мың), Audi (5,7%, 214,9 мың), Mercedes-Benz (4,9%, 186 мың) дегендей жалғасып кете береді. . Үшіншіден, Қазақстанда жеңіл көліктер саны күрт азайды. Бұл жө­нінен республика 10 жыл бұ­рынғы көрсеткішіне дейін құлды­рап кетті. Ұлттық статистика бю­росының ресми дерегінше, 2011 жылы республикада 4 млн 66,2 мың жеңіл автомобиль болыпты. 2012 жылы оның саны – 4 млн 169 мың, 2014 жылы – 4 млн 533,7 мың, 2018 жылы 4 млн 342,1 мың бірлікті құрады. Енді қараңыз: 2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елде тіркелген жеңіл автомобильдердің саны небәрі 3 млн 833,3 мың болды. Яғни, кейінгі 7 жылда 700 мыңнан астам қазақстандық көліксіз қалған.

Көліксіз қазақстандықтар көбейді

Бұл ретте Қазақстан халқының саны осы 7 жылда 17 млн 397 мың адамнан 19 млн 29,5 мыңға немесе 1,6 миллионнан астам адамға өскенін ескерген жөн. Демек, жүр­гізушілердің қатары үнемі толығып жатыр. Олардың бәрі «темір тұл­парды» тақымына басқысы келеді. Алайда отандық нарықта қалып­тасқан күрделі жағдай, утиль-алым мен кедендік баждың шектен тыс үлкендігі, сөйтіп шетелден арзан­дау, сапалы көлік әкелуге тосқауыл қойылуы, аты отандық, заты им­порттық «Қазақстанда құрас­ты­рылған» көліктердің қымбаттығы бұған мүмкіндік бермейді. Сарапшылардың айтуынша, 2016 жылдан бастап утилизациялық алым енгізілгелі халықтың автомо­биль сатып алу көрсеткіші күрт құлдырай жөнелді. Мұны әлгінде келтірілген ресми статистика рас­тайды. Өкінішке қарай, бұл теріс тренд жалғасып келеді: жыл сайын сатып алынатын жаңа көліктер саны орта есеппен 300 мыңға кеміп отырады. 2021 жылы Қазақстанның авто­­мобильденуі 100 тұрғынға шаққанда небәрі 19 жеңіл авток­ө­лікті құрады. Бұл тіпті 10 жыл бұ­рынғы көрсет­кіштен нашар: статорганның мә­ліметінше, бізде автомобилизация деңгейі әр 100 тұрғынға шаққанда 2011 жылы – 20,3, 2012 жылы – 21, 2014 жылы – 22, 2015 жылы – 20,8, 2017 жылы – 20,2, ал 2020 жылы19 жеңіл көлік­тен келді. Салыстырсақ, Беларусьте 100 тұрғынға кем дегенде 34 көліктен тиеді. Қазақстандықтардың әл-ауқаты белорустардан төмен бол­ғаны ма? International Organization of Motor Vehicle Manufacturers ұйы­мы­ның жеңіл автокөліктер өнді­ретін елдердің 2021 жылғы рей­тингінде Қазақстан 39 елдің соңы­на қарай, 35-орын алды. Қазақстан Ресейге де, Өзбекстанға да жол берді. Үш­­тікке Қытай (биылғы І тоқ­санда 5 млн автокөлік шығар­ған), Жапония (1,9 млн), Үндістан (1,1 млн) кірді. 2021 жылғы 8 айда Қазақстанда 47,5 мың жеңіл автомобиль құ­растырылған. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 26,9% көп. Оның басым көпшілігі – 30,8 мыңы Қостанай облысында, 16,8 мыңы Алматы қаласында құрастырылған. Тұтастай алғанда, 2020 жылы елде 65,1 мың жеңіл көлік «жасалыпты».

Отандық өндіріс сұранысты өтемейді

Өз кезегінде Energyprom сарап­шылары басқа бір алаңдатарлық үрдісті байқады: «отандық өнді­рістегі» автомобильдер санының өскеніне қарамастан, олардың ішкі сұранысты өтеу көрсеткіші күрт құлдыраған: «қазақстан­дық­тардың жеңіл автомобильдерге де­ген сұранысын қамтамасыз ету­дегі жергілікті компаниялардың үлесі бір жыл бұрынғы 60,2%-дан 2021 жылы 46,3%-ға дейін төмен­деді». Мұндай жағдайда Үкіметтің шетелден жаңа көліктерді әкелуге кедергі жасауын түсіну қиын.

2021 жылы Қазақстанның авто­мобильденуі 100 тұр­ғынға шаққанда небәрі 19 жеңіл авток­ө­лікті құрады. Бұл тіпті 10 жыл бұ­рынғы көрсеткіштен нашар: ста­торганның мәліметінше, бізде автомобилизация деңгейі әр 100 тұр­ғынға шаққанда 2011 жылы – 20,3, 2012 жылы – 21, 2014 жылы – 22, 2015 жылы – 20,8, 2017 жылы – 20,2, ал 2020 жылы 19 же­ңіл көлік­тен келді.

Азаматтар утилизациялық ­алы­м­ның және кедендік алым-са­лық­тың алапат көлеміне қарамас­тан, бәрібір шетелдік көліктерді әкелуді қалайды. Тиісінше, биыл импорт­тың үлесі 53,7%-ға дейін артты: халық жыл басынан бері шет­елден 47,3 мың автомобиль әкелген. Бұл өткен жылғыдан 2,2 есеге көп! Қазір Instagram-да «машина» деп сұрау салсаңыз, оны әлемнің кез келген түкпірінен айдап әкеп беретіндерге жолығасыз (арасында алаяқтары жетерлік). Шымкент тұрғыны Айбек отандастары­мыз­дың шетелдік аукциондарды да игеріп жатқанын айтады: «Интер­нет арқылы көлікті АҚШ, Герма­ния, басқа елдердің сақтандыру аукцион­дарынан арзанға сатып алады. Біз оны әртүрлі жолмен, кей­де шашыл­ған күйде контей­нерлермен алып келеміз», – дейді ол. Тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы Берік Зайы­ровтың байламынша, ішкі авто­нарықта көлік тапшы болып тұр. Автосалондар алдағы бірнеше айға тапсырыс қабылдап, клиенттерді кезекке тұрғызып жатыр. «2020 жылы елімізде жасалды делінген автомобильдердің жергі­лікті үлесі бар-жоғы 30% бол­ған, бұл автоөнеркәсіп емес, от­верт­камен жинау ғана. Ендеше бізде өндіріс жоқ. Біздің пікі­рімізше, бұл мәселеде еш айқын­дылық та жоқ. Бизнестің белгілі бір субъек­тілеріне жағдай жасал­ған», – дейді одақ басшысы. Бұл жағдай қарапайым қа­зақстандықтарды көлікті айналма жолмен сатып алуға итермелейді. Олар сомасы бірнеше миллион теңгеге дейін баратын утиль-алым­ды және кедендік бажды төлемеу үшін шетелдегі автосалонда сатып алған «темір тұлпарын» сол елдің азаматының атына тіркейді. Кеден одағына кіретін Ресейде, Арме­нияда осындай схемаларды ұсына­тын делдалды табуға болады. Бір ғажабы, бұл схеманы тек қарапайым халық қана емес, ше­неуніктер, квазимемлекеттік сек­тор қызметкерлері, ректорлар мен орынбасарлары және олардың жұбайлары кең қолданатын болып шықты. Өйткені осы санаттағы адам­дар жалпы саны 497 мың жеке тұлға биыл табыс декларациясын тапсырды. Мемлекеттік кірістер ко­митеті төрағасының орынба­сары Жайдар Іңкәрбаевтың мә­лімде­уінше, осы қатардағы 1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте же­кемен­шігінде 1 198 көлігі барын салық­шы­­ларға жария еткен. Оның көбі – 292-сі Ресейде, 235-і – Ар­ме­нияда, 221-і – Жапонияда, 162-сі Герма­нияда тіркелген. Ашығын айтқанда, бұлар Ресей мен Ар­менияда тір­келгенімен, шынында еліміздің жол­дарында жүйткіп жүр. «Көшелерімізде ресейлік және армяндық нөмірі бар көліктердің қаптап кеткені билікті ойға қал­дырмай ма? Мұның астары айқын көрініп, тіпті бетке ұрып тұр. Бұл елдегі көлік саласындағы саясат­тың дұрыс емесін аңғартса керек. Неге кенеттен Ресейде, өзге ел­дерде автомобильдер Қазақстанда­ғыдан анағұрлым арзан болып шы­ға кел­ді? Біз Еуразиялық одақ­қа кірдік, барлық мүше елде баға бірдей болуға тиіс дегені қайда?» – дейді қоғам белсендісі, блогер жә­не колумнист Рүстем Жансейітов.

Еріккеннен емес, тарыққаннан...

Қынжылтатыны сол, бастап­қыда шетелден тасқындаған ескі-құсқы автокөліктердің легін ­тоқ­тату үшін енгізілген ути­ли­зациялық алым бүгінде су-жаңа көліктердің кел­уіне белсенді тос­па құрған. Аза­маттар кон­ве­йер­ден жаңа ғана түскен, яғни 20 жылдай еркін жү­ріп-тұратын кө­лік үшін дәл қазір не үшін кәдеге жарату салығын төлеуі тиістігін түсінбейді. Автоәуесқой Нариман Темір­бек қолындағы азын-аулақ қара­жатқа арзандау көлік алғысы ке­летін азаматтарды биліктің сер­гелдең шырғалаңына, алаяқтардың тұзағына итермелейтінін айтады. «2,5 литрлік агрегаты бар Toyota Camry седанын шетелден әкел­сем, «Оператор РОП»-қа 1 млн 458 мың теңге утиль-алым, ал бастапқы тіркеуге қою үшін бюджетке 5,7 миллион теңге ке­ден­дік баж бен салық төлейді екен­мін. Сондықтан амалсыз, ресейлік азаматтың атына жалған жолмен тіркелген көлікті қолдан сатып алуға тура келді. Бірақ ПТС (көлік құралының паспортын) немесе көліктің ресейлік нөмірі белгісін жоғалтып алсам, қалпына келтіру мүмкін болмайтын көрінеді», – дейді ол. Әлеуметтік желіде пікір білдір­ген азаматтар кереғар жағдай қа­лыптасқанына налиды. Көлік са­ты­латын кез келген шетелдік пор­талға кірсеңіз, бағалары біз­дегіден 100-150%-ға арзан. Айта­лық, 7-8 орындық Chevrolet Traverse кроссоверінің бағасы Герма­нияда 12 млн теңгеден (23 мың еуро), ал Қазақстанда 25 миллион теңгеден басталады. 2021 жылы Германиядағы орташа жалақы 4 035 еуро болды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш (251 508 теңге) 400 еуродан сәл асты, яғни он еседей төмен. Ендеше логика қайда? 

P.S.

Үкімет «отандық» авто­өнер­кәсіпті қолдау ісіне серпін бермек. Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігі мемор­гандарға шетелдік көлікті сатып алуға тыйым салатын жаңа Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұл тәжірибе бұған дейін қолданылған. Бірақ 2019 жылғы 26 шілдедегі Үкімет қаулысының күші биылғы 26 шілдеде аяқталды. Әрі ол тек жеңіл көлікке қатысты болды. Жаңа құжат меморгандар мен ұйымдарға шетелдік жеңіл автомобильді, авто­бусты, жүк көлігін, ауыл шаруа­шылығы және арнайы техниканы сатып алуға тыйым салмақ. Тек Қазақстанда құрастырылғанымен шектеледі.

Елдос СЕНБАЙ