Ақтауда дәрігерлер екі жасар балаға мерзімі өткен дәрі берген
Ақтауда дәрігерлер екі жасар балаға мерзімі өткен дәрі берген
Фото: kznews.kz
326
оқылды

Екі жастағы бала жыл басынан бері үшінші рет ауруханаға түскен. Кішкентай қызға жұқпалы аурулар ауруханасында мерзімі өткен препарат салған.

Қаңтар айынан бері дәрігерлер баланың қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, аяқ-қолы тырысып қалатынын анықтай алмаған, – деп жазады inform.kz. Бала қыркүйекте ауруханаға үшінші рет түсіп, жеке зертхананың арнайы мамандарын шақырған кезде ғана цитамегаловирус диагнозы қойылған. Қыздың анасының айтуынша, бұл ауруға қарсы дәріні уақытында қолданбаса, жарамсыз болып қалады.

«Бұл препарат 24 сағатқа жарамды. Бала бір тәулік ішінде 2 рет қабылдауы тиіс. Сағат 2-де ашылды. Яғни түнгі сағат 2-де берілу керек. Келесі күні қолданбау керек. Олар үшінші күні препаратты қайта пайдаланды. Ал жарамдылық мерзімі өтіп кетті», – дейді Жұлдыз Тадженова.

Оның айтуынша, мерзімі өткен препаратты салғаннан кейін қызының жағдайы күрт нашарлаған. Күніне баланың дене температурасы бірнеше рет 39 градусқа дейін көтерілген. Аурухана басшысы болған жайтты растады. Медбике өз кінәсін мойындады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметкерден кешірім хатын қабылдап, оған сөгіс жариялады.

Маңғыстау балалар ауруханасы директорының орынбасары Гүлжан Ермекбаева: «Әзірге тек сөгіс жариялаймыз. Өйткені медбикенің қызметінде мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Қазір медбике өз кінәсін мойындап, баланың әкесінен кешірім сұрады. Мұндай цитамегаловирустық инфекция кезінде температура болуы қалыпты», – деді.