Павлодар облысындағы Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ибраев шағымданған зейнеткерге кешірім сұратып, басы бәлеге қалды. Енді оның өзі жазаланатын болады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы департаменті қызметтік тергеу жүргізбек, – деп жазады Pavlodarnews.
Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардың әлеуметтік желідегі шағымдарына ден қою жөніндегі аудан әкімінің тапсырмасын орындағанын алға тартады. Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, Баянауыл ауданында 1,5 айлық нормада, көп қар түседі, кейбір ауылдарда қардың қалыңдығы 1,5 метрге дейін жеткен. Егіндібұлақ ауылының тұрғыны осы көріністі бейнетаспаға түсіріп, Павлодардағы туыстарына жолдапты. Видеода егде жастағы әйел немересін мектепке апару үшін есікті әзер ашқанын айтады. Кейін ол ауылдық округ әкімі үшін тағы бір бейнежазба түсіріп, кешірім сұрады және шағымы жоғын айтты. Әкім Самат Ибраев әйелге көмек ұсынғанын, бірақ оның одан бас тартқанын хабарлады. «Оған алғашқы түсірген видеосына түсініктеме беруді ұсындым. Екінші видеосын WhatsApp-тағы әкімдіктің жұмыс тобына жібердім. Осы арқылы аудан әкімінің әлеуметтік желідегі өтініштеріне үн қату жөніндегі тапсырмасын орындадым. Тұрғын түсініктеме орнына кешірім өтініпті», – дейді ол. Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов ауыл әкімдерінен тындырған істері туралы фото және бейнеесеп талап ететінін растады. Алайда мұны олардың әрқайсысы өзінше түсінген. «Бүгін таңертең Мая Манашеваның үйінде болдым, кешірім сұрадым. Жұбайымен сөйлестім. Самат Ибраевтың істегені дұрыс емес. Біз Егіндібұлаққа техника жібердік, ол осы әйелдің ауласын да, сондай-ақ бүкіл ауылды да қардан тазалап береді», – деді Қ.Кәрімов.Айхан ШӘРІП