Жуырда «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында мектепті жөндеуге бөлінген миллионның мыңы ғана жұмсалғаны белгілі болды. Қазір аймақтарда білім саласындағы олқылық пен жемқорлыққа батқан Білім басқармалары туралы күнде ақпарат шығады. Білім министрі аймақтардағы білімге жауаптыларды жауапқа тартқызуға қауқары жоғын айтады.
Аймақтағы білімге жауаптыларды әкімдік қалай іріктеп алатынын кім білсін, бірақ бүгінде әлеуметтік желі парақшаларынан өңірлердегі білім мекемелерінде болып жатқан жайсыз оқиғалар жайлы жаңалықтар жиі қылаң беретін болды.Білім саласындағы жемқорлық көш бастап тұр
Жуырда «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында Семей қаласында мектепті жөндеуге бөлінген 1 миллион теңгенің 130 мың теңгесі ғана жұмсалғаны белгілі болды. Партия мүшелерінің айтуынша, облыста соңғы екі жылда білім саласы жемқорлық деңгейі бойынша көш бастап тұр. Өңірде жемқорлық бойынша 200-ге жуық іс тіркелген. Одан бөлек, 20 шақты азамат қызметін асыра пайдаланған. «Семейдегі мектептің қасбеттік жарықшағын жөндеуге 1 миллион теңге бөлінді. Бұған 130 мың теңге ғана жұмсалған. Қалған 900 мың теңге жарықшақты қалай түзетуге болатынын анықтауға жұмсалыпты. Соңында ол жай ғана бұрандамен бекітілді. Бұдан бөлек, жақында аудан орталығында жаңа бассейн салынған. Бірақ ол қайтадан жөндеуді қажет етіп тұр», – дейді «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі РҚК мүшесі Дәурен Жүсіпов. Бірақ Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова бұл айтылғандармен келіспейді. Айтуынша, қаражаттың толық жұмсалмауына себеп бар көрінеді. «Барлық құжатымыз бар. Мектеп директоры ешқандай қателік жасаған жоқ. Бұл жерде заңбұзушылық болмаған. Мектептің қабырғаларында пайда болған жарықшақтардың балаларға қаншалықты қауіпті екені тексерілген. Тексерістің нәтижесінде ешқандай қауіп жоқ екені анықталған соң жеңіл-желпі жөндеу жұмысын жасауға болатыны туралы шешім шыққан», – деп жауап берді аймақтағы білім саласына жауапты Сайрангүл Жұмәділова.Мектептегі былықтан хабары жоқ
Сондай-ақ осы аптада павлодарлық полицейлерге Май ауданында тұратын әйел алаяқтың құрбаны болғанын біліп, дереу полицияға хабар береді. Сөйтсе алаяқтықтың артында Павлодар облысында мектеп директоры қызметін атқарған әйел адам тұрғаны белгілі болды. Бұл туралы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Башировадан сұрап білгенімізде күдікке ілінген әйелдің мектеп директорлығына әлі тағайындалмағанын, тек міндетін атқарып жүргенін жеткізді. «Ол бойынша қандай айып тағылғанын, тергеу жүріп жатқаны туралы ештеңе айта алмаймын. Хабарым жоқ» деп қысқа қайырды.Мектеп директорларының «айқасы»
Алматы облысында да мектеп директорының бірнеше жылдан бергі былығын жалпақ жұртқа жайған еден жуушы сот алдында жауап беріп жатыр. Аймақтағы Кербұлақ ауданына қарасты Күреңбел орта мектебінде бес жылдай еден жуушы болған Ұлболсын Қыстаубаева өзінің мардымсыз жалақысының үстіне қосып ақша алып, оны кейін мектеп директорына қолма-қол өткізіп отырғанын айтқан еді. Бұл әрекет 5 жылға жалғасқан. Мұндай айыптаумен келіспеген директор ар-намысын қорғау үшін бұрынғы қол астындағы қызметкерін сотқа сүйреп әлек. Бұл сот процесіне Малайсары ауылдық мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Күнсұлу Мүлікбаева да шақырылған. «Кәмшат Болатханқызының арызы негізінде мені де сотқа шақырды. Мен ол директордың көптеген заңсыз әрекеті туралы құзырлы органдарға арыз жаздым. Осы іс бойынша қазір Талдықорғанда жүрмін. Тексерулер болды, нәтижесін білмекпін. Маған соттан жұма күні хабарласып, сізді де сотқа тартып жатырмыз деді. Барамын келесі сотқа. Қазір сотта өзімді қорғайтын адам іздеп жатырмын», – деді Күнсұлу Мүлкібаева. Бірін-бірі сотқа сүйреп, жүрген мектеп директорларының әрекетіне Білім басқармасы не аудан әкімі тоқтау сала алар емес. Алматы облысында мектеп басшылары соттасып жатқанда, Түркістан облысы Шардара ауданы Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Мұсалиева мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сандуғаш Жақыпова жұрт алдында жұлысқаны туралы желіде жарияланды. Видеода мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары әріптесі Сандуғаш Жақыповаға қолына түскен сөмкені лақтырып, бүкіл отбасымен өртеп жіберетінін айтып, айқайға басып жатқаны анық естіледі.Министр қауқарсыз
«Білім ошағы былыққа батып, ұстаз беделіне нұқсан келтіріп отырған оқиғалардың болуына Білім министрі жауап беруі керек» дейтіндер табылады. Алайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық үшін жұмыстан шығара алмайтынын түсіндіреді. Шенеуніктің айтуынша, министрлік білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті сыбайлас жемқорлық үшін айыппұл салуы мүмкін, бірақ қызметкерді жұмыстан шеттетуге немесе жұмыстан шығаруға құқығы жоқ. Бұл міндет облыстық басқармалардың құзыретіне кіреді. «Көптеген адамдар біз барлық мектептер мен балабақшалардың директорларын, сондай-ақ аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындаймыз, олар біздің бақылауымызда және біз оларды қаржыландырамыз деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Шын мәнінде, мектеп директорларын, балабақша мен колледж басшыларын жергілікті білім бөлімдері тағайындайды. Оларды бейінді облыстық басқармалар бақылайды және қаржыландырады. Тіпті, облыстық Білім басқармаларының да бізге тікелей қатысы жоқ», – дейді білім басшысы. Яғни, министрлік жалпы білім беру саясатын жүргізеді. Ал оларды одан әрі іске асыру – жергілікті басқару органдарының міндеті. Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменова білім ошағында кездесетін олқылықтар заңның аясында шешілуі керек екенін айтады. «Қазір білім саласындағы ұйымдастырушылықты жүзеге асыруға қатысты заңдар жетерлік. Олардың орындалуын қадағалайтын құзыретті органдар да бар. Сондықтан нақты болып жатқан заңсыздықтар мен олқылықтарға заңның арнасында жауапты құзыретті органдар айналысып, тез арада шешімін табуы тиіс. Біздің кеңеске де неше түрлі шағымдар келіп жатады. Біз өз құзыретіміз шегінде тиісті мекемелерге тексеру үшін жібереміз», – дейді Жұлдыз Досбергенқызы. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы білім саласында болып жатқан олқылықтарға ең алдымен Үкімет мен Парламенттің де «үлесі» болғанын жасырмайды. «Ең көп реформаға түсіп жатқан білім саласы. Бірақ басынан дау артылмайтын да осы сала. Екі жыл бұрын қоғамдағы мұғалімдердің мәртебесін айқындап бердік. Бірақ мектептердің оқу, тәрбие жұмысынан бастап бюджетіне дейін әкімдіктен алып облыстық Білім басқармаларының құзырына беріп қателік жасадық. Өзім қарсы болдым, бірнеше рет депутаттық сауал жасадым. Бірақ заң қабылданып кетті. Қазір соның «жемісін» көріп отырмыз», – дейді сенатор. Салдарынан аудан мен қала әкімдері білімдегі олқылыққа бас қатырмайды. «Ал білім басқармасындағы 20-30 адам 1 200-1 300 шақырымдағы аудандарда не болып жатқанын білмейді. Екіншіден, білім басқармасының басшылары мен мектеп директорларын тағайындағанда «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмеуін қадағалау керек. Себебі қазір еден жуушыдан бастап пара арқылы жұмысқа алынатынын жасырып жабу қиын», – дейді сенатор. Аймақтардағы білімге қатысты болып жатқан олқылықтардың көбі мектеп басшысының сөгіс алуымен аяқталады. Ары қарай мектеп директоры, білім басшысы, оны тағайындаған әкім де өз жұмысын жалғастырып жатады. Осы себептен де мектеп мұғалімдері басшылық тарапынан болатын бассыздықтардың басын ашып айтып беруге құлықсыз. Өйткені былықтың бетін ашқаны үшін басшылар емес, өздерінің басы кетіп қалатынын біледі.Жадыра МҮСІЛІМ