Еліміз қарқынды дамып жатыр, қалаларда құрылыс дүмпу алып тұр деп қуанғанымызбен, таяқтың екі ұшы бар демекші, оның бір шеті сығылысқан құрылысқа әкеп тіреп отыр. Екі үйдің арасындағы қуысқа әкеліп үлкен-үлкен ғимараттар салу деректері елімізде өте көп. Сығылыстыра салынған ғимараттардың сол жерде бұрыннан бар тұрғындарға жайсыздық тудырып, инфрақұрылымдарға жүктеме түсіретіні белгілі. Одан да өзге проблемалары жетіп-артылады. Бұл бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындардың наразылығын тудырды.
Аула тарылса, ауа тарылады
Сондай нысанның бірі – Алматы қаласы Медеу ауданы Абай көшесі 8-ші үй мекенжайы бойынша тұрғызылып жатқан жерасты паркингі бар көпфункционалды тұрғын үй кешені. Әйтсе де, «Ирида Инвеста» ЖШС-ның тапсырысымен бас мердігер «РАМС Казахстан» компаниясы жүргізіп жатқан бұл құрылыс ақпан айынан бері тоқтап тұр. Өйткені оның құрылысына іргелес орналасқан Н.Назарбаев даңғылы №220/3 және №176 үйлерінің тұрғындары қарсы шыққан. Назарбаев – Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы үйлердің барлығы 5 қабатты. Ал жаңадан салынып жатқан үйлер цоколь және техникалық қабаттарды қоспағанның өзінде 10 қабатты бес блоктан тұрады. Бұл біріншіден қаланың тарихи орталығының сәулеттік ансамблін бұзады, екіншіден нысан Қазақ ұлттық аграрлық унисерситетінің жер аумағының шетін басып алған. Құрылысқа рұқсатты Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы беріпті. «Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ақпан айында келіп, жағдаймен танысқан бойда тұрғындардың барлығының келісімін алғанша тыйым саламын деп құрылысты тоқтатып тастады. Содан бері РАМС өкілдері келіп, бізбен бірнеше рет кездесті, біз оларға бірқатар талап қойдық. Әуелі, үйдің биіктігін 5-6 қабат етіп аласарту, одан соң блоктар санын азайту. Өйткені қуықтай жерге он бір қабатты бес мұнаралы үй дегенің өте көп. Бірақ біздің талаптарымызды ескерген ешкім болмай тұр. Ендігі біздің мақсатымыз құрылысты толық тоқтату және заңдылығын тексеру. Өйткені университеттің жер аумағына құрылыс салуға кім рұқсат берді? Мемлекеттік жер жекеменшік бизнеске қалайша өтіп кеткен? Оқу ордасының аумағына тұрғын үй емес, жатақханалар және спорт кешендері салынуы тиіс. Оның үстіне күні-түні тез-тез салынып жатқан құрылыстың сапасына сенбейміз. Оның сейсмикалық қауіпсіздігіне күмәніміз бар», – дейді тұрғындардың бірі Камила Утарбаева. Расында да, қаланың қақ ортасында, «алтын квадратқа» үй салуға екінің бірінің пәрмені жете бермейтіні рас. Бірақ сол құлқын қамын көксеген пәрменділердің тарихи ауданның сәулеттік тұтастығы өз алдына, оның сейсмикалық тұрақсыздығын ескермегені өкінішті. Өйткені жақын маңда метроның бір тармағы өтіп жатыр. Асты қуыс тұсқа үстінен зіл батпан салмақ салған соң, зілзала дүмпуіне де осал болып келетіні рас. Оның үстіне, бұл аудан тығыз қоныстануға арналмаған. Айналасында мектеп, балабақша, мемлекеттік медициналық мекемелер жоқ. Құрылыс басталғалы шу мен шаң көбейіп, адамдардың көлікпен кіріп-шығуында қиындықтар туындаған. Шарбақпен қоршап тарылтып тастағаны өз алдына, ауыр құрылыс техникалары аулаішілік жолдардың тас-талқанын шығарған. Бұл – құрылыс кезіндегі қолайсыздықтар. Ал пайдалануға берілген жағдайда инженерлік коммуникацияларға түсер ауыртпалықтар өз алдына, жаңа көршілердің тар шарбаққа қалай сыйысатынын уақыт көрсетер. Одан да басқа келеңсіздіктері жетіп артылады. Бірақ тұрғындар өздері тұратын ауданға «Алматы қаласының ескі тарихи орталығы» деген мәртебе алып беріп, бас жоспарға енгізіп, құрылыс салуға мүлдем болмайтындай етуге бекініп отыр.Құрылыс компаниясының шығынын кім өтейді?
Елімізде сығылыстыра құрылыс салу деректері қай қалада да кездеседі. Соның ішінде оның әлеуметтік салдары ірі мегаполистерде қатты сезіледі. Әсіресе, Алматы қаласында бұл ахуал қоғамдық пікірге себеп болып тұр. Бұл оның урбанизациялық маңызымен, қала орталығында бос жер телімдерінің жоғымен байланысты. Сыналай салынған ғимараттар қолайсыздық тудырады. Бүгінде мұндай қатынастарды реттейтін ортақ ереже болмай тұр. Өйткені жер телімін бөлу құзыреті жергілікті әкімдіктерге берілген, олар бұл билігін көп ретте тұрғындармен санаспай пайдаланады. Ал ол жерге қанша қабат нысан салатынын құрылыс компаниялары өздері шешеді. Ал тұрғындар тас орманның көбейіп, жасыл желектердің азайып бара жатқанына шағымданып жатыр. Енді бұл мәселені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолға алмақ. Олардың хабарлауынша, елімізде ретсіз құрылыс салу мәселесін шешу үшін қала құрылысы жобаларына жаңа сараптама пайда болуы мүмкін. «Біз қазір қалаларды дамытуда дұрыс жоспарламау мәселесіне тап болып отырмыз. Сондықтан қала құрылысы сараптамасын жаңаша енгізу қарастырылып жатыр. Бұл жобалардың әзірленуін бақылауға алуға, аумақты сапалы жоспарлауға, халықтың қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, министрлік «ҚР-ның сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң талаптарының бұзылуын анықтаған жағдайда әкімдіктер жанындағы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары құрылыс салушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуы тиіс», – дейді министрлік өкілдері.Көбіне құрылыс компаниялары тұрғындар тарапынан кедергіге барлық рұқсат құжаттарын рәсімдеп, құрылысты бастау кезеңдерінен өтіп қойғанда барып тап болады екен. Мән-жайларды сараптау барысында олардың бекітілген бас жоспарға қайшы екені анықталады. Ал өз кезегінде әкімдік құрылысты тоқтатып тастайды да, барлық рұқсат беру құжаттарын кері қайтарып алады. Осылайша, жергілікті биліктің бұл іс-әрекеті құрылыс салушыны қаржылық шығындарға батырады. Өйткені жер учаскесін сатып алуға, жобалық құжаттаманы әзірлеуге және қызметкерлерді жалдауға қаражат жұмсаған компания екі ортада дағдарып қалады. ИИДМ есептеулері бойынша, құрылыстың өзіндік құнын шаршы метрі үшін 250-300 мың теңге деп есептеп, жер учаскесін сатып алған құрылыс салушы тұрып қалған уақыты үшін шаршы метр үшін 500 мың теңгеден артық жоғалтады екен. Осының бәрі жаңа сараптамада ескерілетін болады.ИИДМ есептеулері бойынша, құрылыстың өзіндік құнын шаршы метрі үшін 250-300 мың теңге деп есептеп, жер учаскесін сатып алған құрылыс салушы тұрып қалған уақыты үшін шаршы метр үшін 500 мың теңгеден артық жоғалтады екен.
Сәулетші мәртебесін көтеру қажет
2000 жылы бекітіліп, жиырма жылға арналған Алматы қаласының бас жоспарының биыл мерзімі аяқталған болатын. Ал жаңа жоспар әлі дайын емес. Мұндағы проблеманың бір ұшығы осында болып түр. Қазір бас жоспарды жасақтау бойынша жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Әзірге Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру ережесі қабылданған. Сол бойынша халықты белгілі бір ауданға орналастырудағы тығыздығы сиретіліп отыр. Мәселен, бұрын бір гектарға 1000 адамнан қоныстандыруға рұқсат берілетін болса, енді бүгінде ол көрсеткіш 240 адам боп бекітілген. Осы секілді көптеген өзгерістер бас жоспарда ескерілетін болады. Жұмыс тобының мүшесі, сәулетші Айдын Ақбай әкімдік тарапынан жер қатынастары, құрылыс салу және жобалау жұмыстары ашық болуы керек деп санайды. «Құрылысқа бөлінетін жер телімдері қоғаммен байланыста, тұрғындармен диалог арқылы берілуі тиіс. Шешім қабылдау ашық болуы керек. Бізде тіпті деталды жоспарлау жобасының (ПДП) өзі жабық режимде жасалады. Ал оның алдында сарапшылармен кездесу өткізіліп, пікірлерімізді тыңдаған болатын. Енді ол ұсыныстарымыз қабылданды ма, жоқ па, жоспар жобасында бар ма, білмейміз. Осыдан келіп тұрғындардың наразылығы туады», – дейді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің сарапшысы, сәулетші Айдын Акбай. Сондай-ақ Айдын Ақбай сәулетшілердің мәртебесі тым төмендетіліп тастаған деп санайды. Тіпті, жобалаушы маманның дәрежесіне дейін түсіп кеткен. Бұл мүлдем дұрыс емес. Оны қайтадан көтеріп, сәулетші мамандарға өзінің құзыреті, жауапкершілігі, ықпал ету тетігін беру керек. Сонда ғана ол құрылысшыларды қадағалап, ғимараттардың сапасын талап ететін болады. Жер телімдерінің орналасуына жауапты болады. «Сәулетшілердің статусынан айырылуы Хрущев заманында жаппай панельді үйлер салу кезінен басталды. Содан бері олардың мәртебесі кенже қалып келеді. Ал әлемдегі тәжірибеде бюджеттің 15%-ға жуығын жобалау жұмыстары алатын болса, оның 70%-ы сәулетшілерге тиесілі. Сол себептен де олар жер телімдерін орналастыру және құрылыс жұмыстарының сапалы болуына мүдделі болады. Кез келген нысанға желдің түсіретін, шудың түсіретін салмағына дейін есептеп шығарып, өз ұйғарымын береді. Ал бізде бұл көрсеткіш – 3-5% ғана. Бізде құрылысшылар нысанды өздері қалай қаласа, солай етіп салады. Бұл бір кварталдың өзінде ала-құла ғимараттардың пайда болуына алып келді. Ал түптеп келгенде, бұл қаланың урбанистикасы мен агломерациясына теріс әсер етеді», – деді ол. Бір сығылысқан құрылыс салу проблемасының өзі елімізде кешенді шешімін күткен мәселелер барын алға тартып отыр. Ал оның шешімі бірінші кезекте ашықтықта, екінші кезекте сәулет саласын бәсекелес ортаға беру дәргейінде жатыр.Нұрлан ҚОСАЙ