Екі жылдан бері жырлап келе жатқан ұялы желі интернетінің бесінші буыны жаңа жылдан бастап қолданысқа берілмек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында 5G интернеті тестілеуден өткізілгенін айтып, ендігі жерде тұрғындар интернет жылдамдығының жоғары екенін сезінуге мүмкіндік алатынын мәлімдеді. Алайда қаланың қақ ортасында отырып, 4G түгілі 3G ұстамай тұрғанда, 5G желісіне қосылуы мүмкін бе?
Соңғы онжылдықта ұялы байланыстың дамуы қарқынды дамып келеді. Нарық 3G стандартына үйреніп үлгерместен оның орнын 4G жаңа форматы алмастырды. Әйтсе де, цифрлық байланыс бір орында тұрамайтыны анық. Қазір әлемде ұялы желілердің жаңа буыны 5G стандартына көшіру процесі қызу жүріп жатыр. 5G стандартын дамытуға бағытталған алғашқы зерттеулер 2008 жылы Америкада басталды, артынша Оңтүстік Корея, Ұлыбританияда зерттеу жүргізілді. 2012 жылға қарай 5G технологиясын дамытуға бағытталған жобалар көбейе түсті. Жаңа стандарт бойынша жұмыс Пекиннен Лондонға, Нью-Йорктен Сеулге дейін жүрді. Бір жылдан соң, яғни 2013 жылы Samsung әлемдегі алғашқы 5G жүйесін жасағанын жариялады. Тестілеу кезінде корейлер 2 шақырым қашықтықта деректерді беру кезінде 1,056 Гбит/с жылдамдыққа қол жеткізді. 2019 жылы Оңтүстік Корея 5G-ді ел аумағында коммерциялық пайдалануды бастаса, көп ұзамай оған Қытай, Швейцария, Ұлыбритания, Италия, Испания, Германия қосылды.Екі жыл бұрын жасалған тестілеу
Қазақстанда цифрлық дамудың соңғы мүмкіндігі тестілеуден өткізілгелі екі жыл болды. Сымсыз байланыс қызметінің бесінші буынын жалпыластыру мәселесін талқылаған Үкімет қазақстандық интернет қолданушылар сол жылдың өзінде Назарбаев университеті мен ST.Regis қонақүйінде алғашқы тексерістен өткізіп жатқанын айтты. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының мәліметі бойынша, 2019 жылдың маусымында Алматыда 5G байланысына сынақ өткізілді. Ericsson-мен бірлесіп, 28 ГГц миллиметрлік жиілік диапазонында құрылғыға 15 Гбит/с дейін деректерді жүктеудің ең жоғары қуатына қол жеткізіліпті. Сол жылы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев: «5G байланысы 3G не 4G желісіне қарағанда 300 есе жылдам. Осы арқылы әлеуметтік желілерде бұрынғыдан да сапалы, еркін видео конференциялар ұйымдастыруға болады. Автокөлікті қашықтан басқару, online басқарып емдеу жүргізу сияқты электронды сауда, өнеркәсіп дамып жатқан заманда бұл бізге өте қажет. Біздің қоғамға үлкен өзгеріс әкеледі», – деді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарған Асқар Жұмағалиев сол жылы 117 қала мен 3 324 ауылда кеңжолақты интернет қолжетімді екенін айтты. Ол әртүрлі технологиямен қамтамасыз етілгенін, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілерінің қызығын халық көріп отырғанын жеткізген. Сонымен бірге интернет желісінің сапасы нашар жерлер зерттеліп, ондай аймақтарда қосымша базалық стансалар орнатылады делінді. Бірақ орнатылған базалық стансалардың сапасы сын көтермейді. Сол үшін интернет емес, ұялы телефонның өзі де байланыс аясынан тыс жерде тұрады. Оған биыл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өзі аймақтарда жүргізген тексеріс кезінде көз жеткізді. Таңертең және кешке жүргізілген өлшеулер байланыс сапасының төмендігін көрсеткен болатын. Теле-2 базалық стансасы орнатылып, екі метр қашықтықта «Қазақтелекомның» оптикасы салынғанына қарамастан, Tele 2 мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 0,34 мегабит, Beeline мүлдем істемейді, ал Kcell-ге тек 60 жағдайдың 24-інде ғана қосылу мүмкін болған. Алдыңғы интернет желісі істемей тұрғанда 4-6 терабит құрайтын бесінші буынды қолданысқа енгізу мүмкіндігін болжау қиын секілді.Халықты қарық қылмақ
Дегенмен цифрландыруға жауапты мекемелер бесінші буын желісі бойынша Жол картасын бекітіп, 5G мобильді байланысының тест сынағын Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткізді. Сынақ нәтижесінде технологияның сауданы, телемедицинаны, өнеркәсіпті, тау-кен өндірісін цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамытуға мүмкіндіктер беретінін анықтапты. Соңғы технология мүмкіндігіне тартылатын инвестиция көлемі де үлкен болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны республикалық маңыздағы қалаларда енгізу жоспарланған. Мәселен, биыл жыл аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университеті мен EXPO көрме-кешенінде, келесі жылы елордадағы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G ұстайды. Ал 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтары соңғы буын желісінің қызығын көрмек. «Транзиттік потенциалды дамыту шеңберінде Транстелеком және «Азертелеком» компаниялары Каспий теңізінің түбінде секундына 4-6 терабит жылдамдықты құрайтын 400 шақырым желісін құрастырып жатыр. Бұл жоба 2021 жылдың соңына жоспарланған. 5G ұялы байланыс стандартын енгізу бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 11 тестілік сынақ жүргізді. Керекті жиілік диапазондарын босаттық. Әрі қарай операторларға тарату механизмі қарастырылады», – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. Сонымен қатар министрлік мемлекеттік бақылау мақсатында 17 жылжымалы өлшеу кешенін сатып алады. Нәтижесінде, халықтық және мемлекеттік бақылаудың деректері бір жүйеге жиналады. Министрдің айтуынша, интернет сапасына халықтық бақылау жүргізу үшін Bailanys.bar сервисі іске қосылды. Қазір оны 50 мыңнан астам адам қолданады. Сөйтіп, жаңа жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 97%-ы кеңжолақты интернет желісімен толық қамтылып, қалған 3%-ына спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Осылайша, атқамінерлер жылдан-жылға шегеріп келе жатқан уәделерін орындап, халықты қолжетімді интернетке қарық қылмақшы. Оған уақыт төреші.Жобаны іске асыру оңай емес
«Beeline Қазақстан» компаниясының техникалық директоры Олег Снимщиков 2019 жылы елдегі 5G пилоттық желісін алғаш болып іске қосқандарын айтады. Сол жылдың қазан-желтоқсан айларында пилоттық жобаның бірнеше кезеңі өткізіліп, біріншісінде, жоғары жылдамдық, төмен кідірістер сияқты желінің барлық техникалық мүмкіндігі тексерілген. Сондай-ақ 5G желісінің коммерциялық желімен жіксіз өзара іс-қимылы жолға қойылған тест аймағы өрістетілді. Екінші 5G желілерінің 4G және 3G-мен өзара іс-қимылы жолға қойылғаннан кейін қала орталығындағы шамамен 13 шаршы шақырым аумақты қамтитын бірнеше базалық станса орнатылды. Бұл аумақта қарапайым абоненттерге қызмет көрсетілді. «Екі жыл бұрын, 5G технологиясы нарықта қолжетімді смартфондарды әлі қолдамады, сондықтан 5G қызметтерін пайдалану үшін біз абоненттерге модемдер бердік. Сол кездің өзінде барлық абонент интернетке шамамен 1 Гбит жылдамдықпен және 10 миллисекунд деңгейінде кідіріспен қол жеткізе алды. Мобильді байланыстың бесінші буынының пилоттық аймағы Шымкент қаласында ашылған. Технологияны тестілеу үш айға созылды», – дейді Олег Снимщиков. Қазір абонент интернетке мобильді желі арқылы 3G және 4G технологиялары бойынша қол жеткізе алатын аумақты кеңейтуге ірі инвестициялар салып жатыр. 2020-2021 жылдары 2 млн-ға жуық адам тұратын 1 000-ға жуық ауылдық елді мекенді 4G желісімен қамтыпты. Биыл Tele2 да елімізде 5G дәуірін іске қосқанын қуана хабарлады. Оператор жаңа буын технологиясын іске қосу үшін жиіліктерді пайдалануға рұқсат алып, қарапайым пайдаланушыларға қолжетімді бесінші буын ұялы желісі өз жұмысын бастаған. Tele 2 операторы Алматыда 5G пайдаланушы сайттарын іске қосып үлгерген. Мысалы, Панфилов көшесінен Қарасай батыр көшесіне дейін және Kaiser Plaza бизнес орталығы осы соңғы интернет технологиясына көшкен. Сондай-ақ 5G технологиясын қолдайтын құрылғы модельдерінің санын арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.Базалық стансалар бірін-бірі көрмейді
Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қатипа Тежімбаева кабел арқылы интернетке кіріп жүргенде бесінші буын технологиясы қалай жүзеге асарын түсінбейтінін жеткізді. «Қолданысқа енгізсе, базалық стансаларда платаларды өткізу арқылы енгізетін шығар. Бірақ 5G технологиясы қалалы жерлерде болмаса, ауылдық жерге жетуі қиын. Бізде интернет оптика емес, кабел арқылы таратылады. Қазір базалық стансалар бір-бірін көрмейді. Сондықтан олардың бесінші буынды қалай қолданысқа енгізетінін білмей тұрмын. Мысалы, 4G ұстайды деген жерлерде 3G әрең көрсетіп тұр. Өйткені базалық стансалардың қамту аймағы барлық жерде жоқ. Үйге «Қазақтелеком» кабелін қостық. Кешке жақын адамдардың барлығы интернет қолданған кезде сабақ бере алмаймын. Үзіліп кетеді, шығарып жібереді», – дейді байланыс маманы Қатипа Тежімбаева. Интернет желісінің қамтылуына жауаптылар мен ұялы операторлардың сөзіне сенсек, халық келер жылды күтпей-ақ соңғы буын интернет желісінің қызығын көре бастаған. Алайда 10 шақты жылдан бері «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырып келе жатқан елімізде сымсыз телефонның стансалары, станса қамтамасыз ететін аймақтағы құрылғылардың саны аз. Салдарынан қаланың қақ ортасында да интернет қатып қала береді. Бір қарасаң, елімізде 3G немесе 4G ұстайды. Бірақ кейбір жерде интернет мүлде жоқ. Осыдан кейін интернетті қалт-құлт етіп отырғанда бесінші буын технологиясын таратамыз дейтіндердің тың жобасы таңданыс тудыратыны сөзсіз.Жадыра МҮСІЛІМ