Балықшы мен балықтың жайын кім ұғар?
Балықшы мен балықтың жайын кім ұғар?

Атыраулық балықшылар құрма тормен балық аулауға тыйым салынғалы кәсіппен айналысудан бас тартып отыр. Балық шаруашылығы комитеті де өз ұстаным­да­рынан қайтпайды. Жойылуға шақ тұрған балықтарды қан­дай құралмен аулау мәсе­ле­сін шешіп болғанша, Кас­пий тартылып, Жайық жоқ болып кете ме деген қауіп басым.

Биыл тамыз айында Балық ша­руашылығы комитеті Каспий теңі­зінен балық аулау үшін ау құруға жыл бойы тыйым салынатынын жариялады. Өйткені құрма тормен аулау Қызыл кітапқа енген итбалық пен бекіре тұқымдас балықтар үшін өте қауіпті. Торға шырмалған олар­дың құтыла алмасы айқын. Балама ретінде балықшыларға вентерь қолдануға рұқсат берілді. Бұл балық аулау құралының тордан айырмашылығы, ихтиофаунаның ерекше қорғалатын өкілдеріне аса зиян тигізбейді. Егер оған бекіре немесе итбалық түссе, онда балық­шылар оларды босатып жібереді деп санайды.

Екі түрлі құралға байланысты дау шықты

Енгізілген жаңа өзгеріс кейбір атыраулық балықшылардың нара­зылығын тудырды. Дамба ауылы­ның бірнеше тұрғыны поселке әкімдігінің алдына наразылық ак­циясына шықты. Бұлар Каспий те­ңізінде балық аулайтын және жер­гілікті кооперативтерге балық тапсыратындар. Балықшылар әдеттегідей жаңа тор сатып алып, үлкен қаржылық шығынға ұшырағандарын, сондай-ақ дағдылары жоқ болғандықтан және бірқатар табиғи фактордың салдарынан баламалы балық аулау құралдарын қолдану мүмкін емесін мәлімдеді. Олардың базынасын тыңдау үшін жуырда еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруа­шы­лығы комитеті төрағасының орын­басары Аян Бахиянов арнайы Аты­рауға келген болатын. Сөйтіп, Аты­рау облыстық Балық шаруашы­лығы басқармасының басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы мен басқа да жауапты сала басшылары мен мамандардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Баяндамашыларды тыңдай келе комитет өкілі жергілікті жердегі ерекшеліктер мен әлеуметтік-эко­номикалық жағдайды жоғары орын­дарға жеткізуге уәде берді. Әйтсе де, құрма торды қолдануға ты­йым салу жөнінде бұйрық қабыл­данып қойғанын және оны өзгер­туге еш негіз жоқ екенін ескертті. – Қалай десек те, құрма торға түскен балық тынысы тарылып өле­ді. Мұны мойындамасқа бол­май­ды. Оның үстіне, су маржандары жыл өткен сайын азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Балық қорын болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін осындай мораторий енгізуге мәжбүрміз. Алай­да мәселенің мән-жайын түсін­бейтіндер де бар. Мәселен, Атырауда Балық шаруашылығы қауымдастығы мұндай тыйымның тиімсіз екенін алға тартып отыр. Себебі балық аулаудың басқа құ­ралдарын алуға уақыт керек дейді. Екіншіден, тордан басқа құралмен аулай білетін балықшы тапшы екенін айтады. Жиында келтірілген барлық деректі мен міндетті түрде министрлікке жеткіземін. Ал әзірге заңға сай жұмысты жалғастырған жөн, – деді Аян Бахиянов. Ақиқатында қазір балықты ау­лаудан гөрі оны өсіріп, көбейтуге көп көңіл бөлінеді. Мұны Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы да айрықша атап өтті. «Қазір бұрынғыдай емес, суасты тіршілік иелері, соның ішінде ба­лықтардың популяциясы жойылу­дың алдында тұр. Егер құрма торды пайдалануды қоймасақ, болашақта бағалы бекірені былай қойғанда, қарапайым қара балықтан да айы­рылып қалуымыз мүмкін. Жыл са­йын 7 миллион бекіре шабағы өзі­нің табиғи ортасына жіберіледі. Солардың көбі торға шырмалып, теңізге жетпей өледі. Осыдан кейін балық шаруашылығын қалай дамы­тамыз? Балық жүретін жолды тор­лап тастасақ, ол қалай өсіп-өнеді?! Сондықтан мұндай мораторий дер кезінде енгізіліп отыр», – дейді басқарма басшысы. Құрма торлар Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының да жұмысына кедергі келтіреді. Атал­ған құрылым басшысы Нұр­лыбек Гайсин теңіз бен өзенді тор­дан тазалау мамандар үшін қосым­ша жұмыс екенін айтып отыр. – Біз үшін демалыс жоқ. Құрма торды құрған адам балығын алып, ізін суытады. Торға шырмалған ба­лықтарды дер кезінде шығарып алмаса, өліп кетеді. Біз балық ау­лауға рұқсат қағазы бар адамға ты­йым сала алмаймыз. Жыл басынан бері заңсыз құрылған 5 мыңнан астам тор тәркіленді, – дейді ол. Балық шаруашылығы басқар­ма­сы мен өңірдегі балық шаруа­шылығы басшылары қатысқан жиын соңында комитет төраға­сы­ның орынбасары Аян Бахиянов: «Бүгінде балық өсіруші кәсіпкерге кеткен шығынның өтемі ретінде мемлекеттен 30 пайызға дейін суб­сидия бөлінеді. Бұрын бұл тізімде бекіре, тұқы, албырт балықтары ғана болса, қазір араван, цихлид, лат, шаян тәрізділермен толыққан. Мемлекет балық шабақтары мен оларды емдеуге арналған дәрілік препараттарды сатып алуға және аталық-аналық балықтарды күтіп-ұстауға кеткен шығынды 50 пайызға дейін субсидиялайды. Бұдан басқа тағы не керек?! Тиісті құжаттарын тапсырған шаруашылық субекті­сінің өтініші бес жұмыс күні ішінде қаралады», – деді.

Құралдарды тәжірибе жүзінде сынаған дұрыс

Жиында «Атамекен ЭКО» қо­ғамдық қорының төрағасы Арман Хайруллин де болды. Ол балық ау­лау саласында «Сетка» мен «Вен­тер» ау-құрал таңдауы талқыланған отырысқа барлық тарап қатысып, қызу пікірталас болғанын айтады. Оның айтуынша, балықшылар «Вен­терь бағасы қымбат. Оған ба­лық көп түспейді және ұсақ балық та түсіп, болашақ қор ысырап бо­лады» деген уәжін келтірген. Алайда балықшылардың уәжіне қарсы дәйек те келтіруге болады. Алдымен қолайсыз ауа райы кезінде бірнеше күн бақылаусыз қалған вентерь балықты өлтірмейді, оның балғындығы мен тауарлық түрі сақталады. Әлем елдері, тіпті Ресей де құрма тормен балық аулауды қойған. Оны Құрманғазы ауданын­дағы балықшылардың 90 пайызы қолданады. Ғылыми-зерттеу инс­ти­туттары зерттеулері вентерь қол­дану табиғатқа зиян келтірмейтінін айтады. Бірақ оған қарсылар да айтқандарынан қайтар емес. – Экология департаменті және балық қорғау инспекторларымен бірге Жайықтың төменгі және жоғары ағыстарына, сонымен қатар қала маңындағы трал жұмыстарына көп шығып, үнемі мол көлемде тасталып кеткен шірімейтін қытай құралдарын сүзіп алғанбыз. Көбін­де іріген балық кездесті. Шекара қызметі өкілінің келтірген мәліметі бойынша, жыл басынан бері Жа­йықтың атырабынан 155 шақырым тор шығарылып, 2 000 дана снасть құралын тазалаған. Ал құзырлы органның судан сүзіп шығарғаны бөлек есептеліп жатыр. Дегенмен биоресурстарға қалай гуманистік тұрғыдан қарасақ, күнін балықпен көріп отырған балықшыларға да, яғни кооперативтерге осындай түсіністікпен қарауға болатын сияқ­ты. Бәлкім, жаңадан қарула­нып үлгеруі үшін тағы уақыт беріп көру керек шығар деп ойлаймын. Не болмаса вентерь секілді рұқсат етілген ау құралдарын және теңізге шығатын кемелер сатып алуға суб­сидия қарастыру мүмкіндігін ұсын­дым. Өйткені балықшылар Жайық және Қиғаш өзендерінің бассей­нінен теңізге шыға алмайды. Оған бірінші кедергі теңіздің тайыздығы болса, екінші себеп теңіздің тұрақ­сыздығы. Бударка кайықтар тол­қындарға төтеп бере алмайды. Ал теңізде жүре алатын кемелерді GPS көрсеткіштермен жабдықтау қажет, – дейді экологиялық ұйым жетек­шісі А.Хайруллин. Арман Хайруллин халық пен комитет арасындағы жаңа һәм ескі ау құралдарына қатысты дау-да­майды жою үшін тәжірибе жа­сауды ұсынған. Ол үшін вентерь мен торды бірнеше жерге қатар қойып бір аптадан соң тексеру керек. Сөйтіп, қайсысында қанша балық өледі, соны анықтау қажет. Осылай ғана құрма құралдан балыққа тиер қауіп пен вентердің пайдасына елдің көзін жеткізу керек.

Каспий тартылып, Жайық жоқ болғалы тұр

Балығы тағылықпен ауланып, қойнауы мұнай ұңғымаларына толы Каспий мен Жайықтың халі тым мүшкіл екенін осыдан 15-20 жыл бұрын атыраулық экологтер айтып, алғаш рет дабыл қаққан болатын. Балықты аулау құ­рал­дарына қатысты түсініспеушіліктер талқыланған жиында теңіз бен өзендер туралы айтылмай қалмады. Ау құралдары бойынша балық шаруашылығының өкілдері 50 ша­қырымдық аймақтан тысқары жер­де вентерьмен балық аулаудың қо­лайсыздығын айтып, дәлел келтірді. Өйткені балық аулау құралдарын Каспийдің желі ұшырып кетеді. Балықшылардың шағын қайық­тармен соншама қашыққа жүзуі де қауіпсіз емес. Ал «Құрманғазы ауданында балықшылар ондаған жыл бойы вентерьмен балық аулай­ды» деген басшылардың сөзіне балықшылар оларға табиғи жағдай көмектесетінін айтты. Лимитті игеріп отырған балық шаруашылығы өкілдері комитет өкілінің теңіз кемелерін сатып алуды субсидиялау туралы пікірінде теңіздің таязданып жатқанын және кеме шықса да, бірнеше күннен кейін кері кіре алмайтынын қарсы уәж ретінде айтты. Балық кооперативі жетекші­сінің бірі өзінде 27 будара қайығы бар екенін, ұжымда 200-ден астам адам жұмыс істейтінін, бірақ ба­лық­шылар теңізге шыққысы кел­мей­тінін айтты. Ол: «Оларды мәж­бүр­лемеймін. Қайық аударылып, адам өлсе, олардың отбасын кім асырай­ды? Менде өзенде де, теңізде де жүзетін кеме бар, бірақ су жоқ! Бәрі таязданып жатыр. Бізге жұмыс істеу­ге мүмкіндік беріңіздер», – деп кесіп айтты. «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, балық­ты қолдан өсіру қажет. Қазіргі ең өзекті мәселе – су. Ресеймен келісіп су қоймасын салып, тағы да балама көздерін тауып, су проблемасын шешпесек, кеменің де, ау құралда­рының да қажеті болмай қалады.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы