Дүниеге келер әлі талай Қасым...
Дүниеге келер әлі талай Қасым...
659
оқылды

Қарағанды облысының әкімдігі, облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай өткізген «Дүние­ге келер әлі талай Қасым» рес­пуб­лика­лық мүшәйрасы мәреге жетті.

Мүшәйраның басты мақсаты – Қасым Аманжолов мұрасын насихаттай отырып, поэзияның дамуына ықпал ету, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету және еркін елдің кенен тарихы мен жарқын жетістіктерін қара өлеңнің құдіреті арқылы дәріптеу. 18-45 жас аралығындағы үміткерлер Қасым Аманжоловқа, тәуелсіздік тақы­рыбына арнау және еркін тақырыпта – барлығы 3 өлең ұсынды. Мүшәйра алғаш рет 2016-2017 жылдары облыстық деңгейде ұйымдастырылды. 2018 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында республикалық ауқымда өткізіліп келеді. Жыр додасына 2016 жылы – 24, 2017 жылы – 27, 2018 жылы – 70, 2019 жылы – 42, 2020 жылы – 97, 2021 жылы 92 үміткер қатысты. Алдымен іс-шараға қатысушы қонақтар мен қатысушылар Қасым ақынның өмірі мен шығармашылығын қамтитын кітап көрмесімен танысты. Тың деректерге қанықты. Байқау жүлдегерлерін марапаттау салтанаты Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында дүрілдеп өтті.  Іс-шараны халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты «Жарқын» халық би ансамблі «Пір дастан» композициясымен ашты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қонақтарға алғысын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Дүниеге талай Қасым келер, әрине. Бірақ бойында дәл сондай тылсым табылар ма екен? Сондықтан да Қасымның асқақ рухын жас таланттардың бойына сіңіру үшін  бұл шараны жыл сайын өткізудеміз және еліміздің әр бұрышынан келетін ақындардың саны артып келеді. Өйткені Қасым – қазаққа ортақ. Дауылпаз ақын­ның 110 жылдығына орай облыс әкімінің тапсырмасымен, жергілікті белсенді аза­мат­тардың, зиялы қауымның бастамасымен бірқатар іс-шара өткізілуде. Қараша айында Қарағандыда Қасым үйін ашу жоспарланып отыр. Ол жер күллі зиялы қауымның бас қосатын киелі ошағына айналмақ. Биыл осы шараға алыстан ат терлетіп, қазақтың аймаңдай ақындары Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан келді. Осындай игі іске қара шаңырақтың ректоры Нұрлан Орынбасарұлы да өз үле­сін қосып жүр. «Кең далалы, кеңпейілді қазақпыз, Құл емеспіз, еркін жанбыз, аза­т­пыз. Хас тағдырдың қиқаңына көн­бейміз, Ел тағдырын ешбір жауға бермейміз, Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!» (Қасым) демекші, ақындарға сәттілік, – деді Абзал Нүкенұлы.
Қазылар алқасының төрағасы – қазақтың белгілі ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай. Құрамында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, қазақтың айбоз ақыны Светқали Нұржан, ақын, жазушы, «Қасым» республикалық қоғамдық-әдеби журналы­ның бас редакторы Серік Сағынтай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы болып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады. Жүлде қоры да қомақты болды. Бас жүлде (біреу) – 1 000 000 теңге. І орын (біреу) – 500 000 теңге, ІІ орын (екеу) –  300 000 теңге, ІІІ орын (үшеу) – 200 000 теңгеден. Ынталандыру сыйлығы (бесеу) – 60 000 теңге. Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ғылымнұр Кәдірбай қанжығаласа, Алматы облысынан қатысқан Әсел Оспан бірінші орын иесі атанды. Мирас Асан (Нұр-Сұлтан қаласы), Дәурен Тілеухан (Ақтөбе облысы) екінші орынды бөлісті. Жүлделі үшінші орынды Айзада Бүркітқызы (Нұр-Сұлтан қаласы), Есей Жеңісұлы (Алматы қаласы), Асыл Амантайұлы (Алматы облысы)  алды. Дәуітәлі Стамбеков атындағы жүлде Әли Ермекұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Кәрім Сауғабай атындағы жүлде Ерік Нарын (Қарағанды қаласы), Бүркіт Ысқақ­ұлы атындағы жүлде Сайлаухан Есболатұлы (Түркістан облысы), Сайлаухан Нәкенов атындағы арнайы жүлде Қарағанды облысынан қатысқан ақын Абай Оразға бұйыр­ды.
– Қасымның ұлы шәкірттерінің бірі, кезінде Қарағандыда шахтер болған Жұмекен Нәжімеденовтің «Тек қана қараңғыда жанған оттың, Жарығы тым алысқа кетеді екен» деп келетін өлеңі бар еді. Сол айтқандай, өте қапас қараңғыда, найзағайлар арпалысқан аспан астында өмір сүрген Қасымның да жарығы тым алысқа кететін жарық. Қараңғы қапастағы ұлттың жүрегіне сәуле түсіру үшін, Құдайдың нұрын құю үшін, сол рухты жиырылып бойға түскен киелі сөздің туын қайтадан шыңға көтеру үшін Алла Тағала бұл топыраққа Қасымды жіберген. Қасым түр­тіп оятқан сәулелер Жұмекен, Мұқа­ғали, Төлегендер біздерді түртіп оятты. Сол ұлы рух жалғасып, бүгінге жетіп отыр. Қасымның 100 жылдық тойына қатысып, Қарқаралысында болғанбыз. Жанна, Дари­ға апайлармен бірге жүргенбіз. Сөз – кие, сөз – қағанат. Қазақия қағанатының іргетасы – ол біздің киелі сөзіміз. Қасым сөзі де сол – іргетас. Бүгінгі дүбірлі додаға қатысып жатқан жас Қасымдар да сол қағанаттың шаңырағын тіктеуге қызмет етеді деп есептеймін. Атсалысқан азамат­тардың барлығына Алланың нұры жаусын, – деп тебіренді Светқали Нұржан.
Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлде­герлеріне  академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің құрастыруы­мен жарық көрген «Қасым тағылымы» екі томдық кітап пен облыстық Мәдениет басқармасының бастамасымен шыққан Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Бір нәзік сәуле» әндер жинағы табыс етілді.
– Қасымның тойы – қазақ әдебиетінің тойы. Мұндай додаға қатысу – үлкен мәртебе. Бірінші рет қатысып тұрмын. Осының алдында Қарқаралыға, Сары­обалы­ға жол түсті. Қасым жайлы жазу үшін оның туып-өскен жерін, жүріп өткен жолын біліп, түйсіну керек деп білемін. Қасымның ескі қыстауын, Қасымның құдығын көрдім. Сол сапардан кейін бір өлең туып еді. Сол өлеңім мені жетелеп Арқа жеріне, Қарағандыға алып келді, – дейді бас жүлде иегері Ғылымнұр Кәдірбай.
Іс-шара барысында халықаралық, республикалық байқау, фестивальдердің лауреаты «Жарқын» халық би ансамблі биден шашу шашса,  Қасымның «Өзім туралы» әнін  академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұстазы Ахметолла Жұмабекұлы орындап берді. Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Толғау» тобы «Қасымға арнау» күйін шертті. Қасымның әндері «Ақсәулемді» халықаралық ән фестивалінің лауреаты  Арайлым Жүкенова, «Дариға сол қызды» республикалық ән байқауының лауреаты Медет Осатаев, «Туған жерім тамашаны» республикалық ән байқауларының лауреаты «Мерей» триосы әуелетті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы