Куәгерлер Жамбыл облысында қару-жарақ қоймасындағы жаңа жарылыстың видеосын жіберді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қорғаныс министрлігінің хабарына қарағанда, 2021 жылдың 10 қазанында сағат 7.20 шамасында Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді.
Ведомство мәліметінше, жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта болды. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған.
Куәгерлердің айтуынша, ауылдағы бірнеше үйдің терезесі сынған.
"Таңертең сағат 7-де далада жүрдім, пеш жақтым. Сол кезде жарылыс болды. Бұл ауылда жаңа үйлердің терезесі сынды, ал біздің үйде терезелер жарылыс толқынынан ашылып кетті", - деді куәгер.
Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта да бұндай жағдайлар болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта биыл 26 тамызда өртенген қойманың техникалық аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.