Волейболдан Азия чемпионы атанған «Алтай» клубының ойыншыларын жанкүйерлер әуежайдан күтіп алды.
Тайландтың Накхонратчасима қаласында әйелдер арасындағы волейболдан клубтық Азия чемпионатына Қазақстан атынан ШҚО-ның «Алтай» және Талдықорғанның «Жетісу» клубтары қатысқан. Чемпионат қорытындысы бойынша алтайлықтар бірінші орынды жеңіп алған болатын. Сондай-ақ клуб волейболшылары бірқатар номинацияда үздік деп танылды. Атап айтқанда, Сана Анарқұлова – «Құнды ойыншы (MVP)», Мадина Бекет – «Үздік либеро», Кристина Белова – «Үздік шабуылшы», Надежда Кодола «Үздік ойыншы» атағына ие болды. Жарыс жеңімпаздарын Семей әуежайынан жанкүйерлер қошеметпен қарсы алды. Спортшылар жарыста жеңімпаз атану оңайға соқпағанын жеткізді. Сонымен қатар Тайландтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қойылған қатаң шектеулер де қиындық туындатқан. – Жарыстың алғашқы күнінен бастап оқшауландық. Бізге, тіпті қонақүй нөмірінен шығуға да рұқсат берілмеді. Өзара сөйлесе де алмай қалдық. Әр үш күн сайын ПТР-тест тапсырдық. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан қайда және не үшін келгенімізді, алдымызда қандай мақсат тұрғанын жақсы білдік. Ел үмітін ақтау үшін бар күшімізді салдық, – деді «Алтай» командасының капитаны Сана Анарқұлова.А.ЖАСАНҰЛЫ