«Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түсті
«Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түсті
855
оқылды

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Нысан құрылысы жергілікті демеушінің есебінен жүргізіліп, ел игілігіне беріліп отыр.

Жалпы, орталықтың алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш қойылған. Ал орталықтың өзі үш қабаттан тұ­рады. Үшінші қабаттағы «Алқа» салтанат залында Әулиеата то­пырағынан шыққан, тарихта аты қалған қазақтың киелі қыздары, алыптарды дүниеге әкелген аяулы аналары мен қайраткер әйелдердің суреттері ілінген. Мультиме­дия­лық құрылғылармен жабдық­тал­ған залда мәжіліс, конферен­ция және салтанатты жиын өткі­зіл­мек. Ал «Інжу-маржан» әдеби-му­зыкалық қонақжайы залында – қазақ поэзиясының өлең сөздің інжу-маржанын тізіп жүрген жам­былдық ақын қыздардың пор­треттері ілініп, шығармалары қо­йылған. Мұнда әдеби-музыка­лық поэзия кештерін, жаңа кітап­тың таныстырылымдарын жүйелі түрде өткізіп тұруға болады. Сон­дай-ақ осы қабатта «Сырғалым» сырласу клубы бар. Көне заманнан жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластықтың қыз тәрбиесіне ықпалы ерекше. Жеңгесі парасат­ты үйдің қызы ибалы мінезімен та­нылған. Анасына айтуға қаймы­ғатын сырын жеңгесімен бөліскен қыз қателіктен қашық болады. Жеңгелер институтын жандан­дыру мақсатында арнайы бағдар­лама жасалып, бойжетіп келе жат­қан 13-18 жас аралығындағы қыз балаларға этнопедагогика және этнопсихология дәрістері оқытылады. Қыздардың гигие­насы бойынша кеңес беріледі. «Ерке сылқым» хореографиялық залында негізінен қазақтың ұлт­тық ­биіне басымдық беріледі. Екін­ші қабатта «Қызғалдақ» ұлт­тық экотәрбие клубы орналасқан.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында гүл пат­шасы – қызғалдақтың маңызына ерекше тоқталады. Қызыл кітапқа енген Грейг, Кауфман қызғалдақ­тарының отаны – біздің өңіріміз­дегі Қаратау жоталары, Талас Алатауы саналады. «Қызғалдақ» атауын алған үйірмеде қыз балалар гүл өсіріп, баптауды, гүлден түрлі букет жасауды, гербарийлер да­йындауды үйренеді. Сонымен қатар «обал, сауап, ұят» қағи­да­сымен Жер-ананы құрметтеп, табиғатты аялауды ұрпақ бойына сіңіреміз. Экологиялық мәдениет пен тәрбие беру бағытында түрлі форматтағы дәріс ұйымдасты­рылады. Сонымен қатар мұндағы «Сырлы әлем» бейнелеу өнері мектебі бар. Ал «Ана тілі» ше­шен­дік өнер мектебіне келер болсақ, өзінің туған тілін «ана тілі» деп атау тек қазақ халқына тән. Дү­ниеге шыр етіп түскенде нәрес­тенің құлағына алғаш шалынатын анасының үні. Сондықтан да қазақ «ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» дейді. Бұл сыныпта «Ел ертеңі – ертегі», «Мақал-мәтел – сөз мәйегі» деген бағдарламалар бойынша жасөспірім қыз бала­ларға арналған дидактикалық са­бақтар өткізіледі. Сондай-ақ қа­зақ тілін дамыту, латын әліп­биімен жазу курстары ұйымдас­тырылады. Сонымен қатар «Қа­зына» ұлттық аспаптар сыныбын­да домбыра тартумен бірге соңғы жылдары қыздардың арасында аса қызығушылық артып келе жатқан жетіген аспабында ойнау да үйретіледі. Бұл аспапта ойнау үшін 7-8 жастағы қыз балалар қабылданады. Жетігенде ойнау қыз баланың шығармашылық қабілетін дамытып, өнерге баулып қана қоймай, эмоционалды-пси­хологиялық жағдайына әсер етіп, биязы мінездің қалыптасуына ықпал етеді, бойын да түзейді, – дейді орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Іс-шара барысында орталықты өз қаржысына тұрғызған кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, «АрайСтройМаркет» ЖШС-ның директоры Арман Еділбаевқа аналар атынан айтылған алғыс аз болмады. Кәсіпкер бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі шең­берінде сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы мен дәлізі ұлттық нақышта безенді­рілген. Мұнда жас және көпбалалы аналар үшін түрлі курс ұйым­дас­тырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Тағы бір сүйінші хабар, «Таразға тарту» жобасы аясында «Ана мен бала» сквері де елге есігін айқара ашты. «Тараз­Энер­гоОрталық» АҚ-ның қолдауымен жаңғырған сквер «Қант зауыты» алқабында орналасқан. Бұл аймақ бүгінде адам танымастай өзгеріп, жаяу жүргіншілер жолы, 15 дана орындық, балаларға арналған спорттық ойын және Workout алаң­шалары орнатылған. Сквер­дің ортасында менмұндалап тұрған ана мен баланың айшықты мүсіні де көрген жанды тамсан­дырмай қоймайды. Аталған нысандар көне ша­һардың ажарын тағы аша түсетіні даусыз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы