Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова коронавирус жұқтырған оқушылардың саны артқанын хабарлады. Оның айтуынша, елорда әлі де «қызыл аймақта». Күн сайын орта есеппен 200-280 жаңа инфекциялық жағдай тіркеледі.
Қыркүйек айында тамыз айымен салыстырғанда дертке шалдығушылар көрсеткіші 3,5 есе төмендегені байқалыпты. Сырқат құрылымы бойынша, жұқтырғандар арасында ересектердің үлесі 79,7 пайызды құраған. Оның 20,3 пайызы 30-39 жас аралығында болса, 27,8 пайызы – 40-59 жаста. Ал 20,1 пайызы 18-29 жаста болса, қалған 11,5 пайызы 60 жастан асқандар.«Қыркүйекте коронавирус жұқтырған балалардың үлесі 16-дан 24,3 пайызға дейін, жасөспірімдер 2,5-тен 5,4 пайызға дейін өсті. Ал науқас оқушылардың үлесі 2,3-тен 20 пайызға дейін артқан. Оқу жылының басынан бері коронавирус жұқтырған оқушылар саны 2 232 болған. Олардың 642-сі мектепке бармай тұрып ауырып қалған, осылайша оқушылар арасында 1 590 жағдай оқу басталған соң тіркелген», – деп атап өтті Сархат Бейсенова.Спикердің айтуынша, эпидахуалға қаланың 125 мектебінен 1 237 сынып тартылған. Қазір 1 526 оқушы сауығып, мектепке оралды және 88 мектептің 303 сыныбы карантин шарасын жалғастырып отыр. Індет көбіне 3-8-сынып оқушылары арасында тіркелетіні байқалған.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ