«Ертіс» стадионының орнына мектеп салына ма?
«Ертіс» стадионының орнына мектеп салына ма?
182
оқылды

Семейдегі «Ертіс» стадионының орнына жаңа мектеп салынуы мүмкін. Қалалық ақпараттық орталықтың таратқан мәліметіне сүйенсек, қазір жерді меншік иесі­нен қайтарып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал стадионның иесі бұған қарсы.

«Біз стадионның құрал-жаб­дық­тарын 1996 жылы сатып ал­ғанбыз. Ол кезде мемлекет акті берген жоқ, тек техникалық құ­жатты берді. Осы 25 жыл көле­мінде біз стадионды сақтап қал­дық. Бұл жерде балалар футбол ойнайды. Олимпиадалық резерв мектебінің оқу­шылары жаттығу жасайды. Қыста мұнда мұз айды­ны жұмыс істейді. Бұл жерге мек­теп салып, стадионды құрту­дың қаншалықты қажеті бар? Біз ста­дион үшін ғана алаңдаймыз. Стадион­ның сақталып қалғанын қалаймыз. Біз бұл участокты мем­лекетке беруге дайынбыз. Бірақ бір ғана талабымыз бар: стадион стадион болып қалуы керек. Маған стадионның жабдықта­рының да, ақша­ның да қажеті жоқ. Бұл жерге мектеп салу орын­сыз деп біле­мін», – дейді стадион­ның иесі Дәуірбек Айманов.
Сол маңайдағы кейбір тұр­ғындар Instagram әлеуметтік же­лісіндегі «Ти­пичный Семск» паб­лигі арқылы ста­дионның орнына мектеп салуға қар­сылық білдіріпті. «Балалар қайда баруы керек? Стадионның жанында онсыз да екі мектеп бар емес пе?», «Одан да жақсы бір стадион салмайсыздар ма? Бұл ақшаны текке шашу ғой. Шәкәрім пар­кінің күйін кешпесе болғаны...», «Қыста балалар сырғанақ, коньки тебетін осы аудандағы жалғыз мұз айдыны еді. Оны да құртпақсыздар ма?» деген пікірлерін қалды­рып­ты. «Қайдағы стадион? Бос дала ғой бұл жер» деген пікірді де көзі­міз шалып қалды. «Ертіс» стадионы Ал Семей қаласы әкімінің орын­басары Димитрий Гариков­тың айтуын­ша, дәл қазір ешкім стадионды тартып алғалы жатқан жоқ. «Меншік иесінің жерді жал­ға алу мерзімі 2024 жылы аяқта­ла­ды. Соған дейін стадион жұмыс іс­тей береді. Қазір жер учаскесін қайта­рып алу шарасы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажет. Жо­балау процесі аяқ­тал­ған соң ғана тиісті қаржы бөлі­ніп, мектеп құрылысы бас­талады», – дейді қала әкімінің орын­басары.

Азамат ҚАСЫМ, Семей қаласы