Атырауда маман тапшы
Атырауда маман тапшы
452
оқылды

Атырауда маман жетіспейді. Білікті дәрігерлер аз. Әсіресе, қазіргідей пандемия кезінде мұның әсері қатты байқалады. Дәрігерлік мамандық қана емес, өңірдегі көптеген салада маман тапшы. Бұл мұнайлы өлке үшін де өзекті мәселеге айналды. Жоқ маманды қайдан таппақ?

Ел аузында «Ақшалы аймақ» атанған Атырауда маман жетіс­пеушілігі тығырыққа тіреп отыр. Өңірде дәрігер маманға деген сұраныс өзекті болып, бұл салада халыққа қызмет ету саласы ақсап тұр. Соның дәлелі, білікті маман болмағандықтан атыраулықтар ат сабылтып, елорда мен Астар­хан, Оренбург қалаларына емделуге барып жүр.
Жуырда Президент жа­нын­дағы Орталық коммуникация­лар базасында өткен брифингте ай­­мақ басшысының орынбасары Бақытгүл Хаменова да дәрігерлер жетіспеушілігі барын айтты. «Ме­дициналық білім беру және ғы­лым ұйымдарының 106 түле­гінің Аты­рау өңіріне келуі жос­пар­лан­ған. Жыл басынан бері 34 түлек (26 ин­терн, 5 резидент, 3 бакалавр) өңір­ге келіп, мамандықтарына сәй­кес медицина ұйымдарына жұ­­мысқа орналасты. Олардың 12-сі ауылдық жерлерде қызмет етіп жатыр» деп нақтылады спикер.
Әзірге облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда 1447 дәрігер, 5 093 орта медицина ма­маны қызмет көрсетеді. Қазір салаға 219 дәрігер маман жетіс­пейді. Соның ішінде, жалпы прак­тика дәрігері, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог мамандарға сұраныс жоғары. Сайып келгенде, сырқат­тан­ған адамдарға, соның ішінде ба­лаларға нақты диагноз қойып, жүйелі ем беретін тәжірибелі ма­мандарға Атырау халқы ауадай зәру болып отыр. Білікті дәрігерлердің өздері де еңбек жолында қателікке бой алдырса, заң алдында жауапқа тартылуы жиіліп кеткендіктен, жас мамандар аталған саланы таңдауға тәуекел ете алмай жүр.
Атырау қаласының тұрғыны Зияда Ғабдолланың айтуынша, дәрігерлерге деген сенім мен се­німсіздік қатар белең алған. Пан­демияда адамдардың өлімі көп болуы да бұған әсерін тигізді. «Ха­лықтың дені медицина ма­мандарына сенімсіздік танытады. Оның себебі де жоқ емес. Дәрі­герлердің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен біліктілігі болмаса, олардың берген емінің нәтижесі жақсы болмайды. Сон­дықтан дәрігер, мұғалім, ин­же­нерлердің мәртебесін арттыра түсу қажет», – дейді ол.
Айтарлығы, қазірдің өзінде көп елде мықты инженерлердің жетіспеушілігі байқалады. Елдің өндіріс пен техника саласының дамуында бұл мамандардың орны ерекше. Қазыналы Атырау өңі­рінде де инженер мамандығына сұраныс бар. Атырау облысында көптеген инвестициялық жобалардың жү­зеге асырылуына байланысты мұнай-газ, құрылыс саласына, оның ішінде газ-химиялық ке­ше­нінің құрылысына, Атырау мұ­най-өндеу зауыты және «ТШО» ЖШС-ның өндіріс қуатын ке­ңейту жобаларына біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандарға сұраныс бар. Мұнай өндіру саласы құры­лымдарының іске асырылуына байланысты көбінесе құрылыс саласына – инженер-құрылыс­шы, жобалаушы, бақылау-өлшеу құралдары инженері, инженер-электрик, энергетик, сапаны ба­қылау инженері, инженер-меха­ник мамандықтары қажет болып отыр. Қай салаға болмасын, ар­на­лып салынған құрылыстың сапасы да бүгінде өте қат болып тұрған осындай білікті маман­дардың білімі мен білегінің қуа­тына байланысты екені сөзсіз. Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерке­бұлан Нұрланұлының айтуынша, өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағ­дарламаларға жоғары тәжірибелі жұмысшы мамандықтары қажет.
– Құрылыс, мұнай-химия, мұнай-газ салаларына 5-6 раз­рядтағы дәнекерлеуші, құбыр­монтаждаушы, даралаушы, элек­трмонтаждаушы, ағаш сатылы монтаждаушы, 1000 Вт дейін рұқсатнамалары бар электрик, аргонны-доғалық дәнекерлеуші, бақылау және өлшеуіш құрал­дарының слесарь, дефектос­ко­пист және өзге де мамандықтар бойынша сұраныс артып тұр. Аталған мамандарды дайын­дау бағытында облыста бірқатар шаралар кәсіптік оқу орында­рымен бірлесіп, жүзеге асырылды. Оқу «Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылды. Есепті кезеңге 1 378 адам қысқамерзімді оқу курс­тарына жолданды, оның ішінен 911 адамның 371-і оқуын аяқтап, жұмысқа орналастырылды. Оқу 35 мамандық бойынша 15 кәсіптік колледж бен оқу орындарын­да жүргізілді, – дейді Еркебұлан Нұрланұлы.
Аймақтың білім саласында да маман жетіспеушілігі мен мек­тептердің жетіспеуі өзектілігімен назар аудартып отыр. Әсіресе, орыс пәндерінен беретін мұға­лімдерге сұраныс артып отыр. Мұнайлы аймақ дегенмен, бұл өңірдегі мектептерде оқушылар үш ауысыммен оқып жатыр. Елдегі әлеуметтік жағдайды зерделеп барып сөйлейтін депутат Ирина Смирнованың пайым­дауынша, 2025 жылы мұғалімдерге деген сұраныс еселене түспесе, кемімейді. Себебі елде демогра­фия өсіп, мектептерде балаларға орын жетіспеушілігі барлық аймақтарда болып жатыр. Мемлекет басшысы төрт жыл ішінде бір мың мектеп салуға тапсырма берді. Ал ол мектептерде балаға білім беретін мұғалімдер керегін де ескерсек, мұғалімдердің мәртебесін арттырып, бұл салаға жастар құлшына оқуға түсіп, қазіргі ахуалдан арылудың жолын табу қажет. Халық санының жыл сайын өсімі артып отырғандықтан, ке­лешекте халыққа сапалы қызмет көрсету бойынша мамандарға деген сұраныс артуы сөзсіз. Қазыналы аймақтың эколо­гиялық ахуалын ескерсек, ай­мақта экологиялық жағдайларға жан-жақты сараптама жасап, мәселені шешуге жоғарғы дәре­желі мамандар қажет-ақ. Медицина мекемесінде ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Рахима Ғабдуллинаның айтуынша, жоғарыда біз сөз еткен мамандарды дайындауда жас­тарды елдегі оқу орындарында білім алуымен қатар, шетелдерде тәжірибе алуға жиі жіберіп, бі­лікті маман дайындамаса, қай-қай сала да ақсап, сапалы жұмыс және салаларда тұрақты ілгерілеу болмайтыны анық.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы