Осыдан бір жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер командалық спорт түрлеріне үлкен өзгеріс енгізіп, жаңаша реформа қабылдады. Соның арқасында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және қырғыз елінің спортшылары бір-бірінің ішкі біріншіліктерінде бұрынғыдай «легионер» саналмайтын болды. Кейінгі кезде бұл шешімнің дұрыс не бұрыс екені жөнінде көпшілік арасында талас пен талқы көбейді. Расымен, жаңа реформа ел футболының ілгерілеуіне септігін тигізді ме? Ендігі әңгіме осы жөнінде болмақ.
Негізі, бұл бастаманы бірінші болып ресейліктер көтерді. Алдымен Ресей билігі футболдан, баскетболдан, волейболдан, гандболдан, су полосынан және хоккейден Ресейдегі бүкілресейлік жарыстарда ЕАЭО елдерінің спортшылары легионер ретінде саналмайтыны туралы арнайы заң қабылдады. Аталмыш заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Кейін көп кешікпей осы бастама біздің елге де келді. 2020 жылдың жаңа маусымынан бастап Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ойыншылары мен бапкерлерінің мәртебесіне қатысты жаңа шешім қабылдады. Атап айтқанда, Премьер-лига клубының тізімінде кем дегенде 12 қазақстандық футболдың тәрбиеленушісі және «легионерлердің» саны 8-ден аспауы қажет. Тізімдегі қалған 10 позицияны қазақстандық футболдың тәрбиеленушісі немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кез келген футболшысы толтыра алатын болды. Ал ойындағы шектеуге қатысты бір ғана ереже бар: жасыл алаңда «легионерлердің» саны 6-дан аспауы тиіс. Бірақ 8 легионерге қатысты тағы бір мәселе бар, егер кез келген клуб басшылығы ҚФФ-ға қажетті қаржысын төлесе, командаларына 9-ыншы легионерді де тіркеуіне рұқсат берілді. Бірінші лига клубтарының тізіміне де осыған ұқсас өзгерістер енгізілген: қазақстандық футболдың тәрбиеленушісіне берілген орын – 18, легионерлердің саны – 3. Қалған 9 орын – клубтың ұстанымына байланысты еркін тізім (ҚР азаматы немесе ЕЭО елдерінің азаматы). Былтыр қабылданған бастамаға қарсы шыққандар да, қолдау білдіріп, қуанғандар да көп болды. Бірі «мұндай шешім қабылдау өз қаракөздеріміздің футболдағы болашағына өте ауыр соққы болады» деп уайымға салынса, енді бірі «бәсекелестіктің артуына мұндай қадам сөзсіз керек, біздің жігіттерге шетелге шығуға жол ашылады» деп қуанышын білдірді. Алайда біздің футболшылардың деңгейі төмен бе, жоқ көршілес төрт елдегі талап тым жоғары ма, бір жыл ішінде шетелге ағылған футболшыларды көп кездестіре алмадық. Соған қарағанда бұл біз үшін аса сәтті шешім бола қоймаған сыңайлы. Біз өз кезегімізде футбол мамандары мен спорт сарапшыларына «жаңа реформа елімізде футболды дамытуға септігін тигізді ме?» деген сауалымызды қойдық. Спорт журналисі Қуаныш Қаппас бұл шешімді қазақ футболына жасалған «қастандық» деп есептейді. – Бұл заң Ресей үшін пайдалы болғанымен, Қазақстан үшін тиімді емес деп ойлаймын. Біріншіден, Ресей Премьер-лигасының деңгейі ЕАЭО елдері арасында жоғары. Демек, аталған чемпионатқа қалған төрт елдің ең мықты деген спортшылары ғана барады. Керісінше, көршілес елдегі екінші не үшінші сортты футболшылар біздің біріншілікке келеді. Ал одан қазақ футболына келіп-кетер пайда қандай? – дейді ол.Расымен де, бізде дәл қазір Ресей чемпионатында ойнай қоюға дайын футболшылар жоқтың қасы. Тіпті, өзіміздің ішкі чемпионатта легионерлерге бәсекелес бола алмай жүргенін ескерсек, бұл реформадан Қазақстан футболшылары да үлкен пайда көрді деуге келмейді. Бұл мәселе туралы кезінде Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен ардагер футболшылардың бірі Әли Әлиев айтып берді. Ол ЕАЭО-нің регламенті көңілінен шықпағанын жеткізді.– Отандық футболдың жанашыры ретінде шынайы түрде қазақ футболы дамығанын қалаймын. Бұл шешімнің қаншалықты дұрыс екенін уақыт көрсетеді. ЕАЭО елдерінен келген ойыншылардың арасында таңғалдырған ешкім болмады. Бізде көбіне Ресейдің бірінші лигасынан келген екінші, үшінші сортты футболшылар жүр. Олар Қазақстан біріншілігін көтеруге көп септігін тигізеді дегенге сенбеймін, – дейді Әли Әлиев. Ал «Астана» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі Нүркен Мазбаев бір жыл бұрын қабылданған реформаның оң тұстары да, кемшін жақтары да барын айтты. – Мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар ғой. Жалпы өзім нақты дерекке сүйенбей, пікір білдіргенді аса ұната бермеймін. Оны зерттеп, зерделеу керек. Ал ол уақыттың еншісіндегі нәрсе. Сондықтан бұл мәселе туралы бір-екі жылдан кейін айтып, қабылданған шешімге баға беруге болатын шығар. Әзірге нәтижесін күтейік, – дейді Нүркен Мазбаев. Қазақстан футбол федерациясының тарихында басы даудан арылмаған легионер мәселесі жөнінде мұндай шешімдер бұрын соңды да болды, бола да бермек. Оның пайдалы не зиянды жағы футбол мамандары айтқандай, уақыт өте келе сараланар. Тек қажетсіз реформалармен футболымыз тұралап қалмаса болғаны.
Абылайхан ЖҰМАШ