Елімізде алғаш рет ресми тіркелген инклюзивті, яғни ерекше жандар театры ашылды. Елордада ашылған «Қанаттылар» атты театрда бүгінде қызу дайындық жұмысы жүріп жатыр. Осы орайда мәдени ошақ жетекшісі Арнұр Ысқақов жаңа театрдың құрылу тарихы мен алдағы жоспарларын айтты.
«Қанаттылар» инклюзивті театры биыл қаңтар айында ресми түрде тіркелді. Ал бұл театрды ашу тұжырымдасы мен негізі 2018 жылы қолға алынды. Сол жылы елорда күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында инклюзивті театрлардың халықаралық фестивалі өтті. Аталған фестивальге көрші Ресей мен Украинадан бірнеше театр келді. Олардың негізі әріде қаланған және құрамы да үлкен. Содан кейін «Бізде де неге инклюзивті театр ашпасқа?» деген ой келді. Әрине, кейбір өңірлерде қоғамдық бірлестіктер жанынан кішігірім ұжым болып құрылып немесе үйірме ретінде жұмыс істеп жатқан инклюзивті шығармашылық топтар бар. Бірақ мемлекеттік деңгейде ерекше жандар театры жоқ. Сондықтан да біздің театрды Қазақстанда алғаш құрылған инклюзивті театр деп айта аламын, – деді театр жетекшісі Арнұр Ысқақов.Мадияр ТӨЛЕУ