«Біздің елде сатылмаған, жекешелендірілмеген не қалды? Бұған тыйым салар, тоқтау айтар біреу табыла ма, табылмай ма?».
Бұл – Шығыс Қазақстан тұрғындарының жанайқайы. Олар өңірдегі аса маңызды стратегиялық нысандардың сатылғалы жатқанына алаңдаулы.
Шығыс Қазақстандағы ең ірі екі СЭС (су электр стансалары) – Өскемен мен Шүлбі мемлекеттің иелігінен жеке секторға өтуі мүмкін. Үкімет басшысы Асқар Мамин 2020 жылғы 29 желтоқсанда «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулыға қол қойып, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткен болатын. Осы жоспарға сәйкес, 674 нысанды жекеменшікке беру көзделген. Олардың қатарында жоғарыда аталған екі СЭС, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ, Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты, Павлодардағы мұнай-химия зауыты, Ақтау теңіз порты, Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2, Air Astana және QAZAQ AIR әуекомпаниялары, облыс орталықтарындағы 6 әуежай бар. «1 ақпандағы жағдай бойынша 384 объект бойынша өткізудің Жол картасы әзірленді және бекітілді. Республикалық меншіктің 8 объектісін өткізу бойынша дайындық іс-шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 7 объект 2021 жылы, 1 нысан 2022 жылы сатылымға шығарылады» деген болатын Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл басында өткен Үкімет отырыстарының бірінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекеттің бәсекелес ортаға бергелі отырған активтерінің жалпы сомасы 5 триллион теңгені құрайтынын айтып, жекешелендірудің негізгі мақсаты мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, бюджеттің жүктемесін жеңілдету екенін атап өткен-ді. «Жеке компаниялар өз табыстарының басым бөлігін бюджеттік тапсырыстан, жеңілдіктен, гранттан және басқа артықшылықтан емес, өз тауарларын экспортқа шығару және көрсететін қызметі арқылы нарықтан табуы керек. Алайда жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Өкінішке қарай, бізде инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орынсыз жекешелендірулерге жол беруге болмайды. Бұған Үкімет пен қор жауапты» деген-ді Мемлекет басшысы.Халықтың өміріне жеке адамдар емес, мемлекет жауапты
Шығыс Қазақстан облысының бірқатар тұрғындары мен экономика саласының білікті сарапшылары жекешелендіру тізіміне енген Өскемен мен Шүлбі су электр стансаларының жекеменшікке берілуіне қарсы. Интернеттегі «Права голоса» азаматтық бастамалар жобасының сайтында 10 мың адам петицияға қол қойып, екі маңызды стратегиялық нысанның сатылуына қарсылықтарын білдіріпті. «Біріншіден, мұндай ірі нысандар жекенің иелігінде болмауы тиіс. Бұл – нарықтағы субьекті ғана емес, мемлекеттің тарихи мұрасы. Екіншіден, аталған су нысандарының бойында қаншама елді мекен орналасқан. Халықтың өмірі мен қауіпсіздігіне жеке адамдар емес, мемлекет жауапты болуы керек. Үшіншіден, бұл су электр стансалары өңірдің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Жекеге берілсе электр энергиясы бағасының көтерілмейтініне кім кепіл бере алады?», – делінген петиция мәтінінде. Өскемен қаласының тұрғыны, журналист, бұрын энергетика саласында біраз жыл жұмыс істеген Денис Данилевский осы жағдайға алаңдаушылығын білдіріп, Президентке хат жазыпты. «СЭС – аса күрделі технологиялық нысан. Кез келген сәтсіздік апатқа әкелуі мүмкін. Мысалы, Өскеменде 60-жылдары су басу аймағы (қаланың сол жағалауында ондаған шаршы шақырым аумақ) белгіленіп, онда құрылыс жүргізуге тыйым салынды. Су басқан жағдайда орындалуы тиіс іс-қимыл жоспары әзірленіп, әрбір шағынауданда эвакуация орны белгіленді. Нысанның қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Ал мұншалықты маңызды стансаның қауіпсіздігін жеке біреуге сеніп тапсыруға бола ма? Ресейдегі Саяно-Шушенск су электр стансасында болған апат менің есімде. Сол жолғы қайғылы оқиғада 75 адамның өмірі қиылған. Ол станса капиталының белгілі бір үлесі жеке компания иелігінде болатын. СЭС – стратегиялық нысан. Оны сату, менің ойымша Қарулы Күштерді сатумен тең. Жекенің қолына ажыратқыш қана емес, бөгет, шлюздер де өтіп кететінін ойладыңыз ба? Одан бөлек, Ертістегі балық қоры, су ағынының реттелуі, жайылмалы шалғындардың жағдайы – бәрінде СЭС үлкен рөл атқарады. Мұның бәрі мемлекеттік маңызы бар мәселелер», – дейді ол.Баға бақылаусыз кетеді
Биыл 14 сәуірде Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Решетников Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарынан Өскемен мен Шүлбі СЭС-терін алып тастауды сұраған болатын. «2019 жылы Өскемен СЭС-і – 1,8, Шүлбі СЭС-і 1,2 миллиард теңге табыс тапты. Барлық шығындарға, күрделі жөндеу жұмыстарына өз қаражаттарын жұмсады. Мемлекет тарапынан инвестиция тартылған жоқ. Электр энергиясына тариф бағасын бекіткенде мемлекеттік органдармен келісіп отырады. Енді стансалар жекеменшікке берілсе, электр энергиясының бағасы бақылаусыз кетеді. Көп табыс әкеліп отырған стратегиялық нысандарды сатудың қаншалықты қажеті бар?», – дейді халық қалаулысы. Экономист Мақсат Халық мемлекеттің экономикада жеке сектордың үлесі көбірек болуы турасындағы ұстанымы дұрыс, алайда бұл мәселенің екінші жағы бар екенін айтады. «Мұндай компанияларды кімдер иеленіп жатыр? Негізінен қаражаты бар капиталистер алады. Және арзан бағамен алатынын байқап жүрміз. Мемлекет меншігіндегі түк пайда әкелмейтін компанияларды неге алдымен сатпайды? Табыс әкеліп тұрған тәуір компанияларды не үшін жекеге береді? Осыны түсінбеймін. Осы жерде ерекше ескеретін, сақ болатын бір дүние бар: ол – стратегиялық маңызды нысандар. Мұндай нысандар елдің қауіпсіздігіне, халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекет иелігінде болғаны дұрыс. Бағасы бар, басқасы бар, мұның бәрін мемлекет бақылауы тиіс. Мына нысандарды қазір жекеменшікке берсек, міндетті түрде бағаны өсіреді. Мұның жергілікті халыққа, олардың төлем қабілетіне кері әсер ететіні анық. Халық үшін тиімді болайын деп тұрған жоқ. Асығыс шешім қабылдамай бұл мәселені мұқият ойластырған дұрыс деп ойлаймын», – дейді экономист. 1994-1996 жылдары еліміздің Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитеттің төрағасы болған, экономист Петр Своиктің ойынша, мұндай нысандар ұлттың қазынасы, оны жекешелендіру мемлекеттік қылмыс. «Ертіс бойындағы Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі деген үш СЭС-те тариф Қазақстан бойынша арзан. Бірінші орындағы Бұқтырма СЭС бұдан бұрын жекешелендіріліп, «Қазмырыш» кәсіпорнының иелігіне өткен. Заңда электр энергиясының тарифін Энергетика министрлігі белгілейді деп жазылған. Ал мұндай СЭС-ті министрлікке тікелей ықпал ете алатын адамдар сатып алады. Демек, олар өздеріне қолайлы тарифті белгілете алады. Тариф көтерілсе, оны тұтынатын халықтың қалтасына салмақ түседі. Сондықтан ел тұрмысына тікелей әсер етеді. Ұлт игілігін бұлай біреуге бере салуға болмайды. Бізде табысты кәсіпорындар жекеге беріліп, әбден шығынға батқан компаниялардың мемлекет меншігіне қайтарылатыны өте түсініксіз», – деп пікірін білдіріпті экономист.ТҮЙІН:
Жекешелендірудің Жол картасына сәйкес, шығыстағы қос нысан 2021 жылғы 17 наурызға дейін сатылуы керек болған. Алайда ашық дереккөздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, екі СЭС-тің нақты қандай бағаға сатылатыны, кімдердің сатып алатыны көрсетілмеген. Ал жергілікті тұрғындар Үкімет өз шешімін өзгертіп, ел пікірін ескеріп, екі маңызды нысанды жекешелендіру тізімінен алып тастайды деген үмітте.
Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы