Шығыста СЭС сатылады
Шығыста СЭС сатылады
Ғылымбек Сәбитов (фото)
285
оқылды

«Біздің елде сатылмаған, жекеше­лен­діріл­ме­ген не қалды? Бұған тыйым салар, тоқтау айтар біреу табыла ма, табылмай ма?».

Бұл – Шығыс Қазақстан тұрғын­да­рының жанайқайы. Олар өңірдегі аса маңызды стратегиялық нысан­дар­дың сатылғалы жатқанына алаңдаулы.

Шығыс Қазақстандағы ең ірі екі СЭС (су электр стансалары) – Өскемен мен Шүлбі мем­­ле­кеттің иелігінен жеке секторға өтуі мүмкін. Үкімет басшысы Асқар Мамин 2020 жылғы 29 желтоқсанда «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулыға қол қойып, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткен болатын. Осы жоспарға сәйкес, 674 нысанды жекеменшікке беру көзделген. Олардың қата­рын­да жоғарыда аталған екі СЭС, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ, Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты, Павлодардағы мұнай-химия зауыты, Ақтау теңіз порты, Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2, Air Astana және QAZAQ AIR әуеком­паниялары, облыс орталықтарындағы 6 әуежай бар. «1 ақпандағы жағдай бойынша 384 объект бойынша өткізудің Жол картасы әзірленді және бекітілді. Респуб­ликалық меншіктің 8 объектісін өткізу бойынша дайындық іс-шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 7 объект 2021 жылы, 1 нысан 2022 жылы сатылымға шыға­рылады» деген бо­латын Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл басында өткен Үкімет отырыс­тарының бірінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіз­дік кеңесінің отырысында мемлекеттің бәсекелес ортаға бергелі отырған активтерінің жалпы сомасы 5 триллион теңгені құрайтынын айтып, жекешелендірудің негізгі мақсаты мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, бюджеттің жүктемесін жеңілдету екенін атап өткен-ді. «Жеке компаниялар өз табыстарының басым бөлігін бюджеттік тапсырыстан, жеңілдіктен, гранттан және басқа артықшылықтан емес, өз тауарларын экспортқа шығару және көрсететін қызметі арқылы нарықтан табуы керек. Алайда жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Өкінішке қарай, бізде инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мем­лекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орынсыз жекешелендірулерге жол беруге болмайды. Бұған Үкімет пен қор жауапты» деген-ді Мемлекет басшысы.

Халықтың өміріне жеке адамдар емес, мемлекет жауапты

Шығыс Қазақстан облысының бірқатар тұр­ғындары мен экономика саласының білікті са­рап­шылары жекешелендіру тізіміне енген Өске­мен мен Шүлбі су электр стансаларының жеке­меншікке берілуіне қарсы. Интернеттегі «Права голоса» азаматтық бастамалар жобасының сай­тында 10 мың адам петицияға қол қойып, екі ма­­ңызды стратегиялық нысанның сатылуына қар­сылықтарын білдіріпті. «Біріншіден, мұндай ірі нысандар жекенің иелігінде болмауы тиіс. Бұл – нарықтағы субьекті ғана емес, мемлекеттің та­рихи мұрасы. Екіншіден, аталған су нысан­дары­ның бойында қаншама елді мекен орналасқан. Халықтың өмірі мен қауіпсіздігіне жеке адамдар емес, мемлекет жауапты болуы керек. Үшіншіден, бұл су электр стансалары өңірдің тыныс-тірші­лігімен тығыз байланысты. Жекеге берілсе электр энергиясы бағасының көтерілмейтініне кім кепіл бере алады?», – делінген петиция мәтінінде. Өскемен қаласының тұрғыны, журналист, бұрын энергетика саласында біраз жыл жұмыс істеген Денис Данилевский осы жағдайға алаң­даушылығын білдіріп, Президентке хат жазыпты. «СЭС – аса күрделі технологиялық нысан. Кез келген сәтсіздік апатқа әкелуі мүмкін. Мысалы, Өскеменде 60-жылдары су басу аймағы (қаланың сол жағалауында ондаған шаршы шақырым аумақ) белгіленіп, онда құрылыс жүргізуге ты­йым салынды. Су басқан жағдайда орындалуы тиіс іс-қимыл жоспары әзірленіп, әрбір ша­ғын­ауданда эвакуация орны белгіленді. Нысанның қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ біле бе­ріңіз. Ал мұншалықты маңызды стансаның қа­уіпсіздігін жеке біреуге сеніп тапсыруға бола ма? Ресейдегі Саяно-Шушенск су электр станса­сында болған апат менің есімде. Сол жолғы қайғылы оқиғада 75 адамның өмірі қиылған. Ол станса капиталының белгілі бір үлесі жеке ком­пания иелігінде болатын. СЭС – страте­гия­лық нысан. Оны сату, менің ойымша Қарулы Күш­терді сатумен тең. Жекенің қолына ажырат­қыш қана емес, бөгет, шлюздер де өтіп кететінін ойладыңыз ба? Одан бөлек, Ертістегі балық қоры, су ағынының реттелуі, жайылмалы шал­ғын­дардың жағдайы – бәрінде СЭС үлкен рөл атқарады. Мұның бәрі мемлекеттік маңызы бар мәселелер», – дейді ол.

Баға бақылаусыз кетеді

Биыл 14 сәуірде Парламент Мәжілісінің де­путаты Сергей Решетников Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа де­­путаттық сауал жолдап, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспа­рынан Өскемен мен Шүлбі СЭС-терін алып тастауды сұраған болатын. «2019 жылы Өскемен СЭС-і – 1,8, Шүлбі СЭС-і 1,2 миллиард теңге та­­быс тапты. Барлық шығындарға, күрделі жөн­деу жұмыс­та­рына өз қаражаттарын жұмсады. Мем­лекет та­рапы­нан инвестиция тартылған жоқ. Электр энер­гиясына тариф бағасын бекіт­кенде мемле­кет­тік органдармен келісіп отырады. Енді стан­са­лар жекеменшікке берілсе, электр энер­гиясы­ның бағасы бақылаусыз кетеді. Көп табыс әкеліп отырған стратегиялық нысандарды сату­дың қан­шалықты қажеті бар?», – дейді халық қалаулысы. Экономист Мақсат Халық мемлекеттің эко­номикада жеке сектордың үлесі көбірек болуы турасындағы ұстанымы дұрыс, алайда бұл мәсе­ленің екінші жағы бар екенін айтады. «Мұндай компанияларды кімдер иеленіп жатыр? Негізінен қаражаты бар капиталистер алады. Және арзан бағамен алатынын байқап жүрміз. Мемлекет меншігіндегі түк пайда әкелмейтін компания­ларды неге алдымен сатпайды? Табыс әкеліп тұрған тәуір компанияларды не үшін жекеге береді? Осыны түсінбеймін. Осы жерде ерекше ескеретін, сақ болатын бір дүние бар: ол – стра­тегиялық маңызды нысандар. Мұндай нысандар елдің қауіпсіздігіне, халықтың тұрмыс-тірші­лігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекет иелігінде болғаны дұрыс. Бағасы бар, басқасы бар, мұның бәрін мемлекет бақылауы тиіс. Мына нысандарды қазір жекеменшікке берсек, міндетті түрде бағаны өсіреді. Мұның жергілікті халыққа, олардың төлем қабілетіне кері әсер ететіні анық. Халық үшін тиімді болайын деп тұрған жоқ. Асығыс шешім қабылдамай бұл мәселені мұқият ойластырған дұрыс деп ойлаймын», – дейді экономист. 1994-1996 жылдары еліміздің Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитеттің төрағасы болған, экономист Петр Своиктің ойынша, мұндай нысандар ұлттың қазынасы, оны жекешелендіру мемлекеттік қылмыс. «Ертіс бойындағы Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі деген үш СЭС-те тариф Қазақстан бо­йынша арзан. Бірінші орындағы Бұқтырма СЭС бұдан бұрын жекешелендіріліп, «Қазмырыш» кәсіпорнының иелігіне өткен. Заңда электр энергиясының тарифін Энергетика министрлігі белгілейді деп жазылған. Ал мұндай СЭС-ті ми­нистрлікке тікелей ықпал ете алатын адамдар са­тып алады. Демек, олар өздеріне қолайлы та­рифті белгілете алады. Тариф көтерілсе, оны тұтынатын халықтың қалтасына салмақ түседі. Сондықтан ел тұрмысына тікелей әсер етеді. Ұлт игілігін бұлай біреуге бере салуға болмайды. Біз­де табысты кәсіпорындар жекеге беріліп, әбден шығынға батқан компаниялардың мемлекет меншігіне қайтарылатыны өте түсініксіз», – деп пікірін білдіріпті экономист.

ТҮЙІН:

Жекешелендірудің Жол картасына сәйкес, шығыстағы қос нысан 2021 жылғы 17 наурызға дейін сатылуы керек болған. Алайда ашық дерек­көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, екі СЭС-тің нақты қандай бағаға сатылатыны, кімдердің сатып алатыны көрсетілмеген. Ал жергілікті тұрғындар Үкімет өз шешімін өзгертіп, ел пікірін ескеріп, екі маңызды нысанды жекешелендіру тізімінен алып тастайды деген үмітте.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы