«Nur Otan» партиясы жанындағы «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі» қоғамдық кеңестің отырысында мектеп-интернаттардың бүгінгі ахуалы талқыланып, мониторинг шеңберінде анықталған түйткілдерді шешудің нақты мерзімдері мен жолдары айқындалды.
Ақмола облысы аумағында бүгінде 27 мектеп-интернат болса, оның тек 24-і толыққанды жұмыс істеп тұр. Олар – ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған мекемелер, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттар, арнайы және мектеп жанындағы интернаттар, сонымен қатар балабақша-мектеп-интернат арнайы кешені. Білім ұйымдарына жүргізілген мониторинг балалардың мектеп-интернатта тұру жағдайына, жалпы білім ұйымдарының ахуалына қатысты бірқатар түйткілді анықтады. Мәселен, білім ғимараттарының ескіріп, күрделі жөндеуді талап ететіні және балабақша ғимаратында орналасқаны бар. Олардың қатарында Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты бар. 221 бала оқитын білім ұясындағы сыныптар мен жатын бөлмелер талапқа сәйкес келмейді. Соған қарамастан оқушыларының білім көрсеткіштері облыс көлемінде ең жоғары деңгейде деп бағаланып отыр. Облыстық Білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, аталған білім ұйымына жаңа ғимарат салу жобасы әлі де мақұлданған жоқ. Десе де, Сарыарқа ықшамауданында жер бөлу қарастырылуда. Сондай-ақ биыл Көкшетау қаласындағы №4 облыстық арнайы мектеп-интернатына қосымша ғимараттың құрылысы бастау алды. Жобаның сметалық құны – 783 млн теңге. Ғимарат 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.«Облыстағы 24 мектеп-интернаттың бүгінде әзірге 14-іне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Қалған 10-ын 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жөндеу көзделеді. Айта кетейік, өңірде 3 бірдей мектеп-интернаттың ғимараты бос тұр. Олар Бұланды, Біржан сал, Шортанды аудандарында орналасқан» ,– дейді Валерий Гамазов.«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов осы ғимараттарды мақсатты пайдалану бойынша нақты ұсыныс дайындауды тапсырды. Одан басқа, білім ұйымдарына күрделі жөндеуді кешенді жүргізу ұсынылды. Мәселен, Көкшетаудағы №4 облыстық арнайы мектеп-интернатының ауласына өткен жылы ғана жаңадан асфальт төселді. Ал биыл қосымша ғимаратты салу кезінде сол асфальт қайтадан бұзылған. Сондай мысалдар көптеп кездеседі. Ғалым Бекмағамбетов, сондай-ақ Көкшетаудағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Дана Ысқақованың білім ұясын басқарудағы іскерлігін өзгелерге үлгі етті. Айта кетейік, білім мекемесі өткен жылы ғана қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімін иеленді. Соған орай мектептің іші де жоғары талғаммен безендірілген. Күрделі жөндеу де көзге көрінеді. Ауласы да абаттандырылып, отырғызылған көшеттерге күтім көрсетілетіні бірден байқалады. Жалпы, өңірдегі мектеп-интернаттардың бүгінде материалдық-техникалық жағдайы жаман емес. Соңғы 5 жылда аталған білім ұйымдарын жөндеу жұмыстарына 4 млрд теңге жұмсалған. 2022 жылы жалпы сомасы 133,9 млн теңгеге мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға тапсырыс берілген.
Дәулет АСАУ