Балалардың жағдайы басты назарда
Балалардың жағдайы басты назарда

«Nur Otan» партиясы жа­нындағы «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі» қоғамдық кеңестің отыры­сында мектеп-интернаттар­дың бүгінгі ахуалы талқы­ла­нып, мониторинг шеңберінде анықталған түйткілдерді ше­шудің нақты мерзімдері мен жолдары айқындалды.

Ақмола облысы аумағында бүгінде 27 мектеп-интернат болса, оның тек 24-і толыққанды жұмыс істеп тұр. Олар – ата-ана­ларының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған меке­мелер, дарынды балаларға арнал­ған мамандандырылған мектеп-интернаттар, арнайы және мектеп жанындағы интернаттар, сонымен қатар балабақша-мектеп-интернат арнайы кешені. Білім ұйымдарына жүргізілген мониторинг балалардың мектеп-интернатта тұру жағдайына, жал­пы білім ұйымдарының ахуалына қатысты бірқатар түйткілді анық­тады. Мәселен, білім ғимараттары­ның ескіріп, күрделі жөндеуді та­лап ететіні және балабақша ғима­ратында орналасқаны бар. Олар­дың қатарында Көкшетау қала­сындағы «Білім-инновация» ли­цей-интернаты бар. 221 бала оқитын білім ұясындағы сыныптар мен жатын бөлмелер талапқа сәйкес келмейді. Соған қарамастан оқушыларының білім көрсеткіш­тері облыс көлемінде ең жоғары деңгейде деп бағаланып отыр. Облыстық Білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, аталған білім ұйымына жаңа ғимарат салу жобасы әлі де мақұлданған жоқ. Десе де, Сарыарқа ықшамауда­нында жер бөлу қарастырылуда. Сондай-ақ биыл Көкшетау қала­сындағы №4 облыстық арнайы мектеп-интернатына қосымша ғи­мараттың құрылысы бастау алды. Жобаның сметалық құны – 783 млн теңге. Ғимарат 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспар­ланып отыр.
«Облыстағы 24 мектеп-интер­наттың бүгінде әзірге 14-іне күр­делі жөндеу жұмысы жүргізілген. Қалған 10-ын 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жөндеу көзделеді. Айта кетейік, өңірде 3 бірдей мек­теп-интернаттың ғимараты бос тұр. Олар Бұланды, Біржан сал, Шортанды аудандарында орналас­қан» ,– дейді Валерий Гамазов.
«Nur Otan» партиясының об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов осы ғимараттарды мақсатты пайдалану бойынша нақты ұсыныс дайындауды тап­сырды. Одан басқа, білім ұйымда­рына күрделі жөндеуді кешенді жүр­гізу ұсынылды. Мәселен, Көк­шетаудағы №4 облыстық арнайы мектеп-интернатының ауласына өткен жылы ғана жаңадан асфальт төселді. Ал биыл қосымша ғима­ратты салу кезінде сол асфальт қай­тадан бұзылған. Сондай мысал­дар көптеп кездеседі. Ғалым Бекмағамбетов, сондай-ақ Көкшетаудағы дарынды бала­ларға арналған №3 облыстық ма­мандандырылған мектеп-интерна­ты­ның директоры Дана Ысқақова­ның білім ұясын басқарудағы іс­кер­лігін өзгелерге үлгі етті. Айта ке­тейік, білім мекемесі өткен жылы ғана қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімін иеленді. Соған орай мектептің іші де жоғары тал­ғаммен безендірілген. Күрделі жөн­деу де көзге көрінеді. Ауласы да абаттандырылып, отырғызылған көшеттерге күтім көрсетілетіні бірден байқалады. Жалпы, өңірдегі мектеп-ин­тер­наттардың бүгінде материал­дық-техникалық жағдайы жаман емес. Соңғы 5 жылда аталған білім ұйымдарын жөндеу жұмыстарына 4 млрд теңге жұмсалған. 2022 жы­лы жалпы сомасы 133,9 млн тең­геге мектеп-интернаттардың ма­териал­дық-техникалық базасын нығайтуға тапсырыс берілген.

Дәулет АСАУ