Көкшетауда күздің алғашқы айларынан бері газ тапшылығы қатты сезіле бастады. Қаланың жартысына жуығы бір айдай уақыт мүлде газсыз қалған. Орталықтандырылған газ қосылған үйлерде тұрса да, тұрмыстық баллондарын сүйреген жұрт газ құю стансаларын жағалап жүр.
Алайда көгілдір отын газ таратушылардың өзінде де қасқалдақтың қанынан қат болып шықты. Бірнешеуінде мүлде болмаса кейбірі тек талонмен ғана шекті межеде беруге көшкен. Тіпті, автокөлік иелері де газ таппай әуре-сарсаңға түскендерін айтады. Күні кеше тұрмыстық газ баллонын көпқабатты үйде қолданудың салдарынан оқыс оқиға болды. Орталықтандырылған газ қосылған Көктем шағынауданындағы №5а үйде газ жарылып, пәтердің бөлмеаралық ішкі қабырғалары бұзылған. Үй иесінің аяқтары күйсе, көршісі қатты шошынып, екеуі де ауруханаға түскен. Бірақ бұл үйді газбен қамтамасыз ететін «Газ Қызмет» ЖШС басшылығы өздерінің кінәлі емес екенін айтып, ат-тонын ала қашты. Ұйым басшылығы бар пәлені тұтынушылардың өздеріне жаппақ болды. «Бұл үйде төрт күн газ болған жоқ. Ал дәл сол күні газ қосылған. Бірақ бұл үшін «Газ Қызметке» кінә тағудың қажеті жоқ. Тұтынушылардың өздері кінәлі. Біз онда барып топтық газды жаптық. Ал өрт сөндірушілер газ баллонын сыртқа алып шықты. Пәтер иесі үйде болмаған. Ол газ редукторын ашық тастаған немесе оның баллоны газ шығарып тұрған болуы мүмкін. Біздің газ құбырының краны жабық тұрған. Бұл факт», – дейді «Газ Қызмет» компаниясының директоры Марал Каркенова. Газ таратушы ұйым директорының айтуынша, қазір газ мәселесі қатты күрделеніп кеткен. Өйткені тұрмыстық газдың сатып алу бағасы күрт қымбаттапты. «Біз қазір әлеуметтік шиеленіс болмас үшін өзіміз 135 теңгеден сатып алған газды халыққа 123 теңгеден сатамыз. Бірақ бұлай істей беруге шыдас бере алмаймыз. Сондықтан әкімдіктен газ тарифін көтеруге рұқсат беруін сұраймыз», – деп толықтырды Марал Қаркенова.Электронды сауда газ тапшылығын тудырды
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, газ тапшылығының туындауы Энергетика министрлігінің әлеуметтік газды жеткізушілерді аккредитациядан өткізуінен кейін туындаған. Ал қаладағы бірқатар газ таратушы ұйым бұл аккредитациядан өтпей қалған. «Көкшетауда дәл қазір Энергетика министрлігінің аккредитациясынан өткен «Көкшетау Транс Газ», «Обл Газ» және «Шерол-2017» ЖШС-ы ғана жұмыс істейді. Ал қала тұрғындарынан көп шағым түсіп жатқан «Газ Қызмет» пен жеке кәсіпкер «Джуркин» аккредитациядан өтпеген. Олар газды жоғарыдағы газ таратушы ұйымдардан алады. Министрлік пандемияға байланысты қайта өңделген газды электронды сауда алаңына шығарған. Ал онда газ биржасында қандай жеткізуші ең жоғары баға қойса, сол сатып алады», – дейді қала әкімінің орынбасары Серік Құдабай.Көгілдір отын қымбаттап кеткен...
Жалпы, көгілдір отын тапшылығы елімізде тұтас етек ала бастағаны байқалады. Яғни, бұрын бір облысқа жеке бөлінетін газ енді электронды биржа арқылы сатыла бастаған. Ал биржадағы бағаны мемлекет мүлде реттемейді. Бұған дейін газдың келісін ақмолалықтар 70-80 теңгеден сатып алатын. Қазір биржада газдың құны 100 теңгеден асып жығылған. Ал газды жеткізушілер оны өз бетінше дербес сатып алуға көшкен. «Қазір әр газ таратушы ұйым көгілдір отынды өзі жеке сатып алады. Сондықтан газ таратушы ұйымдар осындай күрделі жағдайға тап болды. Олар қажеттіліктеріне қарай газды таңдай алмайды», – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газбен қамту бөлімінің басшысы Жасқайрат Садықов. Спикерлердің айтуынша, Көкшетау қаласының әкімдігі Энергетика басқармасымен тікелей жұмыс істеп, газдың қызмет көрсетуші ұйымдарға жеткізілуін қадағалап отырады. Қала әкімдігінің мәліметінше, жалпы қалада барлығы 238 газ тарату қондырғысы болса, қазір соның тек 112-сі жұмыс істеп тұр. Оған 285 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Ал орталықтандырылған газбен шаһардың небәрі 41,4 пайызы ғана қамтылған.Орталықтандырылған газдан бас тартқан
«Қалаға бутан-пропан қоспасы пропанның кемінде 70 пайыздық жоғары ылғалдылығымен жеткізіледі. Ал ол қатты аяз болған кезде жерден шыққан газ құбырларының қатып қалуына әкеліп соғады. Орталықтандырылған газ желісі қалпына келтірілген үйлерде жөндеу кезінде газ құбырларын бұзу фактілері де кері әсерін тигізген. Тіпті, орталықтандырылған газдан бас тартқандар да кездеседі. Яғни, ережені бұзғандар көпқабатты үйлерде газ баллондарын қолданады. Осындай себептерге байланысты 4 200-ден астам тұтынушы газға қосылмаған», – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Серік Құдабай. Әкімдік мамандары аккредиттеуден өтпеген кәсіпорындарға газ тарату қондырғылары осыдан көп жыл бұрын берілгенін айтады. Ведомствоның мәліметінше, жеке кәсіпкер «Джуркин» мен «Газ Қызмет» ЖШС кәсіпорындарына газ тарату қондырғылары 2006 жылы берілген. Яғни, бұл кезде жер учаскелері мен техникалық құжаттары мүлде болмаған. Ал жергілікті билік құжаттарды қалпына келтіру және конкурс өткізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Дегенмен «Қазақстан Республикасында газ және газбен қамту туралы» заң 2012 жылы қабылданған. Ал әкімдіктің газ тарату ұйымдарын сол уақыттан бері құжаттарын тәртіпке келтіруін талап етіп, бақылауға алмағаны тағы түсініксіз.Газбен қамту инспекторы жоқтығынан жазаға тарта алмайды
Спикерлердің айтуынша, өзінің міндеттемелерін орындамаған жағдайда газ таратушы ұйымдар айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Алайда қазір Көкшетауда газдандыру мәселелері бойынша инспектордың болмауына байланысты айыппұл да сала алмайды. Мәселен, қаншама тұрғынды газсыз қалдырған «Газ Қызметке» газдандыру мәселесі инспекторы болмай еш жаза қолдана алмайды. Жергілікті билік жақын арада қаладағы газ мәселесі төңірегінде дөңгелек үстел ұйымдастырылатынын жеткізді. Мұнда газ таратушы ұйымдардың өкілдері қатысып, қаланы газбен қамтудағы өткір мәселелер мен оны шешудің жолдары қарастырылмақ.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы