Әлімжеттіктің «көкесі» – мектепте
Әлімжеттіктің «көкесі» – мектепте
602
оқылды

Оңтүстік өңірде мектеп жа­сындағы балалар арасын­да әлімжеттік фактілері өр­шіп тұр. Жуырда Түркістан қаласында 5-сынып оқушы­сын сыныптасы соққыға жы­ғып, өлтіріп қойған. Ал Шым­кент қаласында бас­тауыш сынып оқушысын сы­нып­­тасының әжесі келіп, мұ­ға­лімнің көз алдында ұрып кетті.

Бар кінә мектепте ме?

Түркістан қаласындағы №18  мектеп-гимназиясы 5-сынып оқушысы 10 жасар Рамазанның өлімі түркістандық құзырлы ор­ган қызметкерлерін  тік тұрғызды. Рамазанды туғаннан бауырына басқан әжесі Гүлнар Махано­ваның еңірегенде етегі жасқа то­лып отыр. «Бар кінә мектепте», – дейді ол. Немере­сінің өліміне сыныпта­сының қатты соққысы себеп бол­ғанын айтады. «Бала­панымды сыныптасы әжетханада аямай ұрған. Бір емес, бірнеше рет ұрып­ты. Сәрсенбі күні жам­басынан, бүйрегінен тепкен екен. Өз қо­лыммен ұстап, кө­гергенін көр­дім. Балам  қорық­қаннан қанша күннен бері айт­пай жүр­ген. Мек­теп мұғалімдері қайда қарап жүр? Неге көрмейді?» деп аһ ұрды қа­пыда балапанынан көз жазып қалған әжей. Ал Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі оқиғаны былайша түсіндірді. Ж.Еділбаев атындағы №18 мек­теп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Рамазан Жақыпбек 11 қазан күні 6-сабақта мазасыз­данып отырған соң оны  дене­шынықтыру пәнінің мұғалімі ағасымен бірге үйіне қайтарған. Содан кешкі уақытта тағы мазасы қашқан соң үйіндегілер  2 рет жедел жәрдем шақыртып, ауру­ханаға алып кеткен. Жасөспірім таңға жақын ауруханада қайтыс болыпты. Ра­ма­занның әкесі ертеректе өмірден өтіп кеткен екен, жалғызбасты анасы, әжесі бар. Әжесі Гүлнар 11 қазан күні немересін ертіп, мектепке келген екен. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мереке Тоқбергеноваға жолығып, осыдан 5 күн бұрын үзіліс кезінде сыныптасы Ерасыл Нағашыбаймен әжетханада қол жууға таласып, бір-бірінің иықтары тиіп кеткенін айтқан екен. Мектеп әкімшілігі ол кезде ешқандай төбелестің немесе ұрып-соғу, қол жұмсау фактісі болмағанын, балалар бір-бірімен ары қарай ойнап кеткенін айтады. Оқиға 6-сы күні болса, 7 қазанда мектеп психологі өткізген «Алақай, мен 5-сыныпта оқимын» тақырыбындағы психологиялық тренингке Рамазанның жақсы қатысып, көңілді отырғаны туралы да айтылған. Одан кейін 11-і күні ауырып, үйіне кетіп қалған баланың 12 қазанның таңында қайтыс бол­ғанын ювеналды полиция қызметкері ха­бар­лайды. Бұл – Адами әлеуетті дамыту бас­қармасы ұсынып отырған ақпарат.

«Ол баланы барлығы ұрады екен ғой»

Бұдан бөлек, мәліметте мектеп әкімші­лігінің оқушының үйіне барып, нағашы әжесімен сұхбаттасқаны айтылған. Онда әжесінің айтуы бойынша, бала мазасыз­данып, оқыс қылықтар жасапты, балағат сөздер айтыпты. Сондықтан баланы мол­даға да апарған екен. Баланың дене қызуы 39 градусқа көтерілген соң жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген. Демек, баланың басына соққы тиіп, психикасы бұ­зылған сыңайлы. Мұны Түркістан қа­ласындағы орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанат Букебаева да растап отыр. «Бала шошып оянып, психикалық ақаулары болған. Соққыға жығылған соң шамалы психикалық жағынан қозу орын алған. Мидың жабық травмасы, мидың шай­қалуы, ісінуі, ми тінінің қысылуы бол­ған. Сөйтіп, бізде аспирациялық синдром деген диагноз қойылып, сот медициналық сараптамаға өткізілді», – дейді дәрігер. Ал мектеп директоры ат-тонын ала қашып отыр. №18 мектеп-гимназиясының директоры Уәлихан Бейсенбаев мектепте ұрып-соғу оқиғасының тіркелмегенін, ме­дицина қызметкеріне ешкімнің жүгін­бе­генін айтып әлек. «Егер ондай оқиға болса, тіркелер еді», – дейді ол. Баланы соңғы сапарға аттандырып болған соң жәбір­ленушінің туыстары мектепке баса-көктеп кіріп, бүлдіршіннің өліміне жауап беруін талап етті. Біртоға жүретін Рамазан ауыр­сынуы жанына батқан соң әжесіне болған оқиғаны айтқан екен. Естуінше, қайтыс болған бала сыныптасына сұраған ақшасын тауып бере алмаған. Ал ұрып-соқты деген Ерасылдың туыстары да осы кезде білім ордасына келіп, өздерінің кінәсіз екенін айтып бағуда. «Ол баланы барлығы да ұрады екен. Бұл өзі жуас бала екен ғой. Біздің де жанымыз ашып тұр», – деді Ерасылдың туыстарының бірі.

Бүлдіршінді ұрған әжей 29 мың теңгемен құтылды

Ал күні кеше Шымкентте 1-сыныптың оқушысын сабақ үстінде ұрып кеткен әжей­ге қатысты сот болды. Естеріңізде болса, 13 тамыз күні Шым­кенттегі ақылы мектептің біріндегі дайын­дық сыныбына барып жүрген оқушыны сыныптасының әжесі келіп ұрғаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған болатын. Таяқ жеген баланың анасы да мек­теп мұғалімі екен. Өзін Жанар Жаппар­құлова деп тапсырған ол сот шешіміне риза емес екенін айтады. Ұлына қол көтерген әжейдің отбасы шенді қызметкерлер екен. «Ол ата-аналарға арналған топта маған өрескел сөздер де айт­ты. Менің сотқа жүгінгенім үшін құзыр­лы ор­ганда қызмет ететін баласына нұқсан ке­ле­тінін айтып бейәдеп сөйледі. Сонда оның ұлының абыройы бар да, менің ұлым ол үшін көк тиын ба?», – дейді ашынған ана. әлімжеттік Оқиға тамыз айында Шымкент қала­сын­дағы «Жас Дарын-2» ақылы бастауыш мектебінде болған. Жанар Жаппарқұлова биыл 1-сыныпқа баратын ұлын ақылы негізде даярлық тобына береді. 13 тамыз күні баласы үйге келіп ауырған, бетінің кө­гергенін көреді. Кейін ұлынан оқиға туралы біледі. Мектеп директорына кіріп, мән-жайды білген. Екі бала ренжісіп қалған. Сөйтіп, ренжіскен сыныптасының анасы мен әжесі балаларын алып кетуге келгенде сыныпқа кіріп, бүкіл оқушының көзінше кішкентай  баланы шапалақпен салып қалады. «Бала болған соң өзара ұрысып та қалатынын түсінемін. Бірақ қорғансыз баланы қалай ұруға бо­лады? Әже деген аты­на лайық тірлік емес қой. Оның «біз әуле­тімізбен органда істей­­міз» деп басынғаны жаныма батты. Мен 17 тамыз күні поли­цияға шағым түсір­дім», – дейді ана. Қаратау аудандық Полиция басқар­масында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2 бабымен (Ұрып-соғу) тіркелген іс, екі айдан соң Шымкент қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Онда бастауыш сынып оқушысының әжесіне дәл осы бап бойынша айып тағылды. Айыпталушының кінәсі дәлелденіп, оның ІІІ топ мүгедегі екені ескеріліп, оған 29 170 теңге көлемінде әкімшілік айып­пұл салынған. Сот шешімі әлі заңды күшіне ен­ген жоқ. Дегенмен жәбірленген оқушы­ның анасы бұл шешімге разы емесін жасырмады.

«Адам құны гүлден де төмен екен»

«Сот отырысы бір рет қана болды және мені онша сөйлетпей, істі тез бітірді. Бар болғаны 29 мың теңге айыппұл салды. Сотта ол әйелден «неге ұрдыңыз?» деп сұ­раған да жоқ. Тіпті, мен бұл әйелдің бұрын бірнеше мәрте істі болғанын да  осы кезде біл­дім. Судья шешімді оқыған кезде оның қандай баптар бойынша істі болғанын жеке-жеке атап кетті. Мені сөйлетпеді. 29 мың айыппұл салды да, істі жаба сал­ды», – дейді Жанар Жаппарқұл. Жәбірленуші сонымен бірге өткен жылы қызғалдақ жұлғанға 9 миллион айып­пұл салған жағдайды еске алып, ба­ласының құқы гүл құрлы қорғалмағанына қапаланды. «Сонда адамның құны гүлден де төмен болғаны ғой» деп ашынды ол.

Күзетші мен педагогтер сөгіс алды 

Шымкент қалалық Білім беру басқар­масы берген мәліметке сүйенсек, «Жас Дарын-2» бастауыш мектебінде 6 жасар ба­лалар мектепке даярлау үшін тамыз айын­да ата-аналардың өтінішімен қа­былдаған. 13 тамыз күні сабақ аяқталған сәтте сағат 17.30 шамасында күзетшінің ескертуіне қарамастан, Әбдірахим есімді оқу­шының әжесі сабақ өтіп жатқан сы­ныпқа баса көктей кіріп, сабақта отырған Жаппарқұл Арнұрды ұрған. Сабақ беріп жатқан мұғалім Жұмагүл Махмутқұлованың «сыныпқа кіруге болмайды» деген сөзін ескермеген де. Әбдірахимнің әжесі Арнұрға дөрекі сөздер айтып, сыныптан шығып кеткен. Салдарынан оның бетінде соққы­ның ізі қалады. Ата-аналарды татуластыру мақ­сатында мектеп әкімшілігі екі ата-ананы да мектепке шақырған. Алайда Әбдірахимнің әжесі әртүрлі себеппен мектепке келмеген. Осы жайттан кейін екі оқушы да басқа мектепке ауысып кетіпті. Оқиға бойынша мектеп күзетшісіне, мұғаліміне және ди­ректордың оқу-тәрбие істері бойынша орынбасарына сөгіс жарияланыпты.

ТҮЙІН:

Міне, осы екі оқиғаның өзі-ақ әлімжеттік мектептерден басталатынын, тіпті кейде оған үлкендер араласатынын көрсетіп тұр. Ал  қоғам өкілдері әдетте әлімжеттік тек әскерде болады деп ойлайды...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы