UEFA-да жүріп, Азияны армандаймыз
UEFA-да жүріп, Азияны армандаймыз
197
оқылды

Әлем чемпионатының ірік­теу ойындарында өткен жеті ойынның алтауында біздің құрама бірде-бір рет жеңіске жете алмады. Яғни, 2022 жылы жалауы желбірейтін Қатардағы әлем чем­пионатының финалдық кезеңіне шығуға таласа алмайтынымыз белгілі болды. Ұлттық құраманың кейінгі шешуші екі ойындағы көңіл көншітпейтін нәтижелерінен кейін «осылай әр ойын сайын жеңіле бергенше, АФК-ға (Азия футбол конфедерациясы) оралғанымыз  дұрыс па?» дейтіндер қатары кө­бей­ді. Осы орайда қазақ фут­болы­ның қос құрлықтың қай­сысында болғаны пайдалы болатынын сараптап көрмек­шіміз.

Иә, 2002 жылы UEFA құрамына өткелі футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы айта қоятындай үлкен жетістікке жете қоймады. Алайда осы 19 жылдың ішінде клуб­тық деңгейде командаларымыз еурокубоктық ойын­дарға қатысып, аз-кем белесті бағын­дырды. Оған да шүкір дейміз. Дегенмен әлі күнге дейін Еу­ропа футбол алаңдарында уа­қыты­мызды бекерден-бекер өт­кізіп жүрміз деушілер саны азайған емес. Олардың көпшілігі UEFA-ға мүше болғанымызбен, елімізде футбол инфрақұрылымын да жөн­ді дамыта алмай әлекпіз деген сынды алға тартады. – Кезінде бізге UEFA-ға ауыс­пай-ақ, Азия футбол конфедерациясында жүре беру керек еді. Біз әлі өз құрлығымызды бағын­дыр­ған былай тұрсын, Азияда жоғары дәрежеден көрінбей жатып, Еуропаны бағындыруға шауып кет­кеніміз дұрыс болмады. Ел футболы өрісінің кеңеюі үшін әлі де жасалуы тиіс жұмыс көп. Біздің ұлттық құраманы осы жылдарда жинаған тәжірибесімен Азияға қайта қоссақ та, қара үзіп шыға алмаймыз. Қайда жүрсек те, бар бәле ішімізде сияқты, доп тебе ала­тын қазақ баласын тәрбиеле­мей,  бұл сала дами қоймас, – дейді спорт комментаторы Абай Айма­­ғамбет. Ал «Қазақ футболының UEFA-дан АФК-ға қайта өтуі дұрыс па?» деген сауалымызға Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушысы Қайрат Нұр­дәу­летов былайша жауап берді. – Жанкүйерлердің де жанай­қайын түсінуге болады. Соңғы ойын­дарда біз оларды қуанта ал­мадық. Алайда көпшілігінің қызуқандылыққа салынып айтып жатқан «Қазақстан құрамасына Азияға кері қайту керек» деген пікірін дұрыс деп ойламаймын. Азияға ауысқан күннің өзінде кейін Еуропаға оралу оңай бола қоймасы анық. Сондықтан сәл сабыр сақтап, алдағы күннен үміт үзбеу керек. Нәтиже бірден келмейді ғой. Бапкер ретінде қазір балалармен жұмыс істеп жатырмын. Талантты, дарынды жеткіншектер бар. Бастысы оларға көңіл бөліп, олармен дұрыс жұмыс істеу қажет. Ойын кезінде жіберген кемшіліктерімізді уақыт өте келе түзейміз. Қазір балаларға көп көңіл бөлініп, жеткіншектер футболының дамуына жақсы жағдай жасалып жатыр. Жұмыстар өз жемісін береріне сенемін. Жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс білдіреміз. Жеңіс те, нәтиже де келеді. Қоры­та айтқанда, Еуропада жүргені­міздің артықшылықтары көп. Азияға қайтқаннан ештеңе ұта қоймаймыз. Сондықтан Еуропада жүргеніміз дұрыс, – дейді ол. Несін жасырайық, қазақстан­дық жанкүйерлердің арманы – әлем чемпионаты не Еуропа чем­пионатына Қазақстан құрама­сы­ның қатысқанын көру. Азия футбол қауымдастығында жүре бергенде, бәлкім әлем чемпионатына қатысар ма едік? Кім білсін? Осы ретте Азияға оралудың 3 тиімсіз тұсын айта кетейік. Біріншіден, Азия футболын Еуропа футболының деңгейімен салыс­тыруға келмейді. Бұған дәлел іздеп жатудың қажеті шамалы. Екіншіден, Азияда көбіне ортаң­қол құрамалар ойнайды. Рас, Азияда болсақ, Әлем біріншілігіне бару мүмкіндігі артар еді. Бірақ әлем чемпионатына Азиядан барып жатқандардың ахуалы қалай? Осы жағын да ескерген жөн. 2002 жылы өз жерінде жартылай фи­налға жеткен кәрістерден басқа кім бар, жүлдеге іліккен? Сондық­тан әлем чемпионатына баруды армандасақ, жеңілдің асты, ауыр­дың үстін ойламағанымыз абзал. Оның үстіне, Азияда ойнағанына 20 жыл болған, бізден мықты деген Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына әлі күнге дейін барған жоқ. Үшіншіден, Азияға ауыссақ, құрамамыздың ойын кес­тесі тұрақты болмайды. Өйт­кені Азияда Еуропаға қара­ған­да ұлт­тық құрамалар сирек бас қо­сады. Сондықтан біз үшін Еуропада өнер көрсету әлдеқайда тиімді. Бұл мәселе бойынша Қазақ­стан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен де пікір білдірді. Ол құра­ма үшін Еуропада доп тепкен әлдеқайда жақсы деп есептейді. – «Астана» командасы Чемпиондар лигасында «Атлетико Мадридпен» ойнаған кезде Қы­тайдан, Оңтүстік Кореядан, Сингапурдан жанкүйерлер ағылып келді. Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Манчестер Юнайтедпен» ойнаған кезде де Қырғыз­станнан қаншама адам келді. Өзбектердің өзі біздің клубтық деңгейдегі жетістігімізді түрлі басылым беттеріне мақтап жазды. Осындай жетістікке жеткен кезде қолдаушылар көп те, ал құрама­мыздың бірер сәтсіздігін ақтап алушылар аз. Бұл жерде клубтық деңгейдегі жетістіктерімізді ұмыт­паған жөн. Құрама да көп өтпей өзінің жақсы ойындарымен қуан­тады. UEFA бізге қатты кө­мек­тесіп жатыр. Ал жанкүйерлер Қазақстанда футболға көп ақша бөлінетінін айтады. Оны бөліп жатқан кімдер? Осыны түсініп алайық. Қазақстан футбол федерациясы – қоғамдық ұйым. Мемлекеттен азын-аулақ ақша бе­ріледі. Бірақ бізге көп қаржыны UEFA береді. Басқасы басқа, «Азияға қайтадан көшу керек» деген пікірді өте қасаң пікір деп есептеймін. Азия бізге қажет кез­де кіріп, қайтып шығып кететін есік емес қой. Одан да мықты­лармен ойнап, Еуропаның үздік ұжымдарының деңгейінде доп тебуді үйреніп, тәжірибе жинақ­таған маңызды, – дейді Ермұхамед Мәулен.

Түйін:

Негізі, бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсініп алған жөн. Егер Азия футбол қауымдастығына қайта ауысу туралы шешімді құптап, өтініш айтып жатсақ, бұл үшін FIFA Қазақстан футбол федерациясын ұзақ мерзімге жазалауы да мүмкін. Иә, кезінде сәл асығыстық танытқан шығармыз. Енді артқа шегінер жол жоқ. Кей жанкүйерлер солай ойлайды деп сары құрлыққа қазақ футболы бара салады дегенге сену қиын. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, жалпы биыл қазақ спортының қандай деңгейге жеткенін дәлелдеген жыл болды. Тек футзалшыларымыздың қуант­қаны болмаса, басқа спорт түр­лерінен салымыз суға кетті. Қай­­­тейік, әзірге шамамыздың жеткен жері – осы.

Абылайхан ЖҰМАШ