Әлем чемпионатының іріктеу ойындарында өткен жеті ойынның алтауында біздің құрама бірде-бір рет жеңіске жете алмады. Яғни, 2022 жылы жалауы желбірейтін Қатардағы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға таласа алмайтынымыз белгілі болды. Ұлттық құраманың кейінгі шешуші екі ойындағы көңіл көншітпейтін нәтижелерінен кейін «осылай әр ойын сайын жеңіле бергенше, АФК-ға (Азия футбол конфедерациясы) оралғанымыз дұрыс па?» дейтіндер қатары көбейді. Осы орайда қазақ футболының қос құрлықтың қайсысында болғаны пайдалы болатынын сараптап көрмекшіміз.
Иә, 2002 жылы UEFA құрамына өткелі футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы айта қоятындай үлкен жетістікке жете қоймады. Алайда осы 19 жылдың ішінде клубтық деңгейде командаларымыз еурокубоктық ойындарға қатысып, аз-кем белесті бағындырды. Оған да шүкір дейміз. Дегенмен әлі күнге дейін Еуропа футбол алаңдарында уақытымызды бекерден-бекер өткізіп жүрміз деушілер саны азайған емес. Олардың көпшілігі UEFA-ға мүше болғанымызбен, елімізде футбол инфрақұрылымын да жөнді дамыта алмай әлекпіз деген сынды алға тартады. – Кезінде бізге UEFA-ға ауыспай-ақ, Азия футбол конфедерациясында жүре беру керек еді. Біз әлі өз құрлығымызды бағындырған былай тұрсын, Азияда жоғары дәрежеден көрінбей жатып, Еуропаны бағындыруға шауып кеткеніміз дұрыс болмады. Ел футболы өрісінің кеңеюі үшін әлі де жасалуы тиіс жұмыс көп. Біздің ұлттық құраманы осы жылдарда жинаған тәжірибесімен Азияға қайта қоссақ та, қара үзіп шыға алмаймыз. Қайда жүрсек те, бар бәле ішімізде сияқты, доп тебе алатын қазақ баласын тәрбиелемей, бұл сала дами қоймас, – дейді спорт комментаторы Абай Аймағамбет. Ал «Қазақ футболының UEFA-дан АФК-ға қайта өтуі дұрыс па?» деген сауалымызға Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетов былайша жауап берді. – Жанкүйерлердің де жанайқайын түсінуге болады. Соңғы ойындарда біз оларды қуанта алмадық. Алайда көпшілігінің қызуқандылыққа салынып айтып жатқан «Қазақстан құрамасына Азияға кері қайту керек» деген пікірін дұрыс деп ойламаймын. Азияға ауысқан күннің өзінде кейін Еуропаға оралу оңай бола қоймасы анық. Сондықтан сәл сабыр сақтап, алдағы күннен үміт үзбеу керек. Нәтиже бірден келмейді ғой. Бапкер ретінде қазір балалармен жұмыс істеп жатырмын. Талантты, дарынды жеткіншектер бар. Бастысы оларға көңіл бөліп, олармен дұрыс жұмыс істеу қажет. Ойын кезінде жіберген кемшіліктерімізді уақыт өте келе түзейміз. Қазір балаларға көп көңіл бөлініп, жеткіншектер футболының дамуына жақсы жағдай жасалып жатыр. Жұмыстар өз жемісін береріне сенемін. Жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс білдіреміз. Жеңіс те, нәтиже де келеді. Қорыта айтқанда, Еуропада жүргеніміздің артықшылықтары көп. Азияға қайтқаннан ештеңе ұта қоймаймыз. Сондықтан Еуропада жүргеніміз дұрыс, – дейді ол. Несін жасырайық, қазақстандық жанкүйерлердің арманы – әлем чемпионаты не Еуропа чемпионатына Қазақстан құрамасының қатысқанын көру. Азия футбол қауымдастығында жүре бергенде, бәлкім әлем чемпионатына қатысар ма едік? Кім білсін? Осы ретте Азияға оралудың 3 тиімсіз тұсын айта кетейік. Біріншіден, Азия футболын Еуропа футболының деңгейімен салыстыруға келмейді. Бұған дәлел іздеп жатудың қажеті шамалы. Екіншіден, Азияда көбіне ортаңқол құрамалар ойнайды. Рас, Азияда болсақ, Әлем біріншілігіне бару мүмкіндігі артар еді. Бірақ әлем чемпионатына Азиядан барып жатқандардың ахуалы қалай? Осы жағын да ескерген жөн. 2002 жылы өз жерінде жартылай финалға жеткен кәрістерден басқа кім бар, жүлдеге іліккен? Сондықтан әлем чемпионатына баруды армандасақ, жеңілдің асты, ауырдың үстін ойламағанымыз абзал. Оның үстіне, Азияда ойнағанына 20 жыл болған, бізден мықты деген Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына әлі күнге дейін барған жоқ. Үшіншіден, Азияға ауыссақ, құрамамыздың ойын кестесі тұрақты болмайды. Өйткені Азияда Еуропаға қарағанда ұлттық құрамалар сирек бас қосады. Сондықтан біз үшін Еуропада өнер көрсету әлдеқайда тиімді. Бұл мәселе бойынша Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен де пікір білдірді. Ол құрама үшін Еуропада доп тепкен әлдеқайда жақсы деп есептейді. – «Астана» командасы Чемпиондар лигасында «Атлетико Мадридпен» ойнаған кезде Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Сингапурдан жанкүйерлер ағылып келді. Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Манчестер Юнайтедпен» ойнаған кезде де Қырғызстаннан қаншама адам келді. Өзбектердің өзі біздің клубтық деңгейдегі жетістігімізді түрлі басылым беттеріне мақтап жазды. Осындай жетістікке жеткен кезде қолдаушылар көп те, ал құрамамыздың бірер сәтсіздігін ақтап алушылар аз. Бұл жерде клубтық деңгейдегі жетістіктерімізді ұмытпаған жөн. Құрама да көп өтпей өзінің жақсы ойындарымен қуантады. UEFA бізге қатты көмектесіп жатыр. Ал жанкүйерлер Қазақстанда футболға көп ақша бөлінетінін айтады. Оны бөліп жатқан кімдер? Осыны түсініп алайық. Қазақстан футбол федерациясы – қоғамдық ұйым. Мемлекеттен азын-аулақ ақша беріледі. Бірақ бізге көп қаржыны UEFA береді. Басқасы басқа, «Азияға қайтадан көшу керек» деген пікірді өте қасаң пікір деп есептеймін. Азия бізге қажет кезде кіріп, қайтып шығып кететін есік емес қой. Одан да мықтылармен ойнап, Еуропаның үздік ұжымдарының деңгейінде доп тебуді үйреніп, тәжірибе жинақтаған маңызды, – дейді Ермұхамед Мәулен.Түйін:
Негізі, бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсініп алған жөн. Егер Азия футбол қауымдастығына қайта ауысу туралы шешімді құптап, өтініш айтып жатсақ, бұл үшін FIFA Қазақстан футбол федерациясын ұзақ мерзімге жазалауы да мүмкін. Иә, кезінде сәл асығыстық танытқан шығармыз. Енді артқа шегінер жол жоқ. Кей жанкүйерлер солай ойлайды деп сары құрлыққа қазақ футболы бара салады дегенге сену қиын. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, жалпы биыл қазақ спортының қандай деңгейге жеткенін дәлелдеген жыл болды. Тек футзалшыларымыздың қуантқаны болмаса, басқа спорт түрлерінен салымыз суға кетті. Қайтейік, әзірге шамамыздың жеткен жері – осы.
Абылайхан ЖҰМАШ