Мәртебесін заңмен бекітіп берсе де, мұғалімдерді мәжбүрлі жұмысқа жегу әлі де бар. Әсіресе, ауылды жерлерде әкімдік қызметкерлерінің міндетін мұғалімдер істеуге мәжбүр. Мәселен, қазір ұстаздар қауымы өз жұмысынан бөлек халық санағы үшін де жауаптылық алған. Ал күні кеше семейлік ұстаздар жұмыс уақытында көше сыпырып жүр. Заңға қайшы әрекетке барғандар жауапкершілікке тартыла ма? Мұғалім мәртебесі қайтсе көтеріледі?
Конституциямыздың 24-бабында: «Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі» деп көрсетілген. Ал екі жыл бұрын қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мемлекетемізде мұғалім мерейі өсіп, мәртебесі көтерілуі керек-тұғын. Құжатқа салсақ, педагогтердің мәртебесі дегеніміз – ұстаздардың қоғамдағы беделін арттыру. Яғни, олардың жұмыс жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Сондай-ақ заңда педагогтердің құқығы мен міндеті қарастырылған болатын.Артық жұмысқа салса, айыппұл қарастырылған
21 баптан тұратын құжатта қамтылған педагогтің құқығын кеңейту нормалары олардың жеке тұлғалық дамуына және оқу үдерісін жетілдіруіне ықпал етеді. Бұдан бөлек, педагогтерді қызметіне жатпайтын жұмысқа тарту, шамадан тыс есептілік, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы олардың жүктемесін азайту көзделеді. Бұл бойынша нақты санкциялар көзделген. Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымының мұғалімдеріне тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндет жүктеу және оның өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түріндегі заңбұзушылықтар болған жағдайда ескерту жасалады. Егер заңға қайшы әрекет қайталанса, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.Мұғалімдер көше сыпырып жүр
Әйткенмен, заңнан кейін жағдай өзгерді деуге әлі ертерек. Өйткені ұзтаздар бұрынғыдай санаққа жегіліп, әлі күнше көше сыпырып жүр. Күні кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Семейде мұғалімдердің көше тазалап жүргенін желідегі парақшасында жазды. Бұған дейін де 200-дей басшы дәл осындай бассыздық үшін жазаланған екен. «Семей қаласында оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген. Шамасы, мұндай тапсырманы қала әкімінің орынбасары беріп, осындай мазмұндағы хат мектептерге таратылған», – деп жазды ведомство басшысы. Сондай-ақ министр қолданыстағы заңды түсінетін уақыт жетсе де, мұғалімдерді жергілікті жерлерде жұмысқа жегу тыйылмай келе жатқанын түсінбей дал. Айтуынша, дәл осындай бұзушылықтар үшін екі жүздей басшы жазаланған. Олар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбіреуі жұмыстан да шығарылды. «Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік іс қозғап, тексеру жүргізіліп жатыр. Қала әкімі орынбасарының бұл жағдайға қатыстылығы расталған жағдайда лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылады», – деп жазды министр. Сондай-ақ ол қажетті шаралар қабылдау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүгінетінін және қалалық білім бөлімінің басшысы да жауапкершілікке тартылатынын мәлім етті.Тексеріс жүріп жатыр
Білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір осы оқиға бойынша тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесі шыққан күні министрлік өкілдері баяндайтын болады. Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасы басшысы Сайрангүл Жұмәділова «Көше сыпыруға мұғалімдерді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Олардың барлығы өз еркімен шыққан. Мен бұл тақырыпта ештеңе айтпаймын. Бір білсе, Семей қаласының әкімдігі біледі. Біздің тарапымыздан ешқандай тапсырма берілген жоқ. Тазарту жұмыстары туралы тапсырма әкімдіктен келген. Егер заңсыздық дәлелденетін болса, Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті шешімімен әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, мектеп директорына айыппұл салынады», – дейді басқарма басшысы. Ал Семей қаласы қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков: «Мұғалімдерді сенбілікке шығаруға ешкім нұсқау берген жоқ. Бұл – әр адамның жеке таңдауы. Сенбілік туралы хат меншік нысанына қарамастан барлық ұйымға жіберілді. Өйткені мұндай шараларды өткізу кезінде барлық жерде солай жасалады. Келуді міндеттейтін және бұл күні сабақ өткізбеу туралы сөз болған жоқ», – дейді.Ақылы жұмысқа шектеу жоқ
Педагогтердің тарапынан арыз-шағым жасалмаса да, аймақтағы әкімшіліктер халық санағына мектеп мұғалімдерін де міндеттеп қойғаны туралы соңғы кездері жиі айтылып жүр. Алматы облысы тұрғыны Аяулым (өз өтініші бойынша тегі мен толық аты-жөнін жазбадық) санақ бойынша жауап беруге міндеттелген мұғалімдер бар екенін жасырмайды. «Бұл жағдай бізде ғана емес, барлық облыстардағы ұстаздар санақ бойынша жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданында танысым бар. Мұғалім болып істейді. Оларда да өздерінің тікелей міндетінен бөлек, санақ бойынша апта сайын есеп жүргізіп жүр екен», – дейді. Осы жағдайды айтып Алматы облысы Білім басқармасы бастығының орынбасары Айжан Мамановаға хабарластық. «Бізге ондай ақпарат түскен жоқ. Бірақ алдағы уақытта тексеріс жасайтын боламыз. Бірақ ақылы түрде келісімшарт жасалып, мұғалімдердің уақыты болып, өз еркімен санақ жұмысына қатысуы мүмкін. Біз оған шектеу қоя алмаймыз», – дейді Айжан Маманова.Ұстаздың уақытын ұрламау керек
Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Береке Даулетханқызы «мұғалімнің басты міндеті – білім мен тәрбие беру» екенін айтты. «Мәртебе мұғалімге берілген 45 минуттың әрбір минутынан басталады. Егер сол минуттың бір минутына нұқсан келетін болса, онда мұғалімнің атқаратын міндеті ойсырайды», – дейді Береке Жұмақаева. «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн 282 млрд теңге бөлінді. Алайда педагогтердің пәрменін арттыруға бағытталған заңды белден басқандарға жауапкершілік жүктеп, басы артық сағаттан басын арашаламай, мұғалім мәртебесін көтеру мүмкін емес.Жадыра МҮСІЛІМ