Жабай өзенінің жайы не болмақ?
Жабай өзенінің жайы не болмақ?
470
оқылды

Ақмола облысының бірнеше ау­да­нын кесіп өтетін Жабай өзенінің суы тар­тылып, ар­насы тарылып барады. Әсі­­ресе, Сандық­тау ауданындағы өзен­­­нің деңгейі тым тө­мендеп кеткен. Ал бір кездері жарқ-жұрқ етіп, аттай тулап жататын ба­лық­тары қай­раңға шы­ғып, қырыла бас­таған. Кеуіп кет­кен өзен­нің табанына қа­мыс өсіп, терең су­­дың орнын әр жер­дегі шалшықтар ға­на бас­қан. Балалар су­ға шомылатын то­ғанға да суға түсуге тыйым салы­нып­ты.

Дабыл қаққан белсенді тұр­ғындар биліктің назарын аудармақ болып жергілікті әкімдікке де, тиісті органдарға да талай мәрте хат жазып, мәселе көтерген. Алай­да бірнеше жыл өтсе де жағдай түзелудің орнына керісінше ушыға бастапты. Мәселе 2017 жылы Парла­менттік деңгейде де көтерілген. Құрамына Мәжіліс депутаттары және облыстық тиісті органдардың шенеуніктері мен әкімдер кірген комиссия өзен арнасын аралап, оны тазалау қажет екеніне көз жеткізген. Алайда содан бері аттай төрт жыл өтсе де, өзен арнасы әлі күнге еш тазаланбады. Өзенді тартылып кетуден сақтау үшін тұрғындар өз күштерімен әрекет­теніп те көрген. Бірақ еңбек еш кет­кенге ұқсайды. Көктемгі су тас­қынынан өзеннің жиегіндегі тұрғын үйлерді су басудан сақтау үшін билік суды жылда ағызып жіберуге көшкен.

Өзеннің экологиялық жағдайы ушығып барады...

«Жабай өзенінің тереңдігі сек­сенінші жылдарда 5 метрден асып жығылатын. Ал қазір ең терең тұсы небәрі 2-3 метрден аспайды. Жаға­сына үйлерді салуға рұқсат беріп тастаған. Ал олар жыл сайын зар­дап шегіп келеді. 2017 жылы су тас­қынында өзен жағасындағы бөгет шыдамай, жарылып кетіп, көп үйлерді су басты. Бұл, әрине бірінші кезекте өзен арнасының тазаланбауынан болды. Егер өзен таза болса, су тасқыны елді еш ма­заламас еді. Ал жергілікті билік мә­селені тек суды ағызып жібе­румен шешпек болды. Жыл сайын күзгі айларда Атбасар жаққа суды әдейі ағызып жібереді. Ал бұдан экологиялық жағдай ушығып, өзен тартылып барады. Оған мән беріп жатқан билік жоқ», – дейді Бал­кашин ауылының тұрғыны Виктор Новоселов.

Су тасқынының алдын алу үшін ағызып жібереміз – әкімдік

Дәл қазіргі уақытта кемерінен асып толқып жататын өзен кеуіп жа­тыр. Ал әкімдік өзен суын көк­темгі тасқын кезінде елді мекен­дерді шайып кетпес үшін әдейі басқа арналарға ағызып жіберетінін айтады. «2010 жылы Балкашин тоға­нына күрделі жөндеу жүргізілген. Алайда 2011 жылғы көктемгі тас­қын суға төтеп бере алмай, бұзыл­ған. Қазір Балкашин тоғаны гидро­техникалық ғимарат ретінде есепте тұрған жоқ. Суды Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департа­мен­ті­нің ұсынысына сәйкес транзиттік режимде ескі бөген арқылы өткі­земіз. Дегенмен жазғы уақытта су деңгейін көтеру үшін бөгенге то­пы­рақ үйіліп уақытша суды ұстау жұмыстары жүргізіледі. Ал күзгі уақытта суық түскенге дейін көк­темгі су тасқыны шығындарын ба­рынша төмендету үшін өзен суын ағызып жібереміз», – дейді Сандықтау ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков. Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл өңірдің көктемгі су тасқыны қаупі төнген елдімекендерді инже­нерлік қорғау жоспарына сәйкес Балкашин ауылы маңында Жабай өзенінің жағасында арнайы жұ­мыстар жүргізілген. Өзеннің арна­сын құм қайраңдар мен бұталардан тазарту қажет болған. Қазіргі сәтте судың арнасы толып кеткендіктен, бір учаскеде жұмыстар аяқталмай қалыпты. «Жоспарға сәйкес жұмысты аяқтау үшін үйілген топырақты жырып, суды ағызып жіберуге мәж­бүр болдық. Үйілген топы­рақ­ты жарып ағызу 13 қазанда өткі­зілген. Тоғанның суы құрғаған жер­лерде балықтардың өлгені бай­қалды. Аудан әкімдігі ерікті аза­маттар мен жергілікті тұрғын­дардың, сондай-ақ Есіл облысара­лық балық шаруашылығы инспек­циясының мамандарымен бірле­сіп, өзеннің кеуіп қалған тұста­рын­дағы балықты суға жіберу ша­ралары жүргізілді», – дейді Сан­дық­тау ауданы әкімі.

Жобаға 3,2 миллиард теңге қаражат бөлінбек

Өзен арнасын тазарту шара­ла­рын ұйымдастыру мен жүргізілетін жұмыстардың жайын Ақмола об­лысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу бас­қармасынан білмек болдық. Басқарманың мәліметінше, Жабай өзенінің арнасын тазарту жұмыста­рының жобасы аяқталуға таяу. Жобаны жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлінуі тиіс. Басқарманың мәліметінше, жүргізілетін жұмыс­тар су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағыт­талған. «Жабай өзенінің арнасының түбін тереңдету, тазарту және тіктеу жұмыстары бойынша жүзеге асы­рылатын барлық инженерлік-тех­никалық шаралар су тасқыны ке­зінде Балкашин ауылының аума­ғын инженерлік қорғауға бағыт­талған. Жобалаушы – Алматы қа­ласының «Қазгидро» ЖШС. Қазір жер учаскелеріне құжаттар рәсім­деліп жатыр. Құжаттар әзірлен­геннен кейін жоба экологиялық сараптамаға жолданатын болады. Мемлекеттік сараптамадан өткенге дейінгі жобаны жүзеге асырудың құны шамамен 3,2 миллиард теңге болып отыр. Жобаға сәйкес өзен­нің түбін тереңдету, арнасын ке­ңей­ту, қорғаныс бөгендерін бекіту, кеңіген өзен учаскелеріне көп­жыл­дық шөптер егу, су ағысы жыл­дам­дығын төмендету көзделген. Бюд­жеттік өтінім қазанның аяғында немесе қараша айында берілмек», – дейді басқарма басшысының орынбасары Болат Төкішев. Қысқасы, Жабай өзенінің түбін тазалау, кеуіп қалған арнасын қал­пына келтіру, миллиардтар бөлі­нетін жобаның қай уақытта нақты жүзеге асатыны әзірге беймәлім. Өйткені тұрғындар алғаш рет да­был қаққаннан бері де төрт-бес жыл өте шықты.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы