«Авторлық фильмдердің дені фестивальға арнап түсіріледі». Көпшілік пікір осыған саяды. Ал авторлық фильмдерге қаржыны мемлекет бөледі. Олардың арасында шетелден жүлде алғандары да өте көп. Мұндай фильмдердің көбі шетелдік фестивальдар аудиториясына, белгілі бір мамандарға танымал. Бұл фильмдерге көрермендердің баруы да екіталай. «Көпшілік қауымға арналмаған» фильмдерді түсірудің қажеті бар ма? Мемлекет қаржысының өтемін кімнен сұраймыз? Бүгінгі мәселе – осында.
Мәселен, соңғы жылдары «Шекер», «Сары мысық» сияқты фильмдер шетелден жүлде алып келді. Жалпы, соңғы үш жылда фестиваль үшін түсірілетін фильмдер көбейіп кеткен. Олардың дені шетелдік кинобайқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бірақ оның кейбірін қазақ көрермені білмеуі де мүмкін. Неге? Белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаев мұның үлкен мәселе екенін, мұндай дүниенің кинода да, әдебиетте де кездесетінін айтады. Оның айтуынша, әдебиеттің орны бөлек. Олар ең құрығанда мектеп оқулықтарына енгізіліп, төрт-бес жыл оқушыларға оқытылады. Классик жазушылар туралы танымы кеңейеді, біліп өседі. Ал кинода мұндай жоқ. Фестивальдар не үшін керек? Оның рөлі қандай? Көпшілік тарапынан дәл осындай сауал туындауы мүмкін. Көрермен көрмеген фильмді фестиваль бағалай ала ма? Түрлі авторлық кештер болады. Бұл фестивальдар сол авторлық кештер секілді. «Қазір байқасаңыз, кітап сатып алып, ақындардың өлеңін оқып жатқан оқырман көп емес. Олар да азайған. Мәселен, ақын өзінің авторлық кешін өткізеді. Сол кеште ол біраз өлеңін оқиды. Бұрын оның өлеңін танып-білмеген оқырман сол кеште құлағдар болады. Қызыға, іздей бастайды. Сол секілді авторлық фильмдердің де фестивальдан кейін бағы жануы мүмкін. Көрерменге не болмаса фестивальға арнап түсіреді деген ұғым дұрыс емес. Ақын өлеңін, жазушы шығармасын оқырман оқи ма, жоқ па деп жазбайды ғой. Өлең құйылып келді, қағазға түсті. Кино да сол секілді. «Неге кассалық фильм емес?» деп оған сын айта алмайсыз», – дейді Дәрежан Өмірбаев. Авторлық фильмді Қазақстанда көрмейді, оның көрермені жоқ деп біржақты пікір айтуға болмайды. Режиссер «бұл мәселе туындамас үшін көрерменмен жұмыс істеу керек. Кино туралы пән енгізілуі тиіс» деп есептейді.Авторлық фильм мен комедияны салыстыруға болмайды
Режиссер Сәбит Құрманбеков те бұл сауалдың жиі қойылатынын айтады. «Тәуелсіздік алған ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері бұл сұрақ күн тәртібінен түскен емес. 40 жыл кино саласында жүрсем де, режиссерлікке кеш келдім. «Секер» фильмімді 50 жасымда түсірдім. «Секер» де біраз жүлде алған фильмдердің бірі. Сол секілді авторлық фильм неге қаралмайды, кассалық фильм неге өтімді деген сауал жиі туындайтыны рас. Мәселен, Ержановтың фильмдері шетелде жиі жүлде алып жүргені рас. Ол жігітті ерекше құрметтеймін. Өз жолын тапқан талантты жігіт. Фильмдері де сауатты. Оның фильмдері неге комедия емес деп сын айтуға бола ма?», – дейді режиссер. Киноны тауар деп қабылдайық. Жиі өтетін және сирек сатылатын тауарлар болады. Кино өнімі де сондай. Оның өтімділігі жанрына байланысты дегенді айтып отыр режиссерлер. Мәселен, Құрманбеков түсірген «Оралман» фильмі де шетелдерден көп жүлде алды. Бұл фильмді YouTube арнасы арқылы миллион көрермен тамашалады. Оның көтерген жүгі мүлдем басқа. Әлеуметтік мәселені көтеріп отыр. «Оны комедия жанрында түсіре алмайсың», – дейді режиссер. «Ал Қоянбаевтың фильмі неге өтімді? Жеңіл, жанры бөлек. Күрделі тақырыптан гөрі жеңіл дүниелердің өтімді болатыны сондықтан. Екі бөлек жанрды бір-бірімен салыстырудың қажеті жоқ. Көрермен тарапынан қандай сұраныс бар, соны орындап отыр. Менің өз жолым, Ержановтың өз жолы, Қоянбаевтың өз жолы бар. Барлығымыз да көрермен үшін еңбек етеміз», – дейді режиссер Сәбит Құрманбеков.Кино табыс көзіне айнала ма?
Авторлық фильм табыс көзіне айнала алмай отыр. Не себепті? Біз бұл сауалымызды киносыншы Дана Өмірбековаға қойдық. – Бізде кәсіби білікті мамандардың көбі авторлық фильм түсіруге бүйректері бұрып тұрады. Себебі олар бірінші курсқа барғаннан бастап коммерциялық киноны өнердің жауы ретінде миына құйып алады. Яғни, «нағыз өнердің шыңына жеткің келсе, авторлық фильм түсіруің керек» деген ұғым қалыптасып қалады. Яғни, «нағыз өнер – авторлық фильм, фестивальға қатысқым келеді, әлемді мойындатқым келеді» деген сияқты. Бұл – бір. Екіншіден, ұстаз нені үйретсе, шәкірт те ары қарай соны жасайды. Авторлық фильмдер түсіретін мамандар сабақ береді. Артхаустың не екенін, авторлық фильмнің қалай түсірілетінін жақсы біледі. Яғни, өздері білмейтін нәрсені шәкіртіне үйрете алмайды. – Жанрлық фильмдерге қалай бет бұрамыз? – Кино мектептерге режиссерлермен қатар, мықты-мықты продюсерлерді де шақыру қажет секілді. Өйткені продюсер фильм түсірумен қатар қалай ақша табудың да жолын үйретер еді. Мәселен, Адамбаев пен Қоянбаев секілді продюсерлер де сабақ беру керек. Әйтпесе, «кино деген өнер» деп қабылдайтындар да, «кино – бизнес құралы» деп санайтындар да жетерлік. Нағыз халыққа арналған, сүйіп көретін, талапқа сай фильмдер, өкінішке қарай әлі күнге жоқ. Нағыз мамандар, яғни режиссерлер мен продюсерлер бірлесе жұмыс істесе, сапалы дүние шығар еді. Қазақ кинематографиясы француз кинематографиясына қатты ұқсайды. Оларда да кино бірден өнер ретінде қабылданған жоқ. Кейінірек жаңа толқын пайда болғаннан кейін ғана Францияда кино нағыз өнерге айналды. – Бізде авторлық фильмдер қай кезден басталды? – ХХ ғасырдың 90-жылдары Мәскеудің кино институтын бітіріп келген жас режиссерлер авторлық фильм түсіре бастады. Есесіне жанрлық фильмдер ұмытыла бастады. Олар ешқашан жанрлық кино түсірмейді. Әрі шәкірттеріне жанрлық кино түсіруді үйретпейді. Жанрлық кинода жұмыс істеп жүрген мамандар мен авторлық фильм түсіріп жүрген режиссерлер біріккенде жақсы дүние шығатын болар. Француз кинодраматургиясын неге айтып отырмыз? Оларда жаңа толқын пайда болған кезде жанрлық фильмдер түсіріле бастады. Қазір комедия десе, француз фильмдері еске түседі. Неге олардың киноларын әлем мойындай бастады? Өйткені нағыз кәсіби мамандар жанрлық фильмдерді қолға алды. Сондықтан олардың деңгейі жоғары болды. Бізде нағыз кәсіби мамандар жанрлық фильмдерге әлі барған жоқ. Оның орнына әуесқой режиссерлер кино түсіріп кетті. Әуесқой режиссерлердің білім-білігі жетіспейді. Олар бір жарым сағаттық дүние түсіріп, «кино» деп, көрерменге ұсынып жүр. Тіпті, «біздің фильмді көрермен көреді» деп мақтанып жүр. Талғамы жоғары көрермен одан да биік, мықты шығармалар күтіп жүрген шығар. Бүгінгі көрермен әлем кинодраматургиясын жақсы білетін, жиі тамашалап жүрген жандар. Басқа фильм болмаған соң амалсыз әуесқой режиссерлердің кинотуындысына барады. Бірақ оның кәсіби деңгейі төмен екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. «Барымен базар» болып жүр. Бізге Леонид Гайдай, Элдар Рязанов сияқты білікті режиссерлер керек. Ресей кинодраматургиясы неге дамыды? Жанрлық фильмдерді көптеп түсірді. «Сан болса, сапа болатынын» дәлелдеді. Кино мектебін бітірген әр студентке жанрлық кинотуындыны түсіруді талап ету керек. Ол кинотуындының талғамына сай келетіндей болуы тиіс. Сонда ғана кинодраматургия дамып, табыс көзіне айналатын болады.P.S.
Киноиндустрияны нағыз кәсіби мамандар дамыта алады. Түсінгеніміздей, авторлық фильмдер бұл биіктен көрініп жүрген жоқ. Мемлекет қаржысына көрермен талғамын қалыптастыратын жанрлық фильмдер түсірілуі қажет. Сонда ғана бюджет ақшасын ақтайтын боламыз.
Айым БЕКТҰР