Жүлделі фильмнің мекені архив пе?

Жүлделі фильмнің мекені архив пе?

«Авторлық фильмдердің дені фестивальға арнап түсіріледі». Көпшілік пікір осыған саяды. Ал авторлық фильмдерге қаржыны мемлекет бөледі. Олардың арасында шет­елден жүлде алғандары да өте көп. Мұндай фильмдердің көбі шетелдік фес­тивальдар аудиториясына, белгілі бір мамандарға танымал. Бұл фильмдерге көрер­мен­дердің баруы да екіталай. «Көпшілік қауымға арналмаған» фильмдерді түсірудің қа­жеті бар ма? Мемлекет қаржысының өтемін кімнен сұраймыз? Бүгінгі мәселе – осын­да.

Мәселен, соңғы жылдары «Ш­екер», «Сары мысық» сияқты фильм­дер шетелден жүлде алып келді. Жалпы, соңғы үш жылда фес­тиваль үшін түсірілетін фильм­дер көбейіп кеткен. Олар­дың дені шетелдік кинобай­қау­ларда жүлделі орындарға ие бо­лып жүр. Бірақ оның кейбірін қа­зақ көрермені білмеуі де мүм­кін. Неге? Белгілі режиссер Дәрежан Өмір­баев мұның үлкен мәселе еке­нін, мұндай дү­ниенің кинода да, әдебиетте де кездесетінін ай­тады. Оның айтуынша, әде­биет­тің орны бөлек. Олар ең құрыған­да мектеп оқулық­тарына енгізі­ліп, төрт-бес жыл оқушыларға оқы­тылады. Классик жазушылар ту­ралы танымы кеңейеді, біліп өсе­ді. Ал кинода мұндай жоқ. Фестивальдар не үшін керек? Оның рөлі қандай? Көпшілік та­ра­­пынан дәл осындай сауал туын­­дауы мүмкін. Көрер­мен көр­ме­ген фильмді фестиваль бағалай ала ма? Түрлі авторлық кештер бо­лады. Бұл фестивальдар сол ав­тор­лық кештер секілді. «Қазір байқасаңыз, кітап сатып алып, ақындардың өлеңін оқып жатқан оқырман көп емес. Олар да азай­ған. Мә­селен, ақын өзінің автор­лық кешін өткі­зеді. Сол кеште ол біраз өлеңін оқиды. Бұ­рын оның өлеңін танып-білмеген оқыр­ман сол кеште құлағдар болады. Қы­зыға, іздей бастайды. Сол секілді ав­торлық фильмдердің де фес­ти­вальдан кейін бағы жануы мүм­кін. Көрерменге не болмаса фес­­ти­валь­ға арнап түсіреді деген ұғым дұрыс емес. Ақын өлеңін, жазу­шы шығар­масын оқырман оқи ма, жоқ па деп жаз­бай­ды ғой. Өлең құйылып келді, қағазға түсті. Кино да сол секілді. «Неге кас­салық фильм емес?» деп оған сын айта алмай­сыз», – дейді Дәре­жан Өмірбаев. Авторлық фильмді Қазақ­стан­да көрмейді, оның көрермені жоқ деп бір­жақты пікір айтуға бол­майды. Режиссер «бұл мәселе туын­дамас үшін көрерменмен жұ­мыс істеу керек. Кино туралы пән енгізілуі тиіс» деп есептейді.

Авторлық фильм мен комедияны салыстыруға болмайды

Режиссер Сәбит Құрманбеков те бұл сауалдың жиі қойылатынын айтады. «Тә­уел­сіздік алған ХХ ғасырдың 90-жылда­ры­нан бері бұл сұрақ күн тәртібінен түскен емес. 40 жыл кино саласында жүрсем де, ре­жиссерлікке кеш келдім. «Секер» филь­мім­ді 50 жасымда түсірдім. «Секер» де біраз жүлде алған фильмдердің бірі. Сол секілді авторлық фильм неге қаралмайды, кас­салық фильм неге өтімді деген сауал жиі туындай­тыны рас. Мәселен, Ержа­новтың фильм­дері шетелде жиі жүлде алып жүргені рас. Ол жігітті ерекше құр­меттеймін. Өз жолын тапқан талантты жігіт. Фильмдері де са­уатты. Оның фильм­дері неге комедия емес деп сын айтуға бола ма?», – дейді режиссер. Киноны тауар деп қабылдайық. Жиі өтетін және сирек сатылатын тауарлар бо­лады. Кино өнімі де сондай. Оның өтім­ділігі жанрына байланысты дегенді айтып отыр режиссерлер. Мәселен, Құрманбеков түсірген «Оралман» фильмі де шетелдерден көп жүлде алды. Бұл фильмді YouTube ар­на­сы арқылы миллион көрермен тама­шалады. Оның көтерген жүгі мүлдем бас­қа. Әлеуметтік мәселені көтеріп отыр. «Оны комедия жанрында түсіре алмай­сың», – дейді режиссер. «Ал Қоянбаевтың фильмі неге өтімді? Жеңіл, жанры бөлек. Күрделі тақырыптан гөрі жеңіл дүниелердің өтімді болатыны сондықтан. Екі бөлек жанрды бір-бірімен салыстырудың қажеті жоқ. Көрермен тарапынан қандай сұраныс бар, соны орындап отыр. Менің өз жолым, Ержа­нов­тың өз жолы, Қоянбаевтың өз жолы бар. Барлығымыз да көрермен үшін еңбек ете­міз», – дейді режиссер Сәбит Құрманбеков.

Кино табыс көзіне айнала ма?

Авторлық фильм табыс көзіне айнала алмай отыр. Не себепті? Біз бұл сауа­лы­мыз­ды киносыншы Дана Өмірбековаға қойдық. – Бізде кәсіби білікті мамандардың көбі авторлық фильм түсіруге бүйректері бұрып тұрады. Себебі олар бірінші курсқа барғаннан бастап коммерциялық киноны өнердің жауы ретінде миына құйып алады. Яғни, «нағыз өнердің шыңына жеткің кел­се, авторлық фильм түсіруің керек» деген ұғым қалыптасып қалады. Яғни, «нағыз өнер – авторлық фильм, фестивальға қатысқым келеді, әлемді мойындатқым келеді» деген сияқ­ты. Бұл – бір. Екіншіден, ұстаз нені үй­ретсе, шәкірт те ары қарай соны жасайды. Авторлық фильмдер түсі­ретін мамандар сабақ береді. Артхаустың не екенін, ав­торлық фильмнің қалай түсі­рілетінін жақсы біледі. Яғни, өздері біл­мейтін нәр­сені шәкіртіне үйрете алмайды. – Жанрлық фильмдерге қалай бет бұрамыз? – Кино мектептерге режиссерлермен қатар, мықты-мықты продюсерлерді де шақыру қажет секілді. Өйткені продюсер фильм түсірумен қатар қалай ақша табу­дың да жолын үйретер еді. Мәселен, Адам­баев пен Қоянбаев секілді продюсерлер де сабақ беру керек. Әйтпесе, «кино деген өнер» деп қабылдайтындар да, «кино – бизнес құралы» деп санайтындар да же­терлік. Нағыз халыққа арналған, сүйіп көретін, талапқа сай фильмдер, өкінішке қарай әлі күнге жоқ. Нағыз мамандар, яғни режиссерлер мен продюсерлер бір­лесе жұмыс істесе, сапалы дүние шығар еді. Қазақ кинематографиясы француз ки­нематографиясына қатты ұқсайды. Олар­да да кино бірден өнер ретінде қа­былданған жоқ. Кейінірек жаңа толқын пай­да болғаннан кейін ғана Францияда кино нағыз өнерге айналды. – Бізде авторлық фильмдер қай кезден басталды? – ХХ ғасырдың 90-жылдары Мәскеудің кино институтын бітіріп келген жас ре­жис­серлер авторлық фильм түсіре бастады. Есе­сіне жанрлық фильмдер ұмытыла бас­тады. Олар ешқашан жанрлық кино түсір­мейді. Әрі шәкірттеріне жанрлық кино тү­сіруді үйретпейді. Жанрлық кинода жұмыс істеп жүрген мамандар мен авторлық фильм түсіріп жүрген режис­серлер бірік­кенде жақсы дүние шығатын болар. Фран­цуз кинодраматургиясын неге айтып отырмыз? Оларда жаңа толқын пайда бол­ған кезде жанрлық фильмдер түсіріле бас­тады. Қазір комедия десе, француз фильм­дері еске түседі. Неге олардың киноларын әлем мойындай бастады? Өйткені нағыз кәсіби мамандар жанрлық фильмдерді қолға алды. Сон­дықтан олардың деңгейі жоғары болды. Бізде нағыз кәсіби мамандар жанрлық фильмдерге әлі барған жоқ. Оның орнына әуесқой режиссерлер кино түсіріп кетті. Әуесқой режиссерлердің білім-білігі жетіспейді. Олар бір жарым сағаттық дү­ние түсіріп, «кино» деп, көрерменге ұсы­нып жүр. Тіпті, «біздің фильмді кө­рермен көреді» деп мақтанып жүр. Талғамы жо­ғары көрермен одан да биік, мықты шы­ғармалар күтіп жүрген шығар. Бүгінгі көрермен әлем кинодраматургиясын жақ­сы білетін, жиі тамашалап жүрген жандар. Басқа фильм болмаған соң амалсыз әуесқой режиссер­лердің кино­туындысына барады. Бірақ оның кәсіби деңгейі тө­мен екенін көзі қарақты оқырман жақсы бі­ле­ді. «Барымен базар» болып жүр. Бізге Леонид Гайдай, Элдар Рязанов сияқты ­бі­лікті режиссерлер керек. Ресей кино­драматургиясы неге дамыды? Жанрлық фильмдерді көптеп түсірді. «Сан болса, сапа болатынын» дә­лелдеді. Кино мек­те­бін бітірген әр студент­ке жанрлық кино­туындыны түсіруді талап ету керек. Ол ки­нотуындының талғамына сай ке­летін­дей болуы тиіс. Сонда ғана кино­дра­ма­тур­гия дамып, табыс көзіне айналатын болады.

P.S.

Киноиндустрияны нағыз кәсіби мамандар дамыта алады. Түсінгеніміздей, авторлық фильмдер бұл биіктен көрініп жүрген жоқ. Мемлекет қаржысына көрер­мен талғамын қалыптастыратын жанрлық фильмдер түсірілуі қажет. Сонда ғана бюджет ақшасын ақтайтын боламыз.

Айым БЕКТҰР