Елімізде қыркүйек айынан бастап мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталды. Бұл шара жыл аяғына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 18-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық азамат Қарулы Күштердің, басқа да әскери құрылымдардың қатарын толықтыруы тиіс.
Әлемдегі геосаяси жағдайдың астан-кестеңі шығып жатқанда әртүрлі сын-қатер ошақтары жақын аймақтарда пайда бола бастаған қазіргі сәтте «қазақ әскері елі мен жерін қорғауға қаншалықты қауқарлы?» деген сұрақ туатыны заңды. Бүгінгі әскерге шақырылған ұрпақ кешегі батыр бабаларымыздың даңқты дәстүрін жалғастыра ала ма? Global Firepower-дiң дeрeгiншe, Қазақстанда әскeри қызмeткe 6 млн 498 мың aзaмaт жaрaмды eкeн. Ал жыл сaйын шaмaмeн 260 мың aдaм әскeри қызмeткe шaқыру жaсынa толaды. Қазір Қарулы Күштердің құрамында 70 мыңға жуық сарбаз бар. Қорғаныс министрінің кеңесшісі, запастағы генерал-майор Әділбек Алдабергеновтің айтуынша, мобилизациялық резерв деңгейін қамтамасыз ету үшін жыл сайын мерзімді әскери қызметке 35 мыңға тарта адам шақырылады. Бұл есепке Ұлтттық гвардия, ҰҚҚ Шекаралық қызметі және төтенше жағдайлар қызметі де кіреді.Әскерден жалтарушылар көп
Бірақ соңғы кезде әскери борышын ерікті өтеушілердің қатары азайған. Жастардың дені жалтарып, түрлі сылтаулар мен бармаудың жолын табады. Өйткені әскери қызмет өтеу жасына толғандардың біршамасы әскерге баруды текке уақыт өткізу деп есептейді және бір анығы, жастардың 25 пайызы әскерге жарамсыз, әрі көбінің мойнында несие бар. – Биыл 2004 жылы туған балаларды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Компьютер мен телефонға түнімен қарайды. Сондықтан көру қабілеттері біртіндеп азаяды. Жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар да жиі кездеседі. Тіпті, жас балалардың денсаулығы нашарлап барады. Бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, семіздік кеселдері көбейіп жатыр. Ондайларға біз емделіп келуге уақыт береміз. Сосын асқазан-ішек ауруын да атар едім. Ол дұрыс тамақтанбаудан деп санаймын. Әскерге барамыз деп құлшынып тұрған кейбір жігіттер денсаулығының нашарлығынан қалып қойып жатады. Ондай жағдайда әскерге жарамсыз деген билет береміз. Жігіттердің шамамен 20-25 пайызы әскерге жарамсыз, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әскерге шақыру медкомиссиясының төрағасы Ермек Ержанов. Сондай-ақ жасөспірімдердің әскерге барудан қашқақтауына ол жақтағы әлімжеттіктің, қайғылы оқиғалардың тыйылмай тұрғаны да себеп. Жақында ғана Отардағы әскери бөлімнің бірінде жас сарбаз төрт қабатты казарманың терезесінен секіріп мерт болды. Қайтыс болған сарбаздың қалтасынан өзін өлімге итермелеуге себеп болған жайт туралы жазған жазбасы табылады. Бұл әскердегі бірінші суицидтік жағдай емес. Ресми мәлімет бойынша, соңғы он жылда Қазақстанда 228 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Яғни, орта есеппен жылына 22 сарбаз суицид жасайды. Қазақстанның әскери бөлімшелерінде әр 6 күн сайын жарғыға қайшы келетін әрекет бойынша бір қылмыстық құқық бұзу тіркеледі. Кейінгі он жылда жарғылық емес өзара қарым-қатынасқа байланысты 604 адамға қарсы қылмыстық құқық бұзу әрекеті есепке алынған. Бұл тек назарға іліккені ғана. Қорғаныс саласының шенеуніктері әскери қызметкерлер арасында жарғыдан тыс қарым-қатынасты азайту үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Әскерилер ата-анасымен телефон арқылы сөйлеседі, анонимді сауалнама жүргізіледі, сарбаздардың денесі де тексеріледі, мұнымен қоса, «прокурор сағаты», «ашық есік күні», «көшпелі соттар» ұйымдастырылады. Осының арқасында кейінгі 20 жылда сарбаздар арасында өз-өзіне қол салмақ болғандар 18 есе, ал өзіне-өзі қол жұмсап мерт болғандар саны 5 есе азайған. – Қазіргі пандемия жағдайын байланысты шақырушыларға смс-хабарлар жіберіп жатырмыз. Борышынан қашқандарға қазір 8 миллионға дейін айыппұл салынатын болды. Бұл да әскерден қашатын жігіттердің көбінің аяғына тұсау салды. Әскерге бармай осыншама миллион төлегенше, барып, шыңдалып қайтқандары жақсы емес пе? – деді Нұр-Сұлтан қалалық әскери комиссариаттың өкілі полковник Ғани Артықов. Әскерге шақыртуды елемей, медициналық тексеруден өтуге келмеген жігіттерге 1 000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Кейін қайда барса да, осы қағаз алдынан шығып тұрады. Соның салдарынан тірлігің тынбай, шетелге де шыға алмайсың. Одан бөлек, денсаулығына қасақана қысым келтіріп, өтірік анықтама жасап алатындарға 3 000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ал кей жағдайда қылмыстық іс қозғалып, әскерден қашқан азамат 3 жылға абақтыға қамалуы мүмкін.Кәсіби әскерлердің деңгейі жоғары
Қорғаныс министрлігінің дерегінше, Қарулы Күштер құрамының 70 пайызы келісімшарт негізінде және 30 пайызы мерзімді қызметке шақырылғандардан құралған. Азаматтардың келісімшартпен әскерге қабылдау ерікті сипатта жүргізіледі. Келісімшартпен әскерде қызмет ететіндердің әлеуметтік жағдайы толықтай мемлекеттің қарауына көшеді. Биылдан бастап олардың жалақылары кезең-кезеңмен өсе бастады. Бұрын әскердегі мерзімдік шақыру қызметі біткеннен кейін қызметке келісімшартпен қалғандардың айлығы 80-90 мың теңге болса, жыл басынан бастап 110-120 мыңға өсті. Енді оның мөлшері жыл сайын 70 пайызға дейін өсетін болды. Сондай-ақ әскери қызметкер зейнетке шыққанша үйінің ипотекасын мемлекет жауып отырады. Балабақшаға кезексіз тұрады, медициналық қызмет тегін көрсетіледі, киіммен де тегін қамтылады. Өйткені әскери сала азаматтарының басқа мамандық иелеріндей бос уақыты көп емес. Кей әскерлер отбасыларымен бірге қызмет бабымен үнемі көшіп-қонып жүреді. Сондай-ақ әскер тек ер-азаматтардікі деп қарағанымыз да жөн болмас. Қарулы Күштер құрамының 12 пайызы – әйелдер. Ал Отан алдындағы борышын өтеуге баратындардың 80 пайызы – қазақтар. Қалған 20 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Мерзімдік әскери қызметке шақырылатындар атқыштар, пулеметшілер, гранатометшілер мен арнайы білімді және күрделі техникамен немесе аса қауіпті жұмыспен байланысты емес міндеттерді атқарады. Оларды игеруге әдетте бір жылдай уақыт кетеді. Мәселен, десанттық-шабуылдаушы әскерлер құрамында мерзімдік қызметтегілер де, келісімшартпен қызмет ететіндер де бар. Десантшылардың бәрі парашютпен секіреді. Бірақ «мерзімдіктердің» секіру жиілігі аз және олар тек күндізгі уақыттарда ғана секіреді. Ал «келісімшарттағылар» түнде де, қолайсыз ауа райында да, таулы-қырлы, өзен-сулы жерлерге, әртүрлі техникадан, әртүрлі қашықтықта секіре береді, – деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі, запастағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов. Кеңесшінің айтуынша, келісімшартпен қызмет ететіндер өздерінің кәсіби тұрғыдан шеберлігін Тоқыраудағы (2001 жылғы), Арыстағы (2019 жылғы) және биылғы Жамбылдағы қару-жарақ қоймаларындағы жарылыстардың зардаптарын жою кезінде, Ауғанстандағы, Ирактағы, Ливандағы әскери міндеттерін орындау кезінде, халықаралық деңгейдегі көптеген оқу-жаттығу ойындарында дәлелдеген. Бір сөзбен айтқанда, аса қауіпті тапсырмаларға кәсіби тұрғыдан неғұрылым әзірленген кілісімшартпен қызмет етушілер барады. Осылардың арқасында Қазақстан Халықаралық армияшылар ойындарында ұдайы үздіктер қатарында көрініп жүр. Сондай-ақ келісімшартпен қызмет ететін кәсібилер күрделі техниканы шебер меңгерген. Олар заманауи соғыс техникаларын жақсы басқарып, күтеді. Яғни, кәсібидің қолындағы мұндай техника істен сирек шығады. Сондықтан мұндай қызметкерлерді әскерге көбірек алу мемлекет үшін тек елдің қорғаныс қабілетін күшейту тұрғысынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Ал енді, әскерге шақырылғанша қолына автомат ұстап көрмеген 18-20 жастағы бозбала мен 30 жастағы кәсіби әскериді салыстыруға болмайтыны онсыз да түсінікті емес пе?! Тіпті, моральдық-психологиялық дайындық тұрғысынан кәсіби әскерилердің деңгейі анағұрлым жоғары. – Әлбетте, келісімшартпен қызмет ететіндерге жұмсалатын шығын мерзімдік шақырумен келген сарбаздарға қарағанда әлдеқайда көп. Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек, біздің әскер жалдамалы емес, кәсіби тұрғыда даярланған өз азаматтарымыз. Және бұл қаржы ел экономикасының ішінде айналып жүреді, – деді Әділбек Алдабергенов. Кәсіби әскерилер қызметтен кеткеннен кейін әскери-оқытылған резерв ретінде запасқа алынады. Оларды кәсіби шеберлігі мұқалмас үшін әредік жиынға шақыртып тұрады. Жалпы, азаматтардың мерзімді әскери міндетін өтеуі – Конституция талабы. Сондықтан Қарулы Күштерде әскери борышын өтеу міндеті жойыла қоюы екіталай. Ал келісімшарт әскерлерінің үлесі алдағы уақытта арта ма, жоқ па, ол да белгісіз. 2015 жылдары келісімшарт әскерінің үлесін 999 пайызға дейін жеткізу жайлы ұсыныстар айтылған. Кейін мұндай пікірлер саф тыйылды. Шамасы шенділер мерзімді әскери міндеттің маңызын түсінсе керек.Дәулет АСАУ