Қарағандылықтарды қарық қылған жәрмеңке
Қарағандылықтарды қарық қылған жәрмеңке
407
оқылды

Қарағанды облысында «Ауыл Береке» дәстүрлі жәр­мең­кесінің маусымы басталды. Қала тұрғындары ет пен кө­кө­ністі қолжетімді бағамен ала бастады. Қарағандыда бірін­ші ауылшаруашылық жәрмеңкесі 16 қазанда Global City көтерме-тарату орталығының аумағында өтті. Оған облыс­тың сегіз ауданынан ауылшаруашылық тауарын өнді­ру­шілер, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты.

1 564 тонна азық-түлік жеткізді

Біраз бұрын облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лері астанаға барып, Қарағанды ырзығын елордалықтарға ұсынып келген-ді. Міне, өткен сенбіде Global Citу-дің маңы көлікке тол­ды. Қарақұрым адам. Әрине, қым­батшылық кімге оңай соғыпты? Базардағы баға күн санап көтеріліп барады. Бүгін 100 теңгеге алған бір бөлке наныңызға ертең 110 теңге сұраса, таңғалмайтын халге жеттік. Дүкеншіні де кінәлай алмайсыз, кімге барып шағымыңызды айтар­сыз?! Сондықтан алғашқы жәр­мең­кені ел тағатсыздана күткені рас. Шатырлар орналасқан іштегі алаң да ат шаптырым, ығы-жығы халықтың ыңғайы үшін кеңінен орын теуіпті. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жәрмең­кеге 8 аудан қатысты. Яғни, сегіз ау­дан­дағы жүздеген шаруа қожа­лығы, серіктестіктер мен компа­ния­лар бар дәмдісін осында алып келді. Ресми мәлімет бұл күні алаңға 1 564 тонна азық-түлік жеткізіл­генін айтады. Мұның ішінде 185 тонна ет, 990 тонна картоп, 250 тон­на көкөніс, 54 тонна сүт өнім­дері, 390 мың жұмыртқа, 27 тонна балық бар. Баға – нарықтағы құннан 10-15 пайыз төмен. Мәселен, еттің келісі түлігіне қарай 1 800 теңгеден 2 200 теңге дейін бағаланды. Ал картоп, қызылша, сәбіз бен қырыққа­баттың келісі 100 теңгеден, пияз­дың келісі 90 теңгеден саудаланды. Тауықтың он жұмыртқасын сұр­пына сәйкес 220 теңгеден 320 тең­геге дейін сатып ала аласыз.

Бұқар жыраудан жеткен сый

Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов болды. Ауданның ауыл шаруашы­лығы саласына жауапты азамат жәрмеңкеге тыңғылықты дайын­дық­пен келгенін атап өтті. – Өткенде елордадағы жәр­меңкеге барып келген соң бірден облыстық шараға дайындыққа кірістік. Біздің фермерлеріміз бұл іске ертеден жауапкершілікпен қарап келеді. Өйткені Бұқар жырау ауданы Қарағандымен іргелес жа­тыр. Өзге қоңсы аудандар сияқты жүктің ауыры бізге де түсетіні мә­лім. Сондықтан әзірлік бары­сында кез келген ұсақ-түйек мәсе­лені шет қалдырмауға тырыстық, – дейді Арман Дардақов. Бұқар жырау ауданы бұл жолы 6 тонна – сиыр, 2 тонна – жылқы, 2,5 тонна шошқа етін әкелді. Бұдан бөлек, 3 тонна құс еті, 1,5 тонна сүт өнімдері, 80 мың жұмыртқа, 70 тонна картоп пен 15 тонна көкөнісі бар. Үштөбеде ет өнімдерін шыға­руды қолға алған «Экоет» компа­ниясының тауары да жәрмеңкеде сөреден орын алды. Жалпы, жәр­меңкеге ауданнан отыз шақты ұйым атсалысты. Облыс орталығына жақын ау­дандар қатарында Осакаров та бар. Аудан фермерлерінің бұл жолғы керуенінің жүгі ауыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­шысы Қабылда Әбілдинов айт­қан­дай, 30 тонна картоп – оса­каров­тықтардың үлесінде. – Біз «Найдоровское» шаруа­шылығының 30 тонна картобын, Мирный ауылындағы «Тонус» ЖШС-нің ірімшік, құрт, сары май, йогурт сынды сүт өнімдерін әкел­дік. Сондай-ақ «Айдаш», «Нұр­тілеу», «Алшын» сияқты шаруа қо­жа­лықтары мал жеткізді. Яғни, 3 тонна – ірі қара етін, 1,5 тонна – жылқы етін, 1 тонна шошқа етін әкел­дік, – деді Қабылда Әкімжанұлы.

Ақтоғайда саудасын жасады

Ақтоғайлықтар да жәрмеңкенің жуан ортасынан табылды. Солар­дың бірі – Арна Әбдікәрімова апа­мыз. Ақ адал малын саудаға шы­ғар­ған апайдың көңілі тоқ, атқа­мінер азаматтарға ризашылығы көлдей. – Жидебай ауылдық округінде тұрамын. Бүгін өзіміз баққан екі ірі қараны әкелдім. Жылда келемін. Жәрмеңке екі тарап үшін де тиімді деп ойлаймын. Қалалықтар ептеп болса да арзанға алып мәз, біз де малымызды өткізіп, ризамыз. Келісі – 1 900-2 000 теңгеден. Әдет­те, алыпсатарлар еттің құнын құлатып жібереді. Жәрмеңкеге бастап келген аудан әкімдігі мен ауыл әкімшілігіне, орын бөлген облыс әкімдігіне алғысымды білді­ремін, – дейді Арна апай. Апайдың сөзінің жаны бар. Күз – мал семіретін уақыт. Мал баққан ағайын осы уақта тана-торпағын, ақтылы қойын базарға апарады. Балалар сабаққа барады, қысқа отын-су, жемшөп алу керек. Бұл қысылтаяң шақты алапсатарлар ұтымды пайдаланып, дәнігіп алған. Шаруа кешқұрым сойып, түнімен жеткізген малын базардың алдында арзанға сұрайды. Қалада теуіп кірер дүкені жоқ ағайын қайтсін?! Амалы құрығаннан әкелгенін алыпсатарға тастап кетеді. Міне, жәрмеңке ортада делдалдықпен табысқа кенелген алыпсатардың жолын кесті.

Жаңаарқадан қымыз бен балық жетті

Жылқысымен, қымызымен аты шыққан Жаңаарқа балығымен де жұрт аузына ілікті бұл жәр­мең­кеде. Аудан орталығының тұрғыны Серік Тайтөлеуов 1 тонна балық әкеліпті. Ақтасты су қоймасынан ауланған. – Жәрмеңкеге тұрақты қаты­са­мын. Осыдан қыс түскенше келіп тұрамын. Бұл – басы. Бүгін сазан, шортан, алабұға, мөңке әкел­дім, – дейді кезекті сатып алу­шының сұраған балығын кірге тартқан балықшы. Мұнда балық келісі түрлеріне қарай 600-1 000 теңгенің арасында саудаланды. Қалалықтар қысқа молынан сақтайтын көкөніс – пияз. Алаңда пияз саудасы да қызды. Абайлық Ержан Ірімжановтың 6 тонна ­пия­зы ет пісірім уақытта жоқ болды. Дүкеннен қымбатқа алып, зәрезап болған жұрт үшін жәр­мең­ке то­сыннан тартылған сый бол­ғанына тағы бір мәрте көз жетті осы жерде. Қалалықтар ауылдан келген арзан азық-түлікке қол жеткізген күн болды...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы