Қазақстанда жергілікті футболшылардың шетел біріншілігіне ауысуы – некен-саяқ құбылыс. Бір немесе екі жылда үш-төрт футболшымыз қыр асса, қуанамыз. Біздің футболшыларға лига ауыстырғаннан бөлек жаңа командасының сапында негізгі орыннан орын алудың өзі оңайға түсе қоймайды. Сондықтан тәуекел еткендердің көбі өзге елде өздерінің қарым-қабілетін толық көрсете алмай, Қазақстанға ерте оралады.
Рас, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің спортшылары бір-бірінің чемпионаттарында легионер саналмайтын болған соң отандық аяқдопшыларға шетел асатын үлкен мүмкіндік туды. Бірақ оның өзін пайдаға асыра алмай жүргендер қаншама? Бірер жыл бұрын осы қаулы күшіне енген сәтте бірқатар футболшыларымыз біріншілік ауыстыру мақсатында жан-жаққа кеткен. Көп өтпей тең жартысы елге қайтып келді. Олардың арасында Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Исламбек Қуат, Абат Айымбетов, Ян Вороговский, Рамазан Оразов, Самат Сәрсенов секілді мақтаулы ойыншылар да бар. Яғни, басқа біріншілікке тұрақтаған футболшыларымыз саусақпен санарлық.
Ендігі кезекте басқа елдің чемпионатында бағын сынап жүрген бірқатар отандық футболшыларға тоқталайық. «Баха» деп мақтауын асыратын Бақтиер Зайнутдинов аз уақытта мәскеулік «ЦСКА» командасының негізгі құрамының ойыншысына айналды. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Алексей Шеткин өткен маусымда алған жарақатынан соң ресейлік «Ротор» командасының қосалқы құрамынан мықтап орын алды. Қорғаушымыз Марат Быстров грозныйлық «Ахматта» жақсы ойынымен көзге түсіп жатыр. Бастысы, бас бапкер оған сенім артады. Роман Мұртазаев пен Акмаль Бақтияров ФНЛ-да ойнайды. Бірі – Балтикада, бірі – Олимп-Долгопрудныйда. Екеуі де аталған біріншілікте гол да соқты. Ал Георгий Жуков польшалық «Висла Краковта», Владислав Васильев өзбекстандық «Андижанда», Тимур Рудосельский армениялық «Севанда», Максим Грек тәжікстандық «Худжандта» бағын сынап жүр. Әйелдерден Юлия Мясникова ЦСКА-да, Аида Гайстенова «Енисей» сапында өнер көрсетеді. Бұл шетелдік клубтарға көз тіккен футболшылардың бір парасы ғана. Бұдан өзге де аса танымал емес біріншіліктерде өнер көрсетіп жүрген футболшыларымыз баршылық. Жақын уақытта олар да жарқырап шығып, қазақстандық футболшылардың абыройын асқақтып жатса таңғалмаймыз. Сол себепті алдағы футбол маусымында біз атап өткен ойыншылар қатары арта түсуі әбден мүмкін.
Біз өз кезегімізде Қазақстан футболының ардагері Юсуп Шадиевтен ел біріншілігінде ойнап жүрген қазақстандық футболшылар арасында қай ойыншының деңгейі шетелде ойнауға жететінін сұрадық. Ол Бақтиерден басқа көп футболшымыздың Ресейде ойнауға деңгейі жетіңкіремейді деп жауап берді.
– Бауыржан Исламхан ойнар еді. Әттең, допинг дауына ілігіп қалды. Негізі, оның қабілеті толық жетеді. Баторимен бір клубта ойнаған Исламбек Қуат барып еді, ойнай алмай қайтып келді. Қуат ертерек барғанында мүмкін ойнап кетер еді. Құрамамыздың үздігі саналған Шомконың да Ресей біріншілігінде жолы болмады. Абат Айымбетовке де шетелден біраз ұсыныс түскенін білемін. Ресей біріншілігінде де қаралымда болды. Бірақ айналып келіп өз біріншілігімізге қайта оралды. Ал біздің біріншілікте жүрген футболшылардан Стас Покатилов пен Нұралы Әліп Еуропаның ортаңқол клубтарда ойнауға шама-шарқы жетеді. Ұсыныс түссе бас тартпай, шетел асу керек Артур Шушеначевке де біздің біріншіліктен кеткен жөн. Одан өзге Айбол Әбікен, Гафуржан Сүйінбаев, Асхат Тағыбергеннің ойынын көп мамандар мақтайды. Олар да шетелде бағын сынап көрсе дейсің. Мужиков пен Нұрғалиевтер тәжірибелі ойыншылар болғанымен, жастары біразға келді. Қазір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер бір-біріне легионер саналмайтыны жақсы болды ғой. Сондықтан біздің футболшыларға ендігі кезекте басқа елдің чемпионаттарында өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтап, Қазақстан құрамасының деңгейін көтергендері жөн. Уақытында кетпесе, бұрынғы ағалары секілді өз елімізде қалып қояды, – деп сабақтады сөзін Юсуп Шадиев.
Ал петропавлдық «Қызыл-Жар» футбол клубының қақпашысы Алмат Бекбаев Қазақстан чемпионатында жақсы маусым өткізген үш қазақстандық ойыншыны ерекше атады. Футболшы олардың Еуропада ойнап кететініне бек сенімді.
– Шетелде ойнап жүрген қазақстандық футболшылардың арасында Бақтиер Зайнудтинов пен Георгий Жуковтың өнерін жоғары бағалауға болады. Екеуі де мақтаулы ойыншылар. Бірі Ресей біріншілігінде, бірі Польшаның жоғарғы лигасында ойнайды. Өзге отандық жас аяқдопшылар осы екі футболшыға қарап үлгі алса дейсің. Елордалық «Астана» сапында жақсы маусым өткізген Абат Айымбетов, алматылық «Қайрат» командасында қаншама мықты легионерлердің арасынан суырылып алға шығып, негізгі құрамнан орын алған, нәтижелі ойынымен көзге түскен Артур Шушеначев, «Қызыл-Жар» сапында қорғаныста ойнайтын Әлібек Қасым да жақсы футболшы. Орталық қорғаушы бола тұра осы маусымда қазақстандық бірқатар шабуылшылардан көп гол соқты. Осы үш футболшыны келесі маусымда шетел біріншіліктерінен көргім келеді, – дейді Алмат Бекбаев.
Иә, расымен футболшы үздік лигаларда өнер көрсету арқылы деңгейін көтере алады. Ол – әлемдік футболда дәлелденген тәжірибе. Әрі ондай ойыншылар ұлттық құраманың жоғары жетістікке қол жеткізуіне де септігін тигізеді. Бір ғана өзбекстандық шабуылшы Шомурадовтың өзі құрамасын қалай алға сүйреп жүр? Әйгілі португал маманы Жозе Моуриньо жаттықтыратын италиялық «Романың» сапында нәтижелі ойынымен көзге түсіп жүрген шабуылшы мұнымен тоқтап қалмасы анық. Туриндік «Ювентус» қызығушылық танытқан ойыншыға әлі-ақ «Реал», «Барселона», «Челси» секілді үздік клубтар таласады. Бізден осындай еңбекқор, талантты футболшылар қашан шығар екен? Әзірге бір ғана Зайтутдиновке сенім артып отырмыз.
Алдағы уақытта қай ойыншымыз Еуропаға шығуға қауқарлы? Тек ауысып қана қоймай негізгі құрамға еніп, өзге ұлттың футболшылары секілді жарқ етерме екен?
Абылайхан ЖҰМАШ