Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Қазақстан құқық қорғау және әскери сала мамандарын өзі даярлайтын, бұл мәселеде өзгеге мұқтаж емес мемлекетке айналды.Тәуелсіздік жылдарында еліміздің оқу орындарынан құқық қорғау және әскери салаға қажет көптеген офицер өсіп шықты. Олардың арасында генералдар қатарын толықтырғандар да бар. Бұл азат елдің күш құрылымдары үшін үлкен олжа.
Егемендік тірегі – білімді армия
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде әскери кадр тапшылығы мәселесі өте өткір тұрды. Өйткені бұған дейінгі жылдар бойы қалыптасқан біртұтас жүйе сетінеген кезде мұндағы қайта құру кезеңі әскери кадрларға да әсер етті. Мәселен, 1991 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің құрамында жалпы саны 200 мыңдай адам болған. Ал өз әскерімізді жасақтау басталған кезеңде Қазақстанда қызмет етіп жүрген көптеген офицер әскери борышын ТМД-ның өзге мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады. Айталық, армян ұлтының өкілдері өз еліне, грузиндер өз жеріне, орыстар Ресейге және тағы да басқа әскерилер Қазақстаннан көшкенді жөн көрді. Осының салдарынан екі жарым жыл көлемінде, яғни 1992-1995 жылдар аралығында елімізден офицерлік құрамның кету деңгейі тізімдік құрамның 89 пайызын құрады. Содан бастап білікті, кәсіби әскери мамандарды даярлау мемлекеттік деңгейде маңызды міндет болып белгіленді. Әскери бағыттағы оқу орындардың оқу-тәрбиелік үдерісіне озық технологиялар енгізіліп, мамандардың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдістемелік база кеңейтілді. Осы 30 жыл ішінде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі толық қалыптасты. 1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жүйесінің негізі қаланды. Республикада бірнеше әскери оқу орны ашылды. Бүгінде елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институты, Радио-электроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты, Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептері әскери сала мамандарын даярлауда. Еліміздің азаматтық білім жүйесі секілді әскери білім беру де бес деңгейде жүргізіледі. Олар – орта білім, орта-техникалық және кәсіби білім, бакалавриат, магистратура және докторантура. Сондай-ақ қосымша білім ретінде әскери кафедралар, қайта даярлау және біліктілікті көтеру орталықтары қарастырылған. Орта білімді «Жас ұлан» республикалық мектептері берсе, техникалық және кәсіптік білімді Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусында алуға болады. Құрлық әскерлерінің әскери институты кадр даярлауда еліміздегі кіші офицерлер құрамының 70 пайыздан астамын қамтып отыр. Соңғы 30 жылда бұл институтты 8 мыңнан астам офицер тәмамдаған. Институттың 70-тен астам түлегі генерал атанды. Келесі оқу орны – 2001 жылы құрылған Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Оқу ордасы әуе қорғаныс күштері, байланыс әскері, автоматтандырылған басқару жүйесі, ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласы кадрлары секілді 10 бағыт бойынша 1 мыңнан астам офицер дайындады. Сондай-ақ Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының да кадр даярлауда орны ерекше. Мұнда бүгінге дейін 2 мыңнан астам ұшқыш пен инженер өз істеріне маманданды. Сонымен қатар салалық білімнің қара шаңырағы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті де мамандар даярлауда өзіндік зор үлесін қосып отыр. Ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық саналатын бұл университетті жыл сайын 100 офицер тәмамдайды. Уақыт өте қаншама өзгеріске ұшыраса да, бұл оқу орны еліміздегі әскери білімнің флагманы болып қалды. Мұнда Қазақстанның ғана емес, ҰҚШҰ (ОДКБ) мүшелері, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан әскерилері де білім алады. Қарулы Күштер саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде әскери-оқыту резервін даярлауға да баса назар аударылып отыр. Бұл бағытта азаматтық жоғары оқу орындары жанынан 29 әскери кафедра құрылған. Жыл сайын бұл әскери кафедралар 3 700-ден астам офицер даярлайды.Құқық қорғау кадрларының алтын ұясы
Осы секілді елімізде ішкі істер органдары қызметкерлерін оқытатын білім ордалары көп. Олардың саны 2020 жылға дейін 14 болатын болса, Елбасының тапсырмасымен 6 оқу орнына қысқарды. Олар – М.Есболатов атындағы Алматы академиясы, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы, Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясы, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, Ұлттық ұланының Әскери институты, Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты. Бұлардың ішінде ең ескісі – 1956 жылы құрылған Алматы арнайы орта милиция мектебі. Еліміздегі ең алғашқы кәсіби оқу орнын құруға бастама көтерген сол кездегі Қазақ ССР Ішкі істер министрі, ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаев болатын. Құқық қорғау қызметкерлерін даярлаудың қара шаңырағы болған бұл оқу ордасы 90-жылдар басында елімізде ішкі істер саласы кадрларының тапшылығы сезілген шақта, отандық мамандардың ұстаханасына айналды. Оның базасында 1991 жылы Қарағанды жоғары мектебі мен Алматы жоғары мектебі құрылды. 1996 жылы Мемлекеттік тергеу комитетінің қарамағына өткен оқу орны екі жылдан соң ІІМ-не қайта оралып, Алматы заң институтына айналады. Ал 1999 жылы ІІМ-нің Алматы заң институты мен Алматы техникалық институтының базасын біріктіру арқылы Алматы академиясы құрылады. Қазір білім ордасы оның алғашқы басшысы Мақан Есболатовтың атымен аталады. 65 жылдық тарихында білім ордасының қабырғасынан қанат қаққан түлектерінің ішінен 20-дан астам генерал шыққан екен. Келесі оқу ордасы – ІІМ-нің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы. 1971 жылы 1 қарашада Қостанай облысаралық кіші және орта басшы құрамының алғашқы дайындық мектебі боп құрылған оқу ордасына биыл 50 жыл толып отыр. 1991 жылы бұл мектеп оқу орталығы деңгейіне дейін өскен болатын. Тәуелсіздікпен қатар білім ордасының нормативтік-құқықтық білім базасы айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, республиканың ішкі істер органдары үшін кадрларды даярлаудың мазмұны мен формалары қайта қаралды. Мәселен, Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 15 ақпандағы №106 қаулысына сәйкес, оқу орны «Құқықтану» мамандығы бойынша орта арнайы білімдерімен ішкі істер органдарының басшылық құрамын даярлау жөніндегі ІІМ-нің Қостанай арнайы орта мектебі боп құрылды. Оның ғылыми мүмкіндіктері артып, ұйымшыл оқытушылар құрамы қалыптасты, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, жаңа бөліністер ашылып, қызметкерлердің штаттары көбейді. Ал одан соң оқу орны үнемі жетілдіру үстінде болып, заң колледжі, жоғары мектеп, заң институты боп қайта құрылған кезеңдерді бастан өткерді. 2004 жылдан бастап жоғары оқу орнының өмірінде жаңа кезең басталды. Республикада құқық қорғау қызметі үшін кадрларды даярлау процесі өзгеріп, Қостанай заң институты ІІМ-нен Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қарамағына берілді. 2004 жылдан бастап мамандарды дайындау «Құқық қорғау қызметі», «Құқықтану», «Педагогика және психология» мамандықтары бойынша мемлекеттік бюджет есебінен сырттай және күндізгі оқыту формасы бойынша «әділет лейтенанты» арнайы атағы мен «бакалавр» академиялық дәрежесін беру арқылы жүзеге асырылды. 2008 жылы атауы ӘМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің академиясы болып ауыстырылды. Халықаралық ынтымақтастық аясында ТМД елдерінің қылмыстық-атқару жүйесі үшін кадр даярлау келісімімен 2009 жылы академияға Тәжікстан Республикасының 10 азаматы оқуға түсті. 2011 жылы ҚАЖК ІІМ құрамына қайта беріліп, оқу ордасы атауы 2012 жылдан бастап ІІМ-нің Қостанай академиясы болып ауыстырылды. 2014 жылы академияға ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың есімі берілді.Нұрлан ҚОСАЙ