Ұлттық қордың көлемі 2014 жылғы 77,2 млрд-тан биыл 55 млрд долларға дейін азайған. Бұл ақша бюджеттің жыртығын жамауға және басқа да мұқтаждықтарға жұмсалды. Енді қор қаржысы бюджет шығындарынан бөлек, сыртқы қарыздарды да өтеуге берілмек.
Қазақстан Үкіметі шетелге 2021 жылы – 1 трлн теңге, ал 2023 жылы 1,5 трлн теңге қайтаруы тиіс. Соның бәрі Ұлттық қордан жабылуы керек. Бүйте берсек, «болашақтың несібесі үшін» деп жинап отырған қорды тып-типыл тауысып бітіретін сияқтымыз.Үкімет қолын қалтаға жиі салатын болды
Былтыр бюджеттің салықтық түсімдері 17,4%-ға төмендеп, бюджетке жалпы берешек 378 млрд теңгені құраған. Ал республикалық бюджет кірістерінің 45%-ын (4,8 трлн теңге) Ұлттық қордың трансферттері құраған. «Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау» бағдарламасын іске асыруға 11 жыл ішінде миллиардтаған теңге жұмсалды. Нәтижесінде, Мемлекеттік кіріс комитетінің 16 ақпараттық жүйесінен 12 жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, оның ішінде 9-ы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген. Ал салықтық және кедендік жұмысты жақсартудан қазынаны толықтыруы тиіс 1,5 трлн теңге мөлшеріндегі қосымша алымдар сол беті түспей қалды», – деді Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов Парламенттің бірлескен отырысында. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. 2020 жылы коронавирусқа қарсы күреске 6,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 3,5 трлн теңге бөлінді. Есеп комитетінің дерегі бойынша, осы қаржыны игеру кезінде көптеген бұзушылыққа жол берілген. Бюджеттің 569 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған, оның 10%-ы, яғни 56 млрд теңгесі квазимемлекеттік секторға тиесілі. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2021 жылы – 2,7 триллион теңге, 2022 жылы – 2,4 триллион, 2023 жылы – 2,2 триллион, ал 2024 жылы 2 триллион теңге сомасында белгіленді. Бұл қаржы бірінші кезекте коронавирус инфекциясымен күресуге бағытталған іс-шаралар қаржыландарылады. Сондай-ақ қосымша бөлінетін ақша «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту 2020» Жол картасы бағдарламаларын жүзеге асыруға және экономиканың нақты секторларын қолдауға жұмсалмақ. Бірақ бұл триллиондар да жетпеуі мүмкін.Болашақ ұрпақтың несібесін жеп жатырмыз
Қазақстан ұлттық экономиканы сыртқы қауіп-қатерден сақтандыру және болашақ ұрпақтардың несібесін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қорды құрғанда ең әуелі Норвегияның өнегесіне жүгінген болатын. Ұлттық қорға ең алғаш рет 2001 жылы қаржы құйылды. Ол «Шеврон» компаниясынан түскен 660 млн доллар болатын. Содан бері мемлекет шикізат сату саясатын өзгертпеді, расы керек, одан түскен табыстан қорға қаржы салып қоюды да ұмытпады. Оған мұнай-газ саласындағы компаниялардан жиналған салық, ауылшаруашылық жерлерін сатудан тапқан қаржы, республикалық меншіктегі және ұлттық холдингтер мен компания активтерін жекешелендіруден түскен табыс жинақталып келеді. Бұған қоса, басқа елдердегі инвестициялық қорлар сияқты оның қаржысы шетелдердегі түрлі компанияның акциясын сатып алуға пайдаланылып, депозиттерге салынды. Айтпақшы, алғашқы бес-алты жылда Ұлттық қордағы ақшаға ешкім тиіскен жоқ, бірақ 2007 жылдан бері қордың тұрақтандыру портфелінен жыл сайын ақша алына бастады. Оның үстіне, Қазақстан Үкіметі әзірге Норвегия үкіметі сияқты тиімді жобаларды дөп басып тануда әбжілдік таныта алмады. Ұзақ уақыт бойы бұл қордағы қаражаттың 75 пайызы дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына салынған екен, ал бұл қағаздардан түсетін инвестициялық табыс шамалы болды. 2014 жылы Ұлттық қорда қордаланған салым ең жоғарғы көрсеткіші – 77 млрд долларға жетті. Осы кезде Үкімет қордың қаржысын 100 миллиардтық межеге жеткіземіз деп өзеуреген. Бірақ «үйдегі ойды, нарықтағы баға бұзды» демекші, биылғы бірінші жартыжылдықта оның кірісі тек 1,5 млрд долларға әрең ілікті. 2014 жылдан бастап мұнай бағасының күрт төмендеуі, Ресейге Батыс коалициясы тарапынан салынған санкциялардың кері әсері біздің елге де жайсыз тиіп, теңге бағамы құлдырап, оны ұстап тұруға Ұлттық қордан миллиардтаған доллар жұмсалды. 2014-2015 жылдары теңгені «сүйеуге» Ұлттық қордан 28 млрд доллар салды. Өкінішке қарай, бұл шешімнің есіл ақшаны құр босқа шашу екенін Үкімет артынан бір-ақ біліп, бармағын тістеді. 2015 жылы теңгеге жасалған интервенция долларды 255 теңге көлемінде ұстап тұрса, 2021 жылы 1 доллардың құны 424,58 теңгеге жеткен. Яғни, теңгенің бағамын күштеп ұстап тұру үшін құйылған миллиардтар босқа кетті. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2001-2015 жылдары Ұлттық қорға 147 млрд доллар түсім түскен екен, осы уақытта оның 83 млрд доллары түрлі қажетке жұмсалып кеткен. Демек, Қазақстан 2015 жылғы дағдарысқа дейін Ұлттық қордың жартысынан астамын «жеп» қойған. Ұлттық қордың басына төнген зауал мұнымен тоқтайтын түрі жоқ. Әлемнің астан-кестеңін шығарған коронадағдарыс әлі жалғасып келеді. Оның көлемі жылдан-жылға өсудің орнына, керісінше азайып барады. Мұнай бағасы да ойнамалы. Былтыр наурыз-сәуір айларында мұнайдың баррелі 22 долларға түскенде билік әлеуметтік жауапкершілік міндеттемелерін атқару жүгін тағы да Ұлттық қордың мойнына іле салған. Қазақстан – шикізат бағасына байланған ел, сондықтан мұнайдың бағасына қарап, қылпылдап отырады. Бәлкім, содан да шығар, Ұлттық қорға жиналған азды-көпті қаржыны жиі-жиі пайдаланып қоямыз.Дәулет АСАУ