Көкшетауда тарифке тұсау жоқ
Көкшетауда тарифке тұсау жоқ
276
оқылды

Көкшетауда электр энергиясы үшін тариф құны тағы қымбаттауы мүм­кін. Өйткені электр энергия­сын тарату желілерінің әбден тозығы жет­кен. Шаһарды жа­рық­пен қам­титын жалғыз ком­пания «Көкшетау Энерго» жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі осылай деп мәлімдеме таратты.

Кәсіпорын 80 пайыздан аса тозған же­лілерді жаңартуға қауқары жетпейтінін ашық айтты. Күрделі мәселе аталған ком­па­­­нияның тарифтік сметалар және ин­вес­ти­­циялық бағдарламалардың орындалу ба­­рысы туралы баспасөз турында мәлім болды. Облыс орталығы болғанымен, қалада электр желілері жиі істен шығып, жөндеу жұмыстары бітпей, көшелердің жарығы апталап, тіпті айлап болмай қалатын уа­қыттар жиі кездеседі. Мыңдаған або­нент­тің жарығының бірнеше күн бойы өшіп барып, іске қосылған күндер де болып тұрады. Тұрғындардың әлеуметтік желілер мен жергілікті билік басындағыларға жол­даған арыз-ағымдарына компания бас­шылығы өздері жауап берді. Компания директорының қаржы мә­се­лелері жөніндегі орынбасары Татьяна Во­ротынцеваның айтуынша, тарифтік сме­та бойынша кәсіпорынның шығын­ы іс жүзінде 7 миллиард 298 миллион теңгеге жетіп жығылған. Шығын негізінен өндірістегі қызметкерлердің жалақысына, материалдық шығындар мен жөндеуге кетеді. Ал жарық желілерінің үзіліп, апаттық жағдайлардың көбеюі электр желілерінің тозғанынан болып отыр.

Энергияны таратушы компанияның шығыны миллиардтарға жеткен

«Техникалық қызмет көрсету, жанар-жағармай, шаруашылық қажеттіліктері үшін энергия, нормативтік шығыстардың өзі 3 миллиард 589 миллион теңгені құ­рады. Аталған бап бойынша шығын бекі­тілген сомадан 2,9 пайызға төмен. Бұл жо­ғарыда аталған шығынға компанияға энергия таратушы ұйымдардың үлкен дебиторлық қарыздарынан туындады. Олардың шығыны 1 миллиард теңгеден асып кетті, – дейді Татьяна Воротынцева. Кәсіпорын мәліметінше, шығынның екінші бірі өндірістік қызметкерлердің жалақысы. Ол 2 миллиард 903 миллион тең­геге жеткен. Бұл шығын бекітілген со­мадан 0,3 пайызға төмен. Ал кәсіпорынның өткен жылғы орташа жалақысы 99 мың 621 теңге. Бұл облыстық орташа көрсет­кіштен екі есеге дейін аз. «Амортизация 706 миллион теңгеге жетті. Тек 1,2 пайызға төмен. Барлығы бухгалтерлік есепке сәйкес есептелген. Барлық амортизация амортизациялық бағдарламаларды орындауға бағытталған. Былтыр жөндеу жұмыстарына 350 мил­лион теңге шығындалды. Бұл өткен жыл­ғымен салыстырғанда 3 пайызға төмен. Бұл, әрине қаражаттың жетіспеушілігінен болды», – дейді Татьяна Воротынцева. Ал, керісінше компания табысы са­лынған 128 миллион теңгеге қарамастан өткен жылы тек 99 миллион теңгені ғана құраған. Барлық түскен табыс толықтай инвестициялық бағдарламаларды орын­дауға бағытталыпты. Компанияның дерек­теріне сенсек, шаһар халқының электр энергиясы үшін қарызы жоқ. Сондықтан да алдымен электр энергиясы жеткізіліп, содан кейін ғана төлем жүргізіледі. Көкшетау тариф Компанияның коммерциялық мәсе­лелер жөніндегі директорының орын­басары Гүлшат Иржанованың айтуынша, инвестициялық салымдардың басым бағыты Көкшетау, Щучинск қалалары мен Бурабай курорттық аймақтарындағы энергетикалық нысандарға бағытталған. Мұндағы энергияның тұтыну көлемі жыл сайын 55-60 пайызға дейін жетеді. Әрі жыл сайын еселеп артып келе жатыр. «Былтыр энергияны тұтыну 842 мил­лион 378 мың теңге көлемінде болады деп жоспарланғанымен, іс жүзінде 1 млрд 244 млн 195 мың теңгеге жетіп жығылды. Яғни, тұтыну көлемі 401 миллион теңгеден асып кетті. Инвестициялық бағдар­лама­ларға сәйкес, жаңадан техникалар мен жабдықтар сатып алынды. Бұл шаралар не­гізгі құрал-жабықтарды дұрыс ұстап, элек­трмен жаб­дықтауда шығындарды тө­мендетіп, апатты жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен бұл қаражат тозған желілер мен құралдарды төмен­де­туге жеткіліксіз. Өткен жылдың 1 қаңта­рын­да ғана тозығы жеткен желілердің жалпы көлемі 81 пайызға жетті. Ал оларды түзетіп, қалпына келтіру үшін орасан көлемде қаражат қажет», – дейді Гүлшар Иржанова. Компания тарифті көтеруден басқа ама­лы жоқ екенін айтып билік пен Анти­монополиялық комитетке бірнеше мәрте ұсыныс жасаған. Ал қалтасы онсыз да жұқа халықтың өте жоғары тарифті төлеуге шамасы жетпейді. «Көкшетау Энерго» ЖШС-ның бас инженері Владимир По­повтың айтуынша, тозығы жеткен жаб­дық­тарды қалпына келтіру үшін қолда­ныс­тағы инвестициялық бағдарламамен кемінде 200 жыл уақыт кетеді. Ал ескі жабдықтар 200 жылда мүлдем жарамсыз күйге енбек.

Тозған желілерді ауыстыру үшін 200 жыл қажет

«Бізде тарифті көтеруден басқа амал қалған жоқ. Жыл сайын осы мәселе. Та­рифті барынша ұстап тұрмыз. Өйткені электр энергиясына жоғары тарифті ха­лықтың қалтасы көтермейді. Сонымен бірге біз соңғы тұтынушымыз. Стансаларда электр энергиясы үшін бағаны көтергенде антимонополиялық комитет оны рет­те­мейді. Ал бізді бақылауға алған. Сондықтан да бізде осындай жағдай туындап, тозған жабдықтармен қалдық. Біздегі жабдық­тардың бәрі Кеңес Одағынан бері еш ауыстырылмаған. Қазіргі жағдайда мәсе­лені шешу де мүмкін емес. Өйткені осы қолданыстағы инвестициялық бағдарла­мамен біз жабдықтарымызды тек 200 жылдан кейін ғана ауыстыра аламыз. Бұл тұйық шеңберден қалай шығамыз?», – дейді Владимир Попов. Компания өздеріндегі қаражат тариф арқылы ғана келетінін жеткізді. Ал та­риф­тің ұлғаюын жеке тұлғалар көтере ал­май­ды. Яғни, компания мемлекеттік субсидия алу ғана мәселені шешуі мүмкін екенін айтады. «Бізге қаражат тарифпен ғана келеді. Әрине, тарифті шамадан тыс өсірсек, жеке тұлғалардың қалтасы көтермейді. Сон­дық­тан тығырықтан шығудың жалғыз жолы – мемлекеттік субсидиялау. Бірақ электр энергиясын субсидиялау еліміздің заңнамасымен қарастырылмаған. Ал энергетика жыл сайын қаражаттың жоқ­тығынан тозып барады. Соған қарамастан қызмет сапасын арттыру талап етіледі. Ескі жабдықтар және ескі технология­лар­мен қалай орындамақпыз?», – дейді Татьяна Воротынцева. Дегенмен әзірге жеке тұлғаларға тариф көтерілмейтін болды. Мамандар тарифтер қазір жеке тұлғалар үшін өзіндік құнынан 8 теңгеге төмен босатылатынын жеткізді. Ал бұл айырмашылық бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалардың есебінен шыға­рылады. Заңды тұлғалар өте жоғары та­риф­пен төлем жасайды. «Департамент тарифті ұстап тұру үшін қыруар жұмыс атқарылды. Өткен жылы шекті тарифтің уақыты аяқталып, «Көк­шетау Энерго» 2021 -2025 жылдарға, яғни алдағы 5 жылдыққа жаңа тарифті бекіту­ге өтінім жасады. Берілген жобалар 15-20 па­йызға дейін төмендетілді. Осының арқа­сында біз жылдың басында та­рифті ұстап тұра алдық. Электр энер­гия­сына бағаның негізгі өзгерісі электр стан­са­ларының өзінде тарифтің көте­рі­луі­мен байланысты болып отыр. Онда екі мәрте өзгерістер болды», – дейді Ақмола облысының Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Азамат Сабыржан. Қысқасы, Көкшетауда электр энергия­сына тариф қымбаттауы бек мүмкін. Ал оның қаншалықты өзгеріп, тарифтің ха­лықтың қалтасын қаншалықты қағатыны алдағы уақыт еншісінде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы