Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс еліміздің басты бюджет жобасын мақұлдады.
Коронавирус індеті басталған бір жарым жылдан бері алғаш рет Мәжілістің жалпы отырысы бұрынғы, толыққанды оффлайн форматта, журналистердің қатысуымен өтті. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл – өте маңызды сәт. Өйткені депутаттардың, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының тікелей өзара байланысы ашықтық пен қоғамдық сенімнің артуына ықпал етеді. Депутаттар алдында 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет және осы жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады. Айта кету керек, 2022 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің болжамы (трансферттер түсімін есепке алмағанда) 9 207 439 309 мың теңге сомасында айқындалды немесе 1 515 856 222 мың теңгеге асып түсе отырып, биылғы бағалауға қатысты 119,7 %-ды құрайды. 2022 жылға арналған республикалық бюджет кірістері 2021 жыл бағалауына қарсы 1 518 927 299 мың теңгеге ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2022 жылы – 15 911 187 727 мың теңге, 2023 жылы – 15 623 261 858 мың теңге, 2024 жылы16 027 581 647 мың теңге сомасында жоспарланған. Cонымен қатар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы Ұлттық қордан 2022 жылға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2022 жылға 2 400 млрд теңге, 2023 жылға 2 200 млрд теңге, 2024 жылға 2 000 млрд теңге көлемінде бекітуді көздейді. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындауға мүмкіндік беріп, елді дамыту мақсаттарына жауап беретін, пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің күрделі жағдайларын ескеретін етіп жасалған. Бұл ретте – депутаттардың да, Үкіметтің де міндеті бөлінген қаражаттың мақсатты, ашық әрі тиімді игерілуі. Депутаттар үшжылдық бюджет жобасында мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға 79,8 млрд теңге қарастырылғанын, осы қаражат есебінен мүгедек адамдар техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілетініне тоқталды. Олар протездер, арбалар, санаторий-курорттық ем алу. Сондай-ақ 84 мың техникалық компенсаторлық құрал, 9,6 мың есту аппараты, 16 мың тифлотехникалық құрал және басқалары сатып алынатын болады. Депутаттардың пікірінше, 2020 жылдан бері аталған тауарларды сатып алу «Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы» деп аталатын министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылған. Нәтижесінде, адамдар көптеген проблемаға тап болды. Айталық, олар тауарлардың сапасын анықтап, одан келетін қауіп үшін өздері жауап беруі керек. Егер ақаулар табылған жағдайда қайтару мәселесін де өз есебінен шешуі керек. Осы ретте халық қалаулылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысына сапалы жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Сонымен қатар бюджет жобасын талқылау барысында мемлекеттің тұрақты дамуына экономикалық және әлеуметтік ахуалға қатысты сұрақтар жан-жақты қаралды. Нәтижесінде, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдау жөніндегі каулы қабылданды.Ж.НҰРЛАН