Қаржы құжаттарын мақұлдады
Қаржы құжаттарын мақұлдады
140
оқылды

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің тө­рағалығы­мен өткен жалпы отырыста Мә­жіліс еліміздің басты бюджет жобасын мақұлдады.

Коронавирус індеті басталған бір жарым жылдан бері алғаш рет Мәжілістің жалпы отырысы бұрынғы, толыққанды оффлайн фор­матта,  журналистердің қа­тысуымен өтті. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин атап өткен­дей, бұл – өте маңызды сәт. Өйт­кені депутаттардың, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары басшы­ларының тікелей өзара байланысы ашықтық пен қоғамдық сенім­нің артуына ықпал етеді. Депутаттар алдында 2022-2024 жылдарға арнал­ған респуб­лика­лық бюджет және осы жылдарға ар­налған кепілдендірілген трансферт туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық банктің төра­ғасы Ерболат Досаев баяндама жасады. Айта кету керек, 2022 жылға арналған респуб­ликалық бюджет кірістерінің болжамы (трансферттер түсімін есепке алмағанда) 9 207 439 309 мың теңге сомасында айқындалды немесе 1 515 856 222 мың теңгеге асып түсе отырып, биылғы бағалауға қатысты 119,7 %-ды құрайды. 2022 жылға арналған респуб­ликалық бюджет кірістері 2021 жыл бағалауына қарсы 1 518 927 299 мың теңгеге ұлғаяды.  Респуб­ликалық бюджет шы­ғыс­тарының жалпы көлемі 2022 жылы – 15 911 187 727 мың теңге, 2023 жылы – 15 623 261 858 мың теңге, 2024 жылы16 027 581 647 мың теңге со­масында жоспарланған. Cонымен қатар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры­нан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы Ұлттық қордан 2022 жылға арналған респуб­лика­лық бюджетке кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2022 жылға 2 400 млрд теңге, 2023 жылға 2 200 млрд теңге, 2024 жыл­ға 2 000 млрд теңге көлемінде бе­кітуді көздейді. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, алдағы үш жылға ар­налған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеу­меттік міндеттемесін орындауға мүмкіндік беріп, елді дамыту мақсаттарына жауап беретін, пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің күрделі жағдайларын ескеретін етіп жасалған. Бұл ретте – депутаттардың да, Үкіметтің де міндеті бөлінген қаражаттың мақ­сатты, ашық әрі тиімді игерілуі. Депутаттар үшжылдық бюджет жобасында мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға 79,8 млрд теңге қарастырылғанын, осы қаражат есебінен мүгедек адам­дар техникалық оңалту құ­рал­дарымен қамтамасыз етілетініне тоқталды. Олар протездер, арбалар, санаторий-курорттық ем алу. Сондай-ақ 84 мың техника­лық компенсаторлық құрал, 9,6 мың есту аппараты, 16 мың тиф­ло­техникалық құрал және басқа­лары сатып алынатын болады. Депутаттардың пікірінше, 2020 жылдан бері аталған тауарларды сатып алу «Әлеуметтік көрсе­тіле­тін қызметтер порталы» деп аталатын министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылған. Нәтижесінде, адамдар көптеген проблемаға тап болды. Айталық, олар тауарлардың сапасын анық­тап, одан келетін қауіп үшін өздері жауап беруі керек. Егер ақаулар табылған жағдайда қайтару мәсе­лесін де өз есебінен шешуі керек. Осы ретте халық қалаулылары Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің басшысына сапалы жұ­мыспен қамтамасыз ету мә­селесін көтерді. Сонымен қатар бюджет жобасын талқылау барысында мем­лекеттің тұрақты дамуына эко­номика­лық және әлеуметтік ахуалға қатысты сұ­рақтар жан-жақты қаралды. Нәтижесінде, 2022-2024 жылдарға арналған рес­публикалық бюджетті ма­құл­дау жөніндегі каулы қабылданды.

Ж.НҰРЛАН