Қасиет тұнған өлке көркейіп келеді
Қасиет тұнған өлке көркейіп келеді
204
оқылды

Мемлекет басшысы қазақ халқының қасиет тұтқан, аңыз-жырға қосқан, елдіктің ұсты­нына балаған ардақты мекенге, аумағы жөнінен еліміздегі ең ірі облысқа сапар­лап қайтты. Жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне аялдады.

Президентке Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ес­керткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұра­тын кешеннің заманауи технологиялық мүм­кін­діктері мен қордағы құнды жәдігерлер та­ныс­тырыл­ды. Мемлекет басшысы қасиетті тарихи нысанның үне­мі ғалымдар назарында болып, ол туралы дерек­тер ғылыми айналымға түсуі керегіне баса мән бер­ді.
– Келесі жылы шетелдің және еліміздің белгілі ға­лымдарын шақырып, Алтын Ордаға байланысты үл­кен халықаралық конференция өткізуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің туристік әлеуе­ті туралы баяндама жасап, Президентке ку­рорт­тық аймақтар мен тарихи-мәдени кешендерді да­мыту жоспарын ұсынды. Жоспарға сәйкес Ұлытау, Қарқаралы аудандарының, Балқаш қала­сы­ның туризм саласындағы әлеуеті артып, сервистік және туристік инфрақұрылымдары дамитын бо­лады. Осыдан кейін Қ.Тоқаев Жезқазған қаласына ба­рып, өңірдің әлеуметтік дамуы мен минералды-ши­кізат базасын кеңейту жөніндегі «Қазақмыс» кор­порациясының жоспарына қанықты. Жезқазған мен Балқаш өңірлерін дамытудың 2020-2025 жыл­дар­ға арналған бағдарламасы әзірленген. Онда не­гізгі үш бағыт қамтылыпты, бұлар – әлеуметтік қыз­меттердің деңгейін көтеру, инфрақұрылымды же­тілдіру және экономикалық даму. Президентке сумен қамту жобаларын іске асыру перспективасы, білім сапасын жоғарылату, азық-түлік нарығындағы бағаларды тұрақтандыру жө­нін­де айтылды. Сондай-ақ корпорацияның әлеуметтік мін­деттемелерді орындауы және инвестициялық жобаларды іске асыруы жөнінде мәлімет берілді. Жезқазған мен Балқаш өңірлерін өркендетуде еліміздің дамыған аймағы саналатын Алматы қаласы үлгі болмақ. Тоқаев Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Жезқазған қаласын сапалы ауызсумен жаб­дықтаудың қиындықтары туралы хабардар болды. Мәселені шешу үшін Үйтас–Айдос суқұбырын қай­та жөндеуден өткізіп, Қожам­сейіт кен орнында жаңа су құ­бырын салу қажет. Президент Үкіметке және облыс әкімдігіне аталған жобаны 1,5 жыл ішінде жүзеге асыруды тапсырды.
– Зерттеу бағыттарыңыз дұ­рыс. Сумен қамту – шешуді қажет ететін маңызды әлеуметтік мә­селе. Жолдауымда осы туралы айтқанмын. Үкімет тиісті тапсырма алды, әкімдікпен, компаниямен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде, ары кеткенде 1,5 жылда осы мәселені шешуі керек. Азаматтарымызды таза ауызсумен қам­тамасыз етуіміз қажет. Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын! – деді Мемлекет басшысы. 
Қ.Тоқаев азық-түлік бағасы­ның қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
– Бұл, әрине жаһандық на­рық­та болып жатқан күрделі мә­селе. Әлемде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Еліміздегі қордалан­ған мәселелер салдарынан азық-түлік қымбаттап жатыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Проблеманы жүйелі шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағы­нан адамдарды босаң­сытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп ал­дық. Бұл мәселемен түбегейлі ай­налысуымыз керек. Мен Үкі­метке, Ауыл шаруа­шылығы­ның жаңа министріне міндет жүктедім, – деді Президент.
Ол экологияға және ірі кәсіп­орындардың шығаратын зиянды қалдықтарына қатысты мәселеге ерекше назар аударды.
–Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жа­рия­ладық. Экономикамыздың ерек­шелігін және оның құры­лы­мын ескеруіміз қажет. Энергия­ теңгерімінің 70 пайызы көмірге тиесілі екені белгілі. Біз ер­тең бәрін жауып тастап, көмір­тегіден арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорын­дарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегіден арылу бағыты бо­йын­ша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көші­нен қалып қоямыз. Бұл негізгі кәсіп­орын­дардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүктелген аса жауапты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жиынды қорытын­дылай келе, барлық бекітілген бағыт бойынша мемлекет отан­дық жетекші кәсіпорындар­мен бірлесіп, тиісті жұмыстарды белсенді жалғастыруы керек еке­нін айтты. Сапар аясында Мемлекет бас­шысы телекөпір режимінде Қара­ғанды облысының Жәйрем кентінде жаңадан ашылған кен байыту кешенінің жұмысын іске қосты. Кен байыту фабрикасының құры­лысын­да 2 500-ге жуық адам жұ­мыс істеді. Бұл кешен Қазақстанда мырыш пен қорғасын концентраттарын шығаратын ең ірі кәсіп­орын болады. Өндірісте 400 адам жұ­мыспен қамтылады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына аймақ үшін аталған жо­ба­ның маңызы зор екенін жеткізді. Жаңа фабрика шығаратын өнім түрлері көбейеді және өн­діріс көлемі 2,5 есе артып, 5 миллион тоннаға дейін барады. Сондай-ақ өңделген өнімнің экспорты ұлғайып, салық түсімі 1,5 миллиард теңгеге өседі. Бүгінде Қарағанды облысында 2 триллион теңгеден астам қаражатқа 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл 14 жоба іске қосылып, ай­мақ­тың өнеркәсіп кәсіп­орын­дарының инфрақұрылымына тартылатын инвестиция көлемі 230 миллиард теңге болады. Қ.Тоқаев сондай-ақ Жезқаз­ған қаласындағы дарынды бала­ларға арналған, мамандан­дырыл­ған «Өркен» мектеп-интернатына барды.

Айхан ШӘРІП