Атырау шенеуніктеріне не көрінді?
Атырау шенеуніктеріне не көрінді?
680
оқылды

Жақында ғана Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың басы дауға ілікті. Қызмет кезіндегі кемшілігіне байланысты айыпталған шенеунік бюджет қаржысын ысырап еткен көрінеді. Бұл тұста Махамбет Досмұхамбетов өңірге басшы болып келгелі екінші орынбасарының күдікке ілініп жатқанын айта кеткен жөн. Былтыр күзде бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық Құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров ұсталды. Сол кезде «қылмысы дәлелденсе, орнымнан кетемін» деп ақталған әкім енді қайтпек? Әлде қоластындағы шенділерді тезге салар тетік болмай тұр ма?

Таубаев ісі созылып кетті

Соңғы жылдары шенеуніктер көп ұсталып жатқандай әсер қалдырады. Сірә, жемқорлыққа қар­сы күрестің нәтиже бере бас­тағаны деп болжаймыз. Бірақ ұсталған басшы емес, орынбасар көп. Қай кезде де пара алатын орынбасарлар, негізгі басшының бәрі судан таза, сүттен ақ тәрізді. Сосын келіп орынбасарлар тек басшының «артын жабу» үшін келгендей көрінеді. Бәріне күйе жағудан аулақпыз, бірақ қолас­тындағы қызметкері, туысының бірі жемқор атанып жатса, шендінің орнын босатуы дамыған елдерде қалыптасқан үрдіс, оны ешкім ерлікке баламайды. Себебі ел басқарып, белгілі бір саланы немесе аймақты дамытамын деген адамның жан-жағы таза болса керек. 2020 жылы күздің басында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен өңірдің Құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров 182 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталғанын білеміз. Нұрлан Тау­баев осы қызметке былтыр мамыр айында ғана тағайындалған екен. Сол кезде «Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қызметінен кете ме?» деген сауал туындаған. Әкім заңға сай қи­мылдайтынын да айтып қалған болатын.
– Заң бәріне ортақ. Егер орын­­басарымның (Нұрлан Тау­баев) қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шығар болса, өз еркіммен отставкаға кету үшін өтініш жа­зуға дайынмын. Ал әрі қарай ше­шімді Мемлекет басшысы қа­был­дайды, – деген еді Махамбет Досмұхамбетов.
Заң деп сілтеме беріп отыр­ғаны – 2019 жылы желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Респуб­ликасындағы мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес туралы» заңдары. Оған сәйкес, мемле­кет­тік қызметші сыбайлас жемқор­лыққа барса, оның бас­шысы 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Аймақ бас­шы­сының сөзі мен іс-әрекеті сәй­кесе ме, ол алдағы уақыттың еншісінде деп едік. Бірақ Нұрлан Таубаевтың ісі бойынша сот әлі күнге дейін жал­ғасып жатыр. Бірде денсаулығы сыр бергенін, енді бірде басқа дү­ниелерді дәйек еткен экс-ше­неунік әлі күнге дейін «тағылған айыпты мойын­дамаймын» деп отыр. Яғни, сот шешімі шықпаған соң облыс әкіміне де қатысты бір нәрсе ай­ту қиын. Онсыз отставка жай­лы ойламайтын да сыңайлы. Айтпақшы, былтыр Таубаев қамауға алынғаннан кейін бір жайттың басын шалған. Ол өз пікірінде тергеушілер ештеңе түсіндірмей алып кеткенін, Атырау облысының бұрынғы әкімі, кейін Энергетика министрі болып, жуырда Маңғыстауға әкім болып барған Нұрлан Ноғаевпен сыйыспағанын айтқан. Негізі, расымен де Таубаев Ноғаев әкім болып тұрған шақта облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылдың қыркүйек айында өз еркімен отставкаға кетуге арыз жазған екен. Осылай экс-шенеуік ісі көңілге күмән ұялатар біраз жайдың басын ашып кеткен.

Ісінің кем-кетігі бар азамат қызметте қалай өскен?

Енді басы дауға қалған келесі орынбасардың жайына келсек. Қайрат Нұрлыбаев прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қау­лысымен қылмыстық ісі бойынша күдікті деп танылған екен. Ше­неунікке 83,7 миллион теңге кө­леміндегі инвестициялық суб­си­дияларды «Бұйырғын» ауыл­шаруашылық өндірістік коопе­ративіне заңсыз төлеу фактісі бойынша бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылып отыр. Ол қылмысқа әкімнің орын­басары болып тұрған кезде емес, облыстық Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасын басқарып тұрған кезде барған. Тарқатып айтсақ, 2019 жылдың 5 маусы­мын­да басқармаға басшы болып тағайындалған. Ал облыс әкімінің орынбасарлығына биыл қаңтарда отырған. Заңсыздық соның ал­дында болып тұр. Бір қызығы, 2020 жылдың соңында ол Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ретінде БАҚ бри­фин­гінде «Биылғы 10 айда облыс ша­руашылықтары 216 миллион тең­­­генің субсидиясын алды, жыл соңына дейін шаруагерлерге берілетін субсидияның көлемі 260 млн теңгені құрайды» деп мә­лім­деген. Бірақ көріп отырмыз, ши­кілік шықты. Ал облыс әкімі­нің баспасөз қызметі шендіні ақ­тап алуға тырысқандай болып отыр.
«Қ.Нұрлыбаев облыстық Ауыл шаруашылығы басқар­масын басқарып тұрған кезде (аталған лауазымға 2019 жылғы 5 маусымда тағайындалған), яғни 2019 жыл­дың 26 маусымы мен 4 желтоқсаны аралығында ин­вестициялық суб­сидиялау келі­сімшартын жасау және инвес­тициялық субси­дия­ларды тө­леу­ді іске асырған. Бү­гінде «Бұйыр­ғын» кооперативі 83,7 млн теңге көлеміндегі бо­рыш­ын толық өтеді», – дейді.
Не де болса, Нұрлыбаевқа қатысты іс алдағы уақытта қалай өрбитіні беймәлім. Өңір басшысы сол үшін отставкаға кетеді деу қиын. Себебі сылтау дайын – қыл­мысты орынбасар болып тұр­ған кезінде жасамаған. Алайда бізге оның алдындағы кемшілігіне қа­рамастан, не үшін орынбасар етіп тағайындағаны түсініксіз. Бәлкім, ол істен хабарсыз да ­бо­лар. Әйт­кенмен, бұл шенді­лер­ді ақтауға болатын дәйек пе? Әрине, жоқ. Ал Досмұхамбетов­тың орын­басар­ларына не көрі­ніп жүр екен?

Мадияр ТӨЛЕУ