«Қалған өмірім сотпен өтсе де, арыз жазамын» – Өскемендегі ана мен бала өліміне кім кінәлі?
«Қалған өмірім сотпен өтсе де, арыз жазамын» – Өскемендегі ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Фото: КТК арнасынан скриншот
279
оқылды

Қара жамылған отбасы 37 жастағы Айжан Мержақыпованың аяқаясты қазасының себебін біле алмай отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Марқұм әйелдің туыстарының айтуынша, дәрігерлер келіншектің жақындарына оны айтудан бас тартып, мәйітке жасалған сараптама қорытындысын да бермей қойған. Айжан Мержақыпова қайтыс болардан үш күн бұрын ғана Өскемендегі ана мен бала орталығына  жатқызылған. Алайда келіншек босана алмай көз жұмды дегенге туыстары сенбейді. Күйеуінің айтуынша, Айжан Мержақыпованың жүктілігі де қалыпты өткен. Айы-күні жеткен келіншек осыған дейін екі перзентін де өзі босаныпты.

Марқұмның жұбайы Қанат Мержақыпов: «Қабір басында жерлеп болған соң ант бердім. Мен одан қайтпаймын. Қалған өмірім сотпен өтсе де, жазамын. Тоқетерін білмей тыным таппаймын. Мен де, келіншегімнің аруағы да тыным таппайды. Мен сөйтіп ойлаймын», – дейді.

Айжан жүктіліктің 41-аптасында болған. Ол босанар кезде «жанымда бол» деп сіңлісін шақыртыпты. Ол әпкесінің толғақ қысқанда қатты қиналғанын айтады. Тіпті кесарь тілігімен босандырсыншы деп дәрігерлерге өтінген.

Марқұмның сіңлісі Әсем Иманқұлова: «Соңғы рет «Мені құтқар, шамаң жетсе, отаға жібергізші, бірдеңе істеңдерші, менің шамам кетіп қалды» деп өзі айтты», – дейді.

«Егер дәрігерлер дер кезінде кесарь тілігімен босандырғанда аман қалар еді» дейді туыстары. Қиналған кезде келіншектің қан қысымы жоғарылап кеткен. Ана мен бала ота жасап жатқанда көз жұмды. Қара жамылған отбасы олардың ажал құшқанына нақты не себеп болғанын білмей дал. Олар марқұмды жер қойнына тапсырғанымен, мәйітке жасалған сараптама қағазын ала алмай жүр. Ал дәрігерлер әйел мен шақалақтың өмірін сақтап қалу үшін қаладағы білікті мамандардың барлығы жұмылдырылды дейді.

Өскемен қаласының бас гинекологы Марат Көксегенов: «Он бесі күні босануға дайындалды. Ал 16-сы күні босану бөлмесіне ауыстырылды. Алайда жағдайы нашарлап кетті. Қан қысымы көтерілді. Су тапшылығы диагнозы қойылды. Қазір сот медициналық сараптамасы тағайындалды», – дейді.

Сот медициналық сараптамасы шыққан бойда арнайы комиссия құрылып, өлімнің себебін зерттейді. Келіншектің артында екі перзенті қалды.