Қала іргесіндегі саяжайларда тұратын оқушылардың мектепке қатынауы қиын. Бұл – еліміздің әр түкпірінде бар проблема. Бала саны көп болғаннан автобусқа сыймай жатады. Кейбірінде, тіпті бюджеттен автобус бөлу қарастырылмаған. Сондықтан ата-аналар балаларын мектепке көлікпен тасиды. Әрине, ақысы да қалтаға салмақ түсіретіні бар.
АЭС саламыз дейтін елде мектеп тапшы
Алматы облысындағы Іле ауданында, Қызылорда қаласы маңында саяжай көп. Мәселен, Іле ауданында 164 саяжай бар екен. Аталған саяжайларға жақын маңда мектеп болмағаннан, балалар білім ордаларына автобуспен қатынайды. Мысалы, Сокол саяжайында жалпы саны 260 бала күн сайын автобуста қысылып-қымтырылып мектепке баруға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, олар автобус жырын 2014 жылдан бері жырлап жүр. Бірақ оған құлақ асқан бірі жоқ. Оның үстіне, 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар саяжайға мектеп керек-ақ. Алайда тұрғындар саяжай статусы бар аумаққа басшылар мектеп салуға құлықсыз екенін біледі. Мәселен, Facebook қолданушысы Бексұлтан Қарсыбаевтың айтуынша, жердің нысаналы мақсатын әдейі саяжай деп құжат береді. Бұл бір жағынан әкімдік үшін тиімді. Яғни, жол, су, газ және тағы басқа инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге тиісті емес. Тиынның екінші бетінен қарасақ, жауапты орган аталған жерді қомақты қаражатқа сатып отыр. Саяжай тұрғындары аумақта сатылмаған жер қалмағанын, соған қарамастан биліктің назар аударғысы келмейтінін алға тартады. Жағдайды сұрастыра келе, бұл бір ғана Сокол саяжайына қатысты мәселе емесін білдік. Елімізде осындай «тастанды баланың» күйін кешіп жатқан саяжайлар көп. Шенеуніктердің әдеттегідей атын атап, түсін түстегенде ғана жағдайды қолына алатыны бар. Мысалы, саяжай жайлы дау шыққанда сол маңның тұрғыны Гүлнар Аршатпен тілдескенбіз. Сонда ол сағат 11-де мектепке кететін оқушының кешкі сағат 7-де қайтып келетінін, автобус күтумен 6 сағатын жоғалтатынын айтқан-ды. Жоғарыдағылардың автобус бөлеміз дегенімен жүргізуші жалақысының мардымсызынан кез келгені жұмысқа кірісе бермейтінін жеткізді. Арада бірнеше күн өтіп, Алматы облысы әкімдігі мен Білім басқармасына сұрау салғаннан соң, кейіпкеріміз автобустағы орын тапшылығы шешілгендей болғанын атап өтті. «2-3 күн болды автобус соңғы аялдамадан алып кететін болды. Ақылы автобус әр балаға 2 000 теңгеден алады. Тегін автобус та жүріп жатыр. Қазір балалар бұрынғыдай қысылып бармайды. Бұрын 180-нен астам бала бір автобуспен қатынайтын. Бұл мәселені шешкендей көрінді. Бірақ ақырын күту керек. Қараша айында не күтіп тұрғанын білмейміз. Әрине, мәселе түбегейлі шешілсе қуанамыз», – дейді ол. Ал облыс әкімдігі сауалымызға берген жауабында жыл басынан бері тегін тасымалдау жұмысын жүргізу үшін 3 рет электронды конкурс өткізгенін көрсеткен. Алайда конкурсқа ешкім қатыспаған. Содан кейін Междуреченск ауылдық округіне қарасты саяжайлардағы оқушыларды мектепке және кері үйіне дейін тегін тасымалдауды жеке кәсіпкер «Утесинова» жүргізу туралы келісімшарт жасалған. Сонда аталған аймақта орналасқан саяжайлардан 1 347 бала мектепке қатынап оқиды. Олар Іле ауданына қарасты №48, №2, Қарасай ауданындағы Ы.Алтынсарин, Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебіне, А.Байтұрсынұлы атындағы мектепке барады. Бұған жеке кәсіпкер «Утесинованың» қарамағындағы 6 автобус жұмылдырылған. Жыл сайын бала саны өскеннен жауаптылар қосымша автобус бөлу мәселесін қарастырып жатқанға ұқсайды. Білім басқармасындағылар болса, Шабыт ауылында мектеп салынып жатқанын, 2022 жылы тамыз айында пайдалануға берілетінін мәлімдеген. Алайда саяжай тұрғындары Сокол саяжайы мен Шабыт ауылының арасы ұзақ екенін, бұдан қайта айналып автобус мәселесі оралатындарын болжап отыр. Олардың «15 миллион теңгеге пластик қызғалдақ отырғызғанша, 1,5 мың тұрғынға бір мектеп салып бермей ме?» дегеніне үнсіз бас изедік.Халық үніне құлақ түрер ме екен?
Қызылорда іргесіндегі Абай ауылының тұрғыны Зина Күшенбаева да өңірде осындай мәселе барын айтады. «Қанша әкім келіп-кетіп жатыр, біреуінің де проблеманы шешуге қауқары жетпеді. Әйтпесе, ауылымыз қаладан 10 шақырым жерде орналасқан», – дейді ол. Аталған өңірдегі Сабалақ саяжайының тұрғыны Гүлнар Юсупова да Сокол саяжайындағыдай проблема барын, одан бөлек не жол, не су жоғын айтып шағымданды. Жоғарыда Алматыға жақын аумақта саяжай көбін атап өттік. Мысалы, Қарасай ауданы Көкөзек ауылында бір ғана мектеп бар. Ауыл тұрғындары мектепті «резиновый» деп атап кеткен. Себебі сол мектепке Көкөзек-1, Көкөзек-2, Көктоған, Огонек, Ақсеңгір ауылының оқушылары қатынап оқиды. Байқағаныңыздай, мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Бұлар да әкімдіктің жер сатқанда мектеп салу керегін ұмытып кеткеніне қапалы. Бұдан бөлек, Байсерке ауылдық округіндегі саяжайлардың да жағдайы мәз емес. Тұрғындардың айтуынша, Жаңадәуір ауылындағы мектепте оқушылар «4 ауысыммен» оқып жүр. Сұрастыра келе, ауылдағы №5 орта мектепке 12 саяжайдан 181 оқушы қатынап оқитынын білдік. Әдеттегідей, оларды 25 орынды бір автобуспен тегін тасымалдайды. Байсерке ауылына қарасты №9, №12 орта мектеп пен №28 мектеп гимназиясына 16 саяжайдан 386 бала келеді. Ал оларға бөлінгені – 28 және 40 орынды екі автобус. Жалпы, аталған аудан бойынша биыл 8 754 оқушы мектепке тегін қатынап оқиды. Яғни, барлығы 164 саяжайдың 130-ында балаларды мектепке және үйіне тегін тасымалдайды. Аудандағылар да тегін тасымалдауды қажет ететін оқушы санының жыл сайын өсетінін біліп отыр. Сондықтан Іле ауданындағы білім бөлімі Алматы облыстық Білім басқармасына 100 автобус сатып алу үшін бюджеттік өтінім жолдаған. Алайда тұрғындар ауданға автобустан бұрын балалар емін-еркін білім алатын мектеп салу керегін айтады. Ал Қарғалы кенті, Наурыз ауылында тұратын Гүлдарай Қожағалиева болса, балаларды мектепке апаратын автобус жоғын, барып-қайтуы үшін жеңіл көлікке 300 теңгеден төлейтінін жеткізді. Автобус болмаған соң күнде ертерек жолға шығып, көлік күтетіндерін қосты. Байқағанымыз, өңірлерде, тіпті үлкен қалаларда мектеп мәселесі шешімін таппай отыр. Осыған қарап «100 мектеп, 100 аурухананың» қайда салынғанын, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту сериясымен кәсіпкерлердің не істеп жатқанын білгің келеді екен.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ