Біріне мектеп, біріне автобус керек
Біріне мектеп, біріне автобус керек
340
оқылды

Қала іргесіндегі саяжайларда тұратын оқушылардың мектепке қатынауы қиын. Бұл – еліміздің әр түкпірінде бар проблема. Бала саны көп болғаннан автобусқа сыймай жатады. Кейбірінде, тіпті бюджеттен автобус бөлу қарастырылмаған. Сондықтан ата-аналар балаларын мектепке көлікпен тасиды. Әрине, ақысы да қалтаға салмақ түсіретіні бар.

АЭС саламыз дейтін елде мектеп тапшы

Алматы облысындағы Іле ауда­нында, Қызылорда қаласы маңын­да сая­жай көп. Мәселен, Іле ауда­нын­да 164 саяжай бар екен. Атал­ған сая­жайларға жақын маңда мек­теп бол­мағаннан, балалар бі­лім орда­ларына автобуспен қа­ты­найды. Мы­салы, Сокол саяжайын­да жал­пы саны 260 бала күн сайын ав­то­буста қысылып-қымтырылып мек­тепке баруға мәжбүр. Тұрғын­дардың айтуын­ша, олар автобус жырын 2014 жыл­­­­дан бері жырлап жүр. Бірақ оған құлақ асқан бірі жоқ. Оның үс­ті­не, 1,5 мыңнан ас­там тұрғыны бар саяжайға мектеп керек-ақ. Алай­да тұрғындар сая­жай статусы бар аумаққа басшылар мектеп салу­ға құлықсыз екенін бі­леді. Мәселен, Facebook қол­данушысы Бексұлтан Қарсыбаев­тың айтуын­ша, жердің нысаналы мақ­сатын әдейі саяжай деп құжат бере­ді. Бұл бір жағынан әкімдік үшін тиімді. Яғни, жол, су, газ жә­не та­ғы басқа инфрақұрылым­мен қам­тамасыз етуге тиісті емес. Тиын­­­­­ның екінші бетінен қарасақ, жауап­­ты орган аталған жерді қо­мақты қаражатқа сатып отыр. Саяжай тұрғындары ау­мақта са­тыл­маған жер қалма­ғанын, соған қарамастан биліктің назар аудар­ғысы келмейтінін алға тартады. Жағдайды сұрастыра келе, бұл бір ғана Сокол саяжайына қатысты мәселе емесін біл­дік. Елімізде осындай «тастанды бала­ның» күйін кешіп жатқан саяжайлар көп. Шенеуніктердің әдеттегідей атын атап, түсін түстегенде ғана жағдайды қо­лына алатыны бар. Мысалы, саяжай жайлы дау шыққанда сол маңның тұрғыны Гүлнар Аршатпен тіл­дес­кенбіз. Сонда ол сағат 11-де мектепке ке­тетін оқушының кешкі сағат 7-де қайтып келетінін, автобус күтумен 6 сағатын жо­ғалтатынын айтқан-ды. Жоға­рыдағылардың автобус бөлеміз дегенімен жүргізуші жала­қы­сының мардымсызынан кез келгені жұ­мысқа кірісе бермейтінін жеткізді. Арада бірнеше күн өтіп, Алматы облысы әкімдігі мен Білім басқармасына сұрау салғаннан соң, кейіпкеріміз автобус­тағы орын тапшы­лығы шешілгендей болғанын атап өтті. «2-3 күн болды автобус соңғы аялдама­дан алып кететін болды. Ақылы автобус әр балаға 2 000 теңгеден алады. Тегін автобус та жүріп жатыр. Қазір балалар бұрынғыдай қысылып бармайды. Бұрын 180-нен астам бала бір автобуспен қатынайтын. Бұл мәселені шешкендей көрінді. Бірақ ақырын күту керек. Қараша айында не күтіп тұрға­нын білмейміз. Әрине, мәселе түбегейлі шешілсе қуанамыз», – дейді ол. Ал облыс әкімдігі сауалымызға берген жауабында жыл басынан бері тегін тасы­малдау жұмысын жүргізу үшін 3 рет элек­тронды конкурс өткізгенін көрсеткен. Алай­да конкурсқа ешкім қатыспаған. Со­дан кейін Междуреченск ауылдық округіне қарасты саяжайлардағы оқушыларды мек­тепке және кері үйіне дейін тегін тасы­мал­дауды жеке кәсіпкер «Утесинова» жүргізу туралы келісімшарт жасалған. Сонда атал­ған аймақта орналасқан саяжайлардан 1 347 бала мектепке қатынап оқиды. Олар Іле ауданына қарасты №48, №2, Қарасай ау­данындағы Ы.Алтынсарин, Шамалған бе­кетіндегі жаңа қазақ орта мектебіне, А.Бай­тұрсынұлы атындағы мектепке барады. Бұған жеке кәсіпкер «Утесино­ваның» қарамағындағы 6 автобус  жұмыл­дырылған. Жыл сайын бала саны өскеннен жауаптылар қосымша автобус бөлу мәсе­лесін қарастырып жатқанға ұқсайды. автобус оқушылар Білім басқармасындағылар болса, Ша­быт ауылында мектеп салынып жатқанын, 2022 жылы тамыз айында пайдалануға бе­рілетінін мәлімдеген. Алайда саяжай тұр­ғын­дары Сокол саяжайы мен Шабыт ауы­лы­ның арасы ұзақ екенін, бұдан қайта айналып автобус мәселесі оралатындарын болжап отыр. Олардың «15 миллион теңгеге пластик қызғалдақ отырғызғанша, 1,5 мың тұрғынға бір мектеп салып бермей ме?» дегеніне үнсіз бас изедік.

Халық үніне құлақ түрер ме екен?

Қызылорда іргесіндегі Абай ауылының тұрғыны Зина Күшенбаева да өңірде осын­дай мәселе барын айтады. «Қанша әкім ке­ліп-ке­­тіп жатыр, біреуінің де проблеманы шешуге қауқары жетпеді. Әйтпесе, ауылы­мыз қаладан 10 шақырым жерде орналас­қан», – дейді ол. Аталған өңірдегі Сабалақ саяжайының тұр­ғыны Гүлнар Юсупова да Сокол саяжа­йын­дағыдай проблема барын, одан бөлек не жол, не су жоғын айтып шағымданды. Жоғарыда Алматыға жақын аумақта саяжай көбін атап өттік. Мысалы, Қарасай ауданы Көкөзек ауылында бір ғана мектеп бар. Ауыл тұрғындары мектепті «резино­вый» деп атап кеткен. Себебі сол мектепке Көкөзек-1, Көкөзек-2, Көктоған, Огонек, Ақсеңгір ауылының оқушылары қатынап оқиды. Байқағаныңыздай, мектеп үш ауы­сымда жұмыс істейді. Бұлар да әкімдіктің жер сатқанда мектеп салу керегін ұмытып кеткеніне қапалы. Бұдан бөлек, Байсерке ауылдық окру­гіндегі саяжайлардың да жағдайы мәз емес. Тұрғындардың айтуынша, Жаңадәуір ауы­лындағы мектепте оқушылар «4 ауысым­мен» оқып жүр. Сұрастыра келе, ауылдағы №5 орта мектепке 12 саяжайдан 181 оқушы қатынап оқитынын білдік. Әдеттегідей, олар­­ды 25 орынды бір автобуспен тегін тасы­­малдайды. Байсерке ауылына қарасты №9, №12 орта мектеп пен №28 мектеп гим­назия­сына 16 саяжайдан 386 бала келеді. Ал оларға бөлінгені – 28 және 40 орынды екі автобус. Жалпы, аталған аудан бойынша биыл 8 754 оқушы мектепке тегін қатынап оқиды. Яғни, барлығы 164 саяжайдың 130-ында балаларды мектепке және үйіне тегін та­сымалдайды. Аудандағылар да тегін тасы­малдауды қажет ететін оқушы санының жыл сайын өсетінін біліп отыр. Сондықтан Іле ауданындағы білім бөлімі Алматы облыстық Білім басқармасына 100 автобус сатып алу үшін бюджеттік өтінім жолдаған. Алайда тұрғындар ауданға автобустан бұрын балалар емін-еркін білім алатын мектеп салу керегін айтады. Ал Қарғалы кенті, Наурыз ауылында тұратын Гүлдарай Қожағалиева болса, бала­ларды мектепке апаратын автобус жо­ғын, барып-қайтуы үшін жеңіл көлікке 300 теңгеден төлейтінін жеткізді. Автобус болмаған соң күнде ертерек жолға шығып, көлік күтетіндерін қосты. Байқағанымыз, өңірлерде, тіпті үлкен қалаларда мектеп мәселесі шешімін таппай отыр. Осыған қарап «100 мектеп, 100 аурухананың» қайда салынғанын, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту сериясымен кәсіпкерлердің не істеп жатқанын білгің келеді екен.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ